Экономика • 02 Сәуір, 2020

Алматы мен елдің батыс аймақтары түшкірсе, қалған өңірлердің өкпесіне суық тиеді

182 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше қазақстандық сарапшылардың бір тобы «Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының экономикасы қай сегменттен соққыны көбірек сезеді» деген тақырыпта  онлайн жүйесі бойынша ой бөлісті. 

Алматы мен елдің батыс аймақтары түшкірсе, қалған өңірлердің өкпесіне суық тиеді

«Ekonomist.kz онлайн-жобасының жетекшісі Қасымхан Қаппаров Алматы мен еліміздің батыс облыстары  қатар республикалық бюджеттің тұрақты доноры екенін еске салды. Егер батыс аймағы  мұнайдан түсім түсірсе, Алматы  қызмет көрсету секторынан қаржыландырады. Ел бюджетінің қос қанаты – осылар.  «Алматы мен елдің батыс аймақтары түшкірсе, қалған өңірлердің өкпесіне суық тиеді. Сондықтан, біз ең алдымен донор аймақтардың тым қатты шаршап қалмауын барынша қадағалауымыз керек» дейді жиынға қатысқан сарапшылар.     

Алматы оқшауланған күннен бастап республикалық бюджеттің қомақты бөлімінің кесіліп қалатыны бұған дейін де белгілі болаты.  Нұр-Сұлтанның жабық болуы  мемлекеттік органдардың қызметіне әсер етеді. Карантиннің мерзімі ұзарған сайын, экономиканың қалпына келуі де баяулайды» деп атап өтті Қаппаров.

Сарапшылар жағдай  тұрақтамаса елдің басты донорлары осыған дейінгі  мүмкіндігінің тең жартысын жоғалтатынын айта бастады. «Қарапайым экономиканың» мүмкіндіктерін әртараптандыратын кез келді: Ендігі беталысты мүмкіндікті кімнің қалай пайдалана алатыны анықтайды.

CEX.IO брокерінің деректерді талдау бөлімінің бастығы Юрий Мазур қалалардағы мемлекеттік мекемелердің жабылуы қазынаға түсетін салықты азайтқанын айтып өтті. Бұған дейін ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «бірінші тоқсанға республикалық бюджетке 350 миллиардтан кем қаражат түседі»  деп болжаған болатын.

Келесі соққы туристік және көліктік компанияларға тиесілі, өйткені оқшаулану автобус, троллейбус және метро қызметтерін тұтынуды азайтады. Бұл құрылыс бизнесі үшін де қиын болады. Импортты шектеу іс жүзінде құрылыс материалдарының жетіспеушілігінен құрылыстың тоқтап қалуына  себеп болды.

«Қазір экономика ғана емес, халықтың психологиясы коронавирустың шеңгеліне шырмалып тұр. Тұрғындар арасында дүрбелең күшейіп барады. Адамдар көп мөлшерде азық-түлік сатып сатып алу үшін соңғы тиындарын да жұмсай. Тіпті ТМД көлемінде қарақұмық пен дәретхана қағазына сұраныс арта бастады.  Депозиттен алынған қаржы көлемі де өсіп барады. Бұл елдің қаржы жүйесіне үлкен соққы» дейді  Мазур.

Мазур сонымен қатар карантин енгізілгендіктен, Алматы мен Нұр-Сұлтанда  бөлшек сауда түрлері  30-80 пайызға төмендегенін атап өтті.

Көптеген шағын кәсіпорындар жалдау ақысын төлеуді тоқтатты және жұмысшыларды ақы төленбейтін демалысқа жіберіп, қызметкерлерінің санын қысқартуға көшті. 

«Бұл проблеманы Алматы ғана бастан кешіп жатқан жоқ.  Мәскеу  карантиннің енгізілуіне байланысты үлкен шығындарға ұшырайды. Мәскеу облысындағы сауда орталығының тоқтап қалуынан  иелері  78 миллион рубль (Ұлттық банктің бағамы бойынша 443,82 миллион теңге) шығынға батты. Нұр-Сұлтан үшін сауда орталықтарының тоқтап қалуының бір күні миллион шығынға айналады. Ең үлкен сауда-ойын-сауық орталығы MEGA үшін бір айдың тоқтап қалуы 1,5 миллиард теңге шығын әкеледі» деді ол сөзін түйіндеп.  

Нұр-Сұлтан  қаласының шығыны  тәулігіне – 840 миллион теңгеге және тоғыз айда – 230 миллиард теңгеге жетеді.

Еске салсақ, 2019 жылы мемлекеттік бюджетке 9,7 трлн теңге салықтар мен төлемдер түскен. Табыстың ең көп көлемін Алматы, Атырау облысы және Нұр-Сұлтан қамтамасыз етті.

 

АЛМАТЫ