Қоғам • 02 Сәуір, 2020

Елімізде көлік бағыттарының онлайн картасы әзірленді

147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Президент  жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың қатысуымен  брифинг өтті. Брифингте «COVID19» коронавирустық инфекциясын таратпау бағытында министрлік атқарып жатқан шаралар кеңінен сөз болды. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде көлік бағыттарының онлайн картасы әзірленді

Министрлік «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, «Көлік бағыттарының онлайн картасын» әзірлеген. Осы картаның көмегімен онлайн режимде көлік қатынастарын қарап отыруға болады. Карантин енгізілген қалалар қызыл түспен белгіленген.  

Теміржол көлігі саласында ел аумағында төтенше жағдай және жекелеген қалаларда карантиндік режим енгізілген сәттен бастап Қазақстан аумағына бағытталған көрші теміржол әкімшіліктерінің барлық халықаралық пойыздары, «ҚТЖ» ҰК» АҚ халықаралық жолаушылар және қаламаңы пойыздары тоқтатылды. 

Еліміз бойынша қатерлі дертті жұқтырғандар санының артуына байланысты әкімдіктер теміржолмен тұрғындар қозғалысын қосымша шектеу бойынша шаралар қабылдады. Теміржол шаруашылығы қызметкерлерін тасымалдауға арналған пойыздарды қоспағанда Қазақстан аумағында қатынайтын барлық теміржол жолаушылар пойыздары тоқтатылды. Жалпы алғанда, 133 жұп жолаушылар және қаламаңы пойыздарының жүруі шектеліп, қалған 24 пойыз бойынша барынша сақтық шаралары қабылданады. Хабарласқан күніне қарамастан жолаушыларға сатып алған билеттерінің құны толық көлемде қайтарылады.   

Автомобиль көлігінің барлық түрлерімен Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолиямен екіжақты жолаушылар және жүк тасымалдау, оның ішінде 117 тұрақты бағыт, сондай-ақ транзиттік жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Бірақ, бұл тыйым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылатын халықаралық қатынастағы жүк автокөлігі құралдарымен жүк тасымалдауға таралмайды.      

Сондай-ақ, өңірлерде карантин енгізілгенге дейін және кейін автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдауды шектеу бойынша ұсыныстар берілді. Ол автовокзалдар, автобекеттер мен жолаушыларға қызмет көрсету тіректері жұмысын, қалалық тасымалды қоспағанда автокөлікпен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтату; тұрақты қалалық және қаламаңы автобус тасымалын 50%-ға және одан көп көлемде, сондай-ақ олардың тұрақтылығын шектеу; тұрақты қалалық және қаламаңы автобус тасымалының күн сайынғы жұмыс уақытын карантин енгізілген өңірлерде сағат 19-00-ге дейін, өзге өңірлерде сағат 21-00-ге дейін шектеу; қалалық және қаламаңы тасымалындағы автобус салондарында дезинфекция жасау жиілігін арттыру, қалаішілік такси тасымалын шектеу сияқты шараларды қарастырады.       
  
Теңіз көлігі бойынша ағымдағы жылғы 5 наурыздан бастап Ираннан келетін жүк автокөлік құралдарын Ақтау және Құрық порттары арқылы өткізу тоқтатылды. 16 наурыздан шетелдерден қайтып келе жатқан қазақстандық азаматтарды қоспағанда Ақтау және Құрық порттары арқылы жолаушылар тасымалдау толықтай тоқтатылды. Сондай-ақ, теңіз порттарына кіру кезінде шет ел кемелерінің экипаж мүшелерінің жағаға шығуына тыйым салынды. Бүгінгі таңда порттарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр. Портқа келетін жүк автокөліктерінің барлығына дезинфекция жүргізіледі. Маңғыстау облысы әкімдігінің шешіміне сәйкес ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап порттардан шығатын транзиттік жүк автокөліктерін шекараға дейін шығарып салады.