Бұған дейін әуе компаниялары халықаралық 97 бағыт бойынша, ел ішіндегі 345 бағыт бойынша жолаушы тасымалдауды жүзеге асыратын. Індеттің таралуына байланысты бұл бағыттар толық тоқтатылды деуге болады.
– Рейстердің ашылу-ашылмауы туралы шешім Бас санитарлық дәрігердің ұсынысы бойынша қабылданады. Әуе арқылы жүк тасымалы жалғаса береді, оған шектеу қойылған жоқ, – деді министрдің міндетін атқарушы.
Шетелдегі Қазақстан азаматтарын елге әкелу мәселесімен Сыртқы істер министрлігі айналысады. Ведомствоның тапсырмасы бойынша азаматтарды елге әкелуге отандық әуе компаниялары дайын тұр. Осы жиында айтылғандай, бүгін Ыстанбұл мен Делидегі азаматтарымыз мінген екі әуе борты елге оралуға тиіс.
Қ.Өскенбаев жолаушы тасымалдайтын 157 пойыздың 24-і ғана жүріп тұрғанын, олар темір жол саласы жұмыскерлерін тасымалдауға арналғанын айтты. Жүк пойыздары болса, еш шектеусіз жүріп жатыр.
– Сырттан келетін автокөлік маршруттары түгел жабылды. Ел ішінде қатынайтын автобустар да тоқтады. Ақтау мен Құрықтағы теңіз порттарында да шетелдік азаматтар жүретін су көліктеріне шектеу қойылды. Қазір порттардан тек жүк тасымалданады, – деді ол.
Қ.Өскенбаевтың айтуынша, елімізде күн сайын 1 млн медициналық маска тігіледі. Бұл наурыз айының басындағы көрсеткіштен 5 есе көп. Оның 325 мыңын фармацевтикалық кәсіпорындар шығарса, 680 мың маска тігін цехтарында тігі-
леді.
Күн сайын 85 мың литрден астам дезинфекциялау құралдары шығарылады, қоймаларда 158 мың литр сақтаулы тұр, дәріхана желілеріне, көшелер мен ғимараттарды дезинфекциялауға 65 мың литр бөлінді. Өкпені жасанды желдету құрылғыларының жетіспеушілігі де көпшілікті алаңдатып жүргені мәлім. Баспасөз мәслихатында айтылғандай, Көкшетаудағы «Тыныс» АҚ Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша 700-ге жуық құрылғы шығаруды бастап кетті. Үкіметтің резервінен өндіріске қажетті қаражат бөлінеді.