Экономика • 03 Сәуір, 2020

120 млн тонна көмір өндіру жоспарланды

617 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің көмір өндіруші компаниялары ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларын­да 18,3 млн тонна көмір өндірді. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 10,4 млн тонна, өнеркәсіптік кәсіпорындарға 936,8 мың тонна көмір жеткізілді. Ал коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа 1,4 млн тонна көмір жөнелтілді. Сонымен қатар экспортқа 4,6 млн тонна көмір жіберілді.

120 млн тонна көмір өндіру жоспарланды

Көмір энергетикалық және өнеркәсіп­тік кәсіпорындарға тікелей шарт бо­йынша көмір разрездерінің жөнелтілу бағасымен жіберіледі. Коммуналдық-тұрмыстық тұтынушы­лар және халық­қа көмірдің негізгі көлемі тауар бир­жалары арқылы сатылады. Комму­нал­дық-тұрмыстық қажеттілік және халық үшін көмір бағасы көмір разрезі­нің жөнелту бағасынан (әзірлеу жағдайы­на байланысты тоннасына 3-6 мың теңге), тасымалдауға кеткен темір жол тарифтерінен, жылжымалы құрамды күтіп-ұстау, көмірдің биржалық құны­нан, сондай-ақ халыққа жеткізетін дел­далдық ұйымдардың және жеке тұлға­лардың маржасынан қалыптасады.

Елімізде көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында өткен жылы 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы бекітілді, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа арналған көмір өнімдеріне қажеттілік жоспары жасалды. 2020 жыл­ғы 20 наурыздағы жағдай бойынша жыл­дық жоспарға (2019 жылғы 1 мамырдан бастап 2020 жылғы сәуірге дейін) сәйкес көмір қорымен қамтамасыз ету 99,7%-ды құрайды.

Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Алматы облыстары, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін көмірдің жылдық жеткізу кестесін толығымен қамтамасыз етті.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Қызыл­орда, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақтан, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Шымкент, Алматы және Нұр-Сұл­тан қалалары­ның әкімдіктері халық үшін көмірдің жылдық жеткізу кестесін толы­ғымен орындады.

Айта кету керек, Қазақстанда 2020 жы­­лы 120 млн тонна көмір өндіру жос­пар­­­ланған. Осылайша елдің ішкі нары­ғына 82 млн тонна, экспортқа 38 млн тонна көмір жеткізілетін болады.