Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Dolce farm тәулігіне 70 мың дана медициналық маска дайындайды

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысының аумағында жұқпалы індетпен күрес шаралары күшіне енді. Талапқа сай енді адамдардың көшеде, жұмыс орындарында медициналық маска тағып жүруі міндеттелді. Бұл тәртіп қоғамдық көлік пен жеке көліктегі жолаушыларға да ортақ. Ал бұл жағдайда бетпердеге деген сұраныс артатыны анық. Қазірдің өзінде облыс аумағында маска тапшылығы байқалуда.

Dolce farm тәулігіне 70 мың дана медициналық маска дайындайды

Әрине, облыстағы өндіріс орындары медициналық маска өндіріп жатыр. Барлық аудандарда  да еріктілердің бастамасымен маска тігу ісі қолға алынып, тұрғындарға тегін таратылуда. Әкімдіктің ынталандыруымен жеке адамдар көп ретті тұтынуға болатын маска тігіп, тиімді бағамен сатуды жолға қойған. Тегін таратылатын маска саны да артып келеді. Мұндай көмек бірінші кезекте әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы мүшелері мен атқарушы қызметте жүрген мамандарға көрсетіліп жатыр. Мысалы, тек бір ғана Қаратал ауданының өзінде шағын бизнес өкілдері, білім мекемелері мен еріктілер өз күштерімен тәулігіне 3 мыңдай көп рет пайдаланатын маска тігіп отыр. Бұл жұмыс Іле ауданында да жолға қойылған, онда бір тәулікте 20 мың маска дайындалуда. Ал Талдықорғанда жекеменшік аптеканың басшысы 5 мың масканы халыққа тегін таратқан.

Жақында облыс басшысы Амандық Баталов маска тігуге шағын бизнес нысандарына мемлекеттік тапсырыс беру жолын ойластыруды қарастырып, жеке гигиеналық құралдармен тұрғындарды жеткілікті мөлшерде қамтамасыз ету мәселесін одан әрі ширатуды тапсырған болатын. Ал қазір Алматы облысында тәулігіне әзірге 136 мың маска шығарылуда.

Медициналық маска өндірісін жолға қойған кәсіпорының бірі Іле ауданындағы Dolce farm компаниясы. Серіктестік тәулігіне 70 000 дана бетперде дайындап, шығаруда. Аймақтағы медицина мекемелерін бетпердемен қамтып отырған кәсіпорын қайырымдылық жасауға да белсене кірісті. Алматы облысының аумағында жұқпалы індетпен күрес шаралары күшейгелі бері Dolce farm бір ғана Талғар ауданына 17 000 дана бетпердені тегін беріпті.

-  Облыста маска тапшылығын болдырмау үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Соның ішінде «Долче фарм» серіктестігінің өндірісі тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 75 мың данаға дейін бетперде шығаруға қуаты жетеді. Күні кешеге дейін 159 мың дана медициналық масканы қабылдап алдық, - дейді Алматы облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациалық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев.