Қылмыстың алдын алу мақсатында Түркістан қаласының полиция басқармасында бұрын сотты болғандар санатының тізімдік есебінде тұрған азаматтарға учаскелік полиция инспекторлары криминалды полиция қызметкерлерімен бірлесіп, профилактикалық жұмыстар жүргізген. Екі айда өткізілген 23 рейдтік шара да қылмыс санын азайтуға септігін тигізген. Атап айтсақ, қарақшылық – 100 пайызға, тонау – 55,6, бұзақылық – 27,3, ұрлық – 19,6 пайызға төмендеген. Бұл деректерді қала әкімі Р.Аюповтың төрағалығымен өткен апталық мәжілісте жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы А.Тоқбергенов мәлім етті.
Дегенмен, жыл басынан бері қоғамдық орынға мас күйінде келу, бүлдіру, ластау, түнгі тыныштықты бұзу, белгіленбеген орында темекі шегу сынды заң бұзушылықтар жиі анықталған. Бұл орайда ұрлық көп жасалатын орындар, жол ережесі жиі бұзылатын көшелер анықталып, ол жерлерге бейнекамералар орнатылатын болады. Апталық мәжілісте қала әкімі Р.Аюпов жергілікті полиция қызметінің атқарған жұмыстарына көңілі толмайтынын айтып, тиісті қорытынды шығару қажеттігін ескертті.