Үкімет • 03 Сәуір, 2020

Тығырықтан шығаратын тың шешімдер

369 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүкіл әлемді дүрбелеңге салған пандемияның денсаулыққа, адам өміріне төндіретін қауіпінен бөлек тұрмыс-тіршілікке, экономикаға соққысы оңай болмай жатыр. Тығырықтан шығатын жолды ертерек қарастырған ел ғана дағдарысты жағдайдан аман шығуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мәлімдемесінің өзегі де осы.

Тығырықтан шығаратын тың шешімдер

Президент Төтенше жағ­дай режімінің қашанда эконо­ми­калық, әлеуметтік салдары болатынын және ол қазірдің өзінде көптеген салаға салқынын тигізіп үлгергенін айтты. Шағын және орта бизнесі тұралап қалған кәсіпкерлер қазір мемлекеттік қолдауға мұқтаж. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қолға алынатынын да атап айтты. Мәселен, ШОБ өкілдері биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын табыс салығынан босатылатын болды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды. Бұл бизнес өкілдеріне жасалған зор қолдау болары анық.

Коронавирустың орасан зардабына төтеп беру мүм­кін болмаған салалардың көш басында туризм тұр. Сарап­шы­лардың болжамы бойынша сала жұмысына тиген залал 11 қыркүйектегі террорлық әрекет­тің аталмыш индустрияға тигізген залалынан бірнеше есеге асып түскен. Соған қарамастан, мемлекет тарапынан жасалатын нақты қолдаулардың арқасында пандемия аяқталған соң отандық туризм аяғына нық тұрады деген сенім бар. Осы мақсатта туризм саласындағы, сондай-ақ қонақүй және қоғамдық тамақ­тану бойынша заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер салық­тан бо­са­тылады. Қазіргі таңда отан­дық ту­ристік компания өкіл­дері­нің өті­ніштері бойынша шы­ғын­дарын есептеп, оларға қолдау көр­сету шаралары пысықталып жатыр.

Мәдениет және спорт минис­тр­лігі коронавирус сал­қы­ны туризм саласына тиіп, тур­операторлар жұмысына кесі­рін тигізе бастаған уақыттан бастап оларға қарасуда. Мәселен, мемлекет әлем бойынша қатерлі індет жылдам таралып жатқан шақта сыртта жүрген отандас­тарымызды елге алдыруда айтар­лық­тай шаруа атқарды. ТЖ жария­ланғаннан бері 5913 турист елге қайтарылды. Олар­дың барлығы да еліміздің сани­тар­лық регламентіне сәйкес тексеруден өтті.

Өзекті мәселелердің бірі жұ­мыс­пен қамтуға байланыс­ты болып отыр. Төтенше жағдай мен карантин режімінің енгіз­іл­уіне байланысты қала сыртынан келіп ірі мегаполистерде жұмыс істейтіндердің тығырыққа тіре­ліп, жұмыссыздар қатарын то­лық­­тырып жатқанын айтқан Президент «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында еңбекпен қамту жұмыстарын үйлестіруді тапсырды. Мәдениет және спорт министрлігі де бұл іске белсенді қатысады. Осы ретте еліміздегі курорттық аймақ­тар­дың инфрақұрылымына ба­ғыт­­талған жобаларымыз бар­шы­­лық. Олар жүзеге асса 16 мың адамды жұмыспен қамти ала­­­мыз.

Президент осынау қысылтаяң шақта сабырлық танытып, қолдау білдірген Қазақстан халқына алғыс білдірді. Расымен, Төтенше жағдайға байланысты карантин жарияланғанына қарамастан халықтың рухының бір сәтке болсын сынбағанына күнделікті куә болып отырмыз. Көптеген мекемелер қауіпсіздік мақсатында қашықтан жұмыс істеуге көшті. Еліміз үшін бұл бұрын-соңды жаппай қолданылмаған жаңа үдеріс екеніне қарамастан ойдағыдай жүріп жатыр деп айта аламыз. Мәдениет және өнер саласы бойынша кадрлар даярлайтын оқу орындары мен өнер, спорт мектептері де 6 сәуірден бастап қашықтан білім беруге көшкелі отыр. Осы ретте айта кету керек, қашықтан жұмыс істеуге көшкен барлық мәдениет мекемелері, оқу орындары мен министрлікке қарасты ұйым қызметкерлерінің жалақасы сақталады.

Жалпы қашықтан жұмыс істеу деген атына қарамастан, мәдениет пен руханиятқа бағытталған іс-шаралар бір сәтке де толастаған жоқ. Цифрлы технологиялардың жетістігі арқасында мәдениет ошақтары көрермендерін репер­туа­рындағы тамаша туындыла­рымен ел рухын көтеруде. Көр­некті өнертанушылар мен танымал өнер иелерінің, ЖОО оқытушыларының шеберлік дәрістері онлайн платформаларда барлығына қолжетімді. Мәдениет министрлігі еліміздің кез келген тұрғыны үйден шықпай-ақ музейлерге виртуалды саяхат жасауы, театрлардың қойылымын, өнер жұлдыздарының коцерттерін онлайн тамашалай алуы мүмкін­ді­гін ұйымдастырды. Бір ғана «Карантиндегі жұлдыз», «Онлайн-өнер» жобалары отан­дас­­тарымыздың жылы лебі­зі­­­­­­не ие болып жатқанын атасам да жеткілікті болар. «Халық қазынасы» атты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ радиосының бірлескен жаңа жобасы тікелей эфирге шыға бастады.

 Рухани азық алам дейтін әрбір адам үшін еліміздегі кітапханалар электронды кітаптар қорын ұсынып, мемлекеттік мұрағат онлайн қызмет көрсетуге көшті. Мемлекеттік тілді үйренеміз деушілерге тегін онлайн курс­тар ашылды. Ал тіл саясаты комитеті термин сөздер жасауға «Қазақы терминді халық жасайды» конкурсын жариялап, әліпбиді жетілдіруге қатысты ғалымдармен онлайн талқы­лаулар ұйымдастырды. Спорт комитетінің бастамасымен спорт саңлақтарының таңғы жаттығуы әлеуметтік желілерде таратылып, күллі қазақстандықтар чемпиондармен бірге жаттығу жасау мүмкіндігіне ие болды. Серік Сәпиев, Әлия Юсупова, Василий Левит, Әділбек Ниязым­бетовтермен өткен тікелей эфир­де­гі сұхбаттар көпшілік көңілінен шықты.

Президент мәлімдемесінде «Біз – рухы асқақ, бірлігі бекем, еңсесі биік халықпыз. Сондықтан бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз деп сенемін» деген сөздер бар. Министрліктің бастамасымен әлеуметтік желіде белгілі әнші, халық әртісі Роза Рымбаева жолдаған «Бірге еңсереміз» атты эстафета аз күннің ішінде 500-ден аса адамға тара­лып, бүгінде шетелдік өнер иеле­рі мен зиялы қауым да қосылып жатыр. Бұл да болса Қазақстан хал­қының ауызбір­шілігі мен берік рухының бір сипаты болар.

Алаштың арысы Мағжан Жұмабаев «Ердің елге бағасы қаны бір болуда емес, жаны бір болуда; қуаныш-қайғысы ортақ болуда. Ердің бағасы елге еткен еңбегінің зор яки кішілігінде емес, ел деген жүрегінің таза болуында; тілегінің елмен ортақ бол­уында» деген аталы сөз қал­ды­рып кеткен екен. Ендеше төрткүл дүниені дүрбелеңге сал­ған дертті қаршадай баладан, қа­быр­ғалы қарияға дейін жұмыла жүріп жеңетін күн жақын болғай!

 

Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,

Мәдениет және спорт министрі