Қоғам • 02 Сәуір, 2020

Алматы: Қартайған әке-шешені қолға алуға кеңес берді

3054 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін түстен кейін қала әкімдігінің баспасөз орталығында Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановтың қатысуымен онлайн брифинг өтті.

Алматы: Қартайған әке-шешені қолға алуға кеңес берді

Қожағапанов тұрғындардан ең жиі келіп түсетін сұрақтарға жауап берді. Мәселен, карантин режимінің күшейтілуіне байланысты, алматылықтар күнделікті ең қажетті заттарды жаяу баратын жерден ғана алып келуге тиіс. Сол сияқты көлік қозғалысы да шектелген. Алайда, Алматыда қартайған әке-шешесінен бөлек тұратындар баршылық екен. Сондықтан да қарт кісілерге тамақ, дәрі-дәрмек апарып беру, күнделікті қажет заттармен қамтамасыз ету мәселесі бар.

Қысқасы, алматылықтар «Қаланың басқа аймағында тұратын қарт туыстарға көмектесуге бола ма?» деген сұрақты жиі қояды.

Қала әкімінің бірінші орынбасары мұндай жағдайларда азаматтарға қарт және күтімді қажет ететін туыстарын карантин уақытында өз үйіне көшіруді ұсынды. Қазір егде жастағы адамдар ерекше қорғауды қажет етеді. Өйткені, олардың иммунитеті әлсіз.

«Сондықтан қажет нәрсенің бәрін сатып алып, карантин соңына дейін қарт адамдардың жанында болу керек, олардың басқалармен байланысын азайтқан дұрыс. Егер бұл мүмкін болмаса, қалада мұқтаж адамдарға көмек көрсететін еріктілер штабы жұмыс істейді. Еріктілер штабының телефоны – 279-16-91», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

«Адамдар үйден қаншалықты алыс кеткенін қалай анықтайды? Себебі көп адамдар тіркелген мекен-жайда тұрмайды ғой» деген сауалға: «Сіздің тұратын жеріңіз бен қозғалатын жеріңіз арасындағы қашықтық электронды карта және қала тұрғындары кеңінен пайдаланатын қосымшалар арқылы өлшенеді. Тіркеуге келер болсақ, сіз қазіргі таңда нақты тұратын жеріңізге онлайн режимінде уақытша тіркеле аласыз», – деп жауап берді Ерлан Тоқтарханұлы.