Президент елдегі бүгінгі ахуалға байланысты қосымша 200 млрд теңге бөлініп, зейнетақы көтерілетінін, атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерінің өсетінін айтты. Былтырғы құрғақшылықтан қысылып шыққан шағын шаруашылықтарды қолдау мақсатында қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бұл қамқорлықтың барлығы түптеп келгенде қарапайым халықтың игілігіне жұмсалып жатқанын көре білетін көз, сезе білетін жүрек керек.
Осының бәрін дұрыс түсініп, талапқа мойынсұнуымыз керек. Өкінішке қарай осынау жауапты кезеңде зеріккендер мен еріккендер тас қабырғаның тасасында отырып алып неше түрлі алыпқашпа жел сөз таратып, көпке тас лақтыруын тыймай отыр. Мәселен, уатсап мессенджері арқылы «Қостанай облысында АҚШ-тан келген Азамат есімді бала коронавируспен ауырыпты» деген жалған ақпарат иесі іздестіріