Жұмысынан амалсыз айырылған, кәсібінен қағылған жұрт не істерін білмей дағдарып қалған болатын. Міне, еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесі елдің осынау алаң көңілін басып, қандай қиын кезең болса да мемлекет тарапынан қолдау ешқашан тоқтамайтынын анық байқатты.
Шынында қазіргі күрделі жағдай ырғалып-жырғалуды көтермейді. Нақты әрі батыл әрекеттер керек. Президенттің мәлімдемесі сонысымен де маңызды. Енді Үкімет, жергілікті атқарушы органдар тапсырмаларды тезірек әрі сапалы жүзеге асыруы тиіс. Әрине әр адамның денсаулығы өз қолында. Бұл тарапта мемлекет адам денсаулығын сақтауда барлық мүмкіндікті жасап отыр. Мемлекет басшысы әлемді жайлаған індеттің қоғам дамуына қандай қиындықтар тудырғанын атап өтіп, одан шығудың жолдарын да көрсетіп, мүмкіндіктер жасауда.
Бұл қиындықтан шығу тек мемлекеттің ғана міндеті емес. Қиындықты еңсеруге ел азаматтарының барлығы атсалысуы керек. Бірде сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) бір кісі: «Уа, Алланың елшісі, ең жақсы адам кім?» деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде» деп жауап берген екен. Шынында қазіргідей қысылтаяң сәтте дүрбелең тудырмай, халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Яғни әр адамның қоғамға, елге пайдасы тиюі керек.
Жалпы алғанда, елдің экономикалық дамуының локомотиві ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Қазақстан – аграрлық мемлекет. Осыны естен шығармауымыз қажет. Сондықтан көктемгі егіс науқанын уақтылы өткізу аса маңызды. Бұған бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінетін болды. «Көктемнің әр күні жылға азық» деген, Президенттің егіс науқанына жасаған қолдауы шаруа қауымның тірлігін баянды әрі табысты ете түсетіні сөзсіз. «Еңбек етпесең, елге өкпелеме, егін екпесең, жерге өкпелеме» деген, бүгінде дәулетін асырып, асығы алшысынан түсіп отырған шаруашылықтар жетерлік. Міне, осы шаруашылықтар тіршілігін шашыратып алмауы керек.
Қалай айтсақ та, біз тарихымызда қандай қиындықтар болғанын түсіну арқылы ғана болашақтың қалай болатынын ұғына аламыз. Ендеше қоғамдағы береке-бірлік күш-қуатымызды арттыра түсетіні анық.
Әбдәлі НҰРАЛИЕВ,
Сенат депутаты