Коронавирус • 02 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында коронавирус бойынша тағы 2 жағдай анықталды

786 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында шұғыл брифинг өткізіп, өңірде коронавирус індетін жұқтырған тағы 2 адам анықталғанын жеткізді.

Жамбыл облысында коронавирус бойынша тағы 2 жағдай анықталды

Індетті жұқтырған Тараз қаласының 41 жастағы тұрғыны «Қызылорда-Көкшетау» бағытындағы пойызда Түркістан облысының тұрғынымен байланыста болған. Бүгінде олармен байланыста болған 8 адам карантин бөлімшесіне жатқызылып, коронавирус инфекциясына қан талдауы алынған. Сонымен қатар «Қызылорда-Көкшетау» бағытындағы пойызда Түркістан облысының аталған тұрғынымен байланыста болған 7 жолаушы карантинге жатқызылған. Бірақ олардың қан талдауы теріс нәтиже көрсеткен.

Ал, екінші науқас 1991 жылы туған Жамбыл облысының тұрғыны. Ол 30 наурыз күні облысқа Ресей Федерациясынан іссапармен келген. Аталған тұрғын келген сәтінде-ақ карантинге жатқызылған. Оның сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін инфекциялық стационарға ауыстырылған. Марат Жұманқұлов тіркелген 2 науқастың да жағдайының қанағаттарлық екенін атап өтті. Сондай-ақ хаттамаға сәйкес ол азаматтар қажетті ем алып жатыр екен. Сонымен қатар Марат Жұманқұлов санитарлық-эпидемиялық қызметтер науқастардың тұрған жерлері мен болған орындарындағы ошақтарда дезинфекция жұмыстары жүргізілгенін де айтты. Бүгінде облыста 165 адам стационарлық карантинде болса, 533 тұлға үй карантинінде.

Осы уақытқа дейін Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру бойынша 3 жағдай тіркелген болатын. Індет белгілері Қырғыз Республикасынан келген Шу және Қордай ауданының тұрғындарынан анықталған еді.

 

Жамбыл облысы