Спорт • 03 Сәуір, 2020

Сырты бір қоңыр бағлан, іші бір кекті қабылан

903 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бокс спортында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов тірі болса ертең, яғни 4 сәуірде қамал алар 40 жасқа толар еді. Әттең, дүние-ай! Аққан жұлдыздай жарқ етті де, жоқ болды. Осы орайда, қазақтың батыр ұлының туған күніне орай мақала жариялап отырмыз.

Сырты бір қоңыр бағлан, іші бір кекті қабылан

Ақсұңқар құстың баласы...

Сол бір күндер есіме түссе, көңілді қуа­ныш кернейді. Күздің қоңыр салқын лебі біліне бастаған, қыркүйектің соңғы күн­дері болатын. Арқаның аптап ыстығы қайтып, терістен лобыта соққан даланың жұ­мақ самалы жүз шарпып, жаз бойы жа­сыл түске малынған жапырақтардың жие­гіне сарыжағал рең жүгірген жылымық күн­дердің бірі-тін. Сонау дүниенің бір бұры­шын­да, яғни қаңқылдап ұшқан сарыала қаз­дың қанаты талатын шексіз қиырда, жаға­сына жүз жыл жүзіп жете алмайтын көк мұхиттың арғы жағында, ойпатында кенгуру жүгірген жасыл құрлықта жазғы Олимпия ойындары өтіп жатқан.

Мұхиттың арғы жағынан дүркін-дүркін хабарлар легі толассыз ағылуда. 2000 жылғы қыркүйектің 27-ші жұлдызында: «Ойбай, Ольга дейтін желаяқ қыз кедергіден қарғып жарысып, алтын медаль алыпты...». Қыркүйектің 29-шы жұлдызы: «Сүйінші, қазақ, төрт бірдей боксшы финалға шықты». «Я, Құдай, ақсарбас, кімдер екен?». «Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдәбеков, Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов».

Осындай жағымды жаңалықты естіп, қуанғандықтан болар қойын дәптеріме:

Арғымақ атқа ер салған,

Андыздап, қиқу жар салған,

Тебінгі толы тер аққан,

Соққысын қардай боратқан,

Ерекше Алла жаратқан,

Толғап тартып жұдырық,

Әлемді жалт қаратқан,

Қазақтың батыр-серісі,

Намыстың жалау жеңісі,

Төрде тұрған төрт қазақ

Ғасырдың тарлан бөрісі... – деп жазыппын.

Құдай-ау, мына жаңалыққа қуанбаған қазақ­тың жүрегі сірә, тас шығар. Бұл өзі төрт жылда бір өтетін ғаламдық аламан жарыс болса, оған жұмыр жердің мен­мін деген мықтылары қатысып жатса, әсіресе, боксқа жуан жұдырығын білеп келген сайдың тасындай жүздеген сайып­қы­ран­ның ішінен бір уыс қазақтың төрт азаматы шаршы топта томаға сыпырып, атақты Ақтамберді жырау айтқандай:

Ақсұңқар құстың баласы,

Түсер болса егеске,

Бізге де сауға демес пе... – деп, жаланып тұрса, қалай қуанбайсыз.

Айт­пақшы, тарихты ақтарсақ: бұдан бұрын да осыған ұқсас оқиға орын алған. 1984 жылы бокстан Ташкент қаласында өткен КСРО чемпионатында төрт қазақ: Кәрімжан Әбдірахманов, Серік Нұрқазов, Серік Қонақбаев, Асылбек Қилымовтар фи­налға шығып, төртеуі де чемпион атан­ған. Қазіргінің тілімен айтқанда, сол жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойын­дарының жолдамасына ие болған. Бірақ социализм мен капитализмге бөлі­ніп, сүзісіп тұрған саясат бұ­лар­дың жолын жапты.

Дегенмен орнында бар оңалады екен, ара­да аттай 16 жыл өткенде, қазақ­тың төрт баласы КСРО-ны былай тастап, әлем­­нің маңдай алдына шықты. Нәти­же­сін­де, жасы жиырмаға жаңа толған боз­жі­гіт Бекзат Саттарханов қазақ спорты тари­­хында бокстан тұңғыш Олимпиада чем­пионы атанды.

 

Қарашықтардан құлаған қайғы...

Қазір жоғарыдағы оқиғаны сағына еске аламыз. Алтын тұғырға көтеріліп, та­рих­тың жаңа парағын ашқан бозжігі­ті­міз бозамық таңда бозжорғасына мініп, бақи­ға қарай сапар шекті. Артында бозарып жұрты қалды, бұлқынып ұлты қал­ды, бусанып бұлты қалды, бұлдырап тұр­қы қалды... Бекзат батыр дүниеден озды деген хабарды естігенде, бір ақын қарындасымыз былай деп жырлаған екен:

Түн құрсауына тұтылып кеттің,

Тұманға мәңгі жұтылып кеттің,

Кіршіксіз жанға дақ салғың келмей,

Жалғаннан ерте құтылып кеттің.

 

Неге өйтті екен құдірет мынау,

Жалғаннан жайнап күліп өттің-ау,

Қараңғы түнде қақ жарып ағып,

Жүрегімізді тіліп өттің-ау!

 

Өксіді халық, шерленді налып,

Жайдары жүзің жерге енді ме анық?!

Қарашықтардан құлаған қайғы,

Жатыр ма, қалқам, кеудеңді қарып.

Еңіреп Ертіс, егілді Есіл,

Табытқа қимай, тебіне ме Сыр,

Жаратқан Аллам, өзің қолдап,

Бекзатты пейіш төріне көшір...

Осылай тағдырдың жазуымен, Алла­ның әмірімен, Бекзат батыр Олим­пиа­да шыңын бағындырып келіп, мың­жыл­дықтардың тоғысында, яғни 2000 жылдың соңғы күні ортамыздан озды. Бірақ бізге оның жанқияр ерлігі мұра болып қалды. Бұл ерлік әлі талай жастың ұранына айналар, талай ақынның жыр-әніне айналар, талай тарланның тұрағына ай­налар, талай таланттың бұлағына айналар, елім деп еміренген ұлан болса, өшпес шам-шырағына айналар... Ол күндер әлі алда!

 

Болаттың асыл сынығы...

Бекзат анадан батыр болып ту­ған жоқ. Жастайынан шыңдалды, шы­нық­ты, қара терін төкті, күндіз отыр­мады, түнде ұйықтамады, қаймана қазағы үшін намыстың қайрағына, ұлтының байрағына айналды... Он үш жасында өзі туып-өскен Түркістан қаласында бокс­тың қол­ғабын қолына киді. Тума талант айна­ласы бірер жылда жабағы жүнін ерте тас­та­ған құла тайдай құлпырып шыға келді. Қанаты ерте қатайған бала қыран­дай топшысын түйді. Сөйтіп, дүр сілкінді.

1995 жылы 15 жа­сын­­да Кентауда өткен танымал бокс­шы Қанатбек Шаға­таев­­тың жүлдесі жолындағы жарыс­та тұсауы кесілді. Келесі 1996 жылы жас­өс­пірімдер арасында облыс чемпионы ата­нып, Қостанайда жала­уын көтерген рес­пуб­ликалық мектеп оқушылары спартакиадасында топ жарды. 1998 жылы жастар арасында ел чемпионы атанып, қарымына арыны қосылды, бала жігіт рингте бұлаң жүріспен жас жолбарыстай жосылды.

Жосылған күйі Аргентинада өткен бокс­тан жастар арасындағы әлем бі­рін­ші­лігіне барып тізгін тартты. Сал­мағы – 54 келі. Бұл 1998 жылы болатын. Зарына кірген Бекзат бала әуелі италиялық бокс­шы Мичел ди Анджелоны жеңді. Одан кейін швед жігіті Патрик Богермен қол­ғап түйістірді. Оған 13 дүркін дәл соққы жұм­сап, 13:1 есебімен «есің барда – еліңді тап» деп рингтен түсірді. Ширек фи­налда Кубаның қабыланы Гильермо Ригондоны аямай сабады. Есеп 5:1.

Гильермо Ригондо құдайынан «Бек­зат­тан құтқар» деп тілеген болуы керек, біздің бала кешікпей 57 келіге салмақ ауыс­ты да, 54 келіде отырып қалған кубалық осы салмақта екі дүркін (2000, 2004) Олимпиада және екі дүркін (2001, 2005) әлем чемпионы атанды. Шіркін біздің Бекзат аман болғанда мына куба­лық­тан кем түспес еді-ау...

Бекзат жартылай финалда неміс Хамиси Дюрстті 8:3 есебімен есеңгіретіп, шешу­ші шайқаста Украина боксшысы Сервин Сүлеймановтан ұтылды. Осылай әлем бі­ріншілігінің күміс медаль қан­жы­ға­лап қайтты.

 

Қабылан айбат шегеді...

Бекзаттың өмірдегі болмысы жайлы сыр­лас ағасы Ермахан Ыбырайымов, «марқұм өмірде өте қарапайым еді, үй­ре­ну­ден жалықпайтын, мен оның жасында ол жеткен жетістіктің маңына да барған жоқпын. Сырт сипаты сондай кішіпейіл болғанымен, ішінде ащы намыс қайнап жататын...» деп еске алыпты. Осындайда Қанайұлы Бекболат жыраудың:

Сырты бір қоңыр бағлан,

Іші бір кекті қабылан.

Қабылан айбат шегеді,

Қабанға азу жаныған – дейтін ұзақ толғауы еріксіз еске оралады.

Хош, сонымен... Бекзат 1999 жылы салмақ ауыстырып 57 келіге өтті дедік. Ересектер арасында Қазақстан чемпиона­ты­на қатысады. Бірақ онда Бақтияр Тіле­­геновтен ұтылады. Ел чемпионы атан­­ған Бақтияр әлем біріншілігіне барып, сәт­сіз­дікке ұшырайды. Алда Сид­ней олим­пи­а­дасы. Уақыт аз қалды. Таш­кентте Азия біріншілігі жалауын көте­ре­ді. Осы жарыстан 57 келіде лицензия алмасақ қараң қаламыз. Оған кім қаты­са­ды?! Бақтияр ма, әлде Бекзат па?! Шешімді ұлттық құраманың бас бапкері Тұр­сын­ға­ли Еділов қабылдайды. «Азияға Бекзат барсын!». Тұрсекең осы шешімі арқылы қазақ боксына жаңа есім әкелерін сол кез­де білді ме екен?!

Ташкентте жалауын көтерген құрлық чем­пионаты барысында Бекзат Сат­тар­ха­нов Оңтүстік Корея боксшысы Хван Лимді – 6:5 есебімен, үндістандық Реджи Рама­нандты – 6:3 есебімен, қырғыз Мұзафар Жүсіпбекті – 8:5 есебімен ұтып, финалда өзбекстандық боксшы Тул­кун­бек Тургуновқа есе жіберді. Бірақ бұл алтынға бергісіз күміс еді, өйткені, Олим­пиа­да лицензиясын қоса алды.

 

Бұлтты жарып, айды ашқан...

Сидней олимпиадасы. Қазақ спорты тарихында жаңа парақ ашылған күн. Алғашқы парақ: осы додаға лицен­зия ұтып алған жеті боксшының жетеуі де қазақ және жетеуінің де ширек финалға шығуы. Олар: Болат Жұмаділов (51 келі), Бекзат Саттарханов (57 келі), Нұржан Кәрім­жанов (60 келі), Данияр Мұ­ңайт­пасов (67 келі), Ермахан Ыбы­рай­ымов (71 келі), Олжас Оразалинов (81 келі), Мұхтархан Ділдәбеков (+91 келі) еді. Екінші парақ: қазақ ұланы бокс­тан тұңғыш рет Олимп шыңын бағын­дыр­ды. Ол – Бекзат Саттарханов!!!

Олимпиада төріндегі Бекзаттың ал­ғаш­­қы қарсыласы румыниялық Овидиу Боби­рнат болды. Оны 14:5 есебімен еркін ұтып, келесі кезекте жолы түйіскен Оңтүс­тік Африка спортшысы Джеффри Мат­хе­бу­ланың басына соққыны жаңбырдай сел­детті. Есеп – 16:5.

Ширек финалда түркиялық Рамазан (Рамаз) Паллиани күтіп тұр­ды. Тегі грузин, Кеңес мек­те­бі­нің өкілі. 1992 жылы Грузияның атынан Барселона олимпиадасына қатысып қола медаль алған, 1993 жылы әлем чемпионатынан тағы да қола медалға ие болған, екі дүркін Еуропа чемпионы (1996, 1998). 1999 жылғы әлем чемпионатына Түркия атынан қатысып тағы да қола жүлдегер атан­ған.

Бекзат үшін ең ауыр жекпе-жек осы болғаны айқын. Себебі түркиялық бокс­шы­лардың бәрі бұған дейін жарыстан шықты. Паллианидан басқа тұяқ қал­ма­ды. АИБА-ның бас хатшысы, ұлты түрік Канер Даганелидің жаны мұрнының ұшына келді. Паллиани жеңілсе, ертең ел­дің бетіне қалай қарайды. Даганелидің сас­қаны соншалық, АИБА-ның вице-прези­денті Бекет Махмұтовтың аяғына қал­­пағын тастап: «Бекет бей, сенің жеті бір­дей жігітің ширек финалда тұр, бізде Рамаздан басқа тұяқ қалмады, құлың болайын ағатай, жекпе-жекті бізге саты­ңыз­шы» деп жалынады. Сонда Бекет көке­міз қабағын қайшылап алып: «Дәке, қазақтар біреулерді сатып алуы мүм­кін, ал өзін ешқашан сатпайды» депті. Мына текетірестен кейін бокс әділ өтпей қайт­пек. Содан алма-кезек сатырлаған соқ­қы­лар кетті, ұпай екі жаққа бір-бір­ден топ-топ түседі. Есеп 11:11 екі мықты тепе-тең келе жатыр, уақыттың бітуіне 10 секунд қалды. Сол сәтте Бекзат оң қолы­мен бір шүйіріп қарсыласын жас­қа­ды да, солақай жұдырығымен қақ шекеден күрс еткізді. Есеп 12:11. Бекзат жеңді.

Осы оқиғаның басы-қасында куәгер болған спорт журналшысы Қыдырбек Рыс­бекұлы айтады: «Бекзаттың осы жеңі­сі­нен кейін бәрі айқындалды, қалғанын қағып алатын қауқары барын аңғардық». Шынында Бекзат қалған қарсыластарын қағып алды десе де болады. Жартылай финалда жолыққан Марокко үміті Тахар Тамсаманиды 22:10 есебімен ойсырата ұтты. Финалда АҚШ боксшысы Рикардо Хуарес көлденең тұрды.

Шешуші жекпе-жек қайдан оңай болсын, оның сыртында Олимпиада алаңы болса! Рингке ширығып шыққан бағлан Бекзат бірінші кезекте ұпай санын 5:2-ге жеткізіп уһ деді. Екінші айналымда тіпті ашылды. Рингтің үстінде сүтке тойып желіден жаңа босаған құлындай ойнақтады. 30 секунд өтпей жатып ұпай санын 7-ге, 15 секунд өткенде 11-ге апарды. Қоңырау сыңғыр еткенде есеп айырмасы 15:4-ті көрсетті. Үшінші раундта Рикардо Хуарес барын салды. Екі қолын кезек қармап өлермендікпен ұмтылды. Тіпті бірнеше ұпай да алып үлгерді. Біздің Бекзат болса, жорға жүріспен тай­пақ қараны күтіп алады да, солқ еткізіп бір салып қойып тайпалады-ау шіркін. Есеп 20:14. Мынаны қара!

Соңғы сәттер. Тайпақ қараның сілесі құрыған, жеңілгенін мойындай бастаған сияқты. Бекзат сіргелі тайыншамен ойнап жүрген Күпібайдың тентек ұлындай таңдап ұрады, толғап соғады, лып етіп артқа тартылады, былқ етіп жанына қарай ырғиды. Шеберлік емей немене. Соңғы есеп 22:14. Бекзат бокстан қазақтан шық­қан тұңғыш Олимпиада чемпионы!!!

Бұл күндер қазір сағынышқа айналды. Жыл сайын бауырымыздың туған күні 4 сәуірде есі дұрыс қазақ алмас қы­лыш алдаспан ұлын бір сәт есіне алып, дұға бағыштайды. Алланың рахметіне, пайғамбардың шапағатына бөлен, Бекзат ба­уырым! Сөзіміздің соңын қойын дәп­те­рім­дегі мына бір жырмен аяқтайын:

Бұлтты жарып, айды ашқан,

Алмас қылыш алдаспан,

Мөңіреп туған марқасқам,

Шеңгелі құмай салалы,

Саршөгіл мұздай балағы,

Серпіп тартса жұдырық,

Адырнадан ағытылғандай талағы,

Еңіреп туған, ер Бекзат,

Сендей ұл қайта туа ма?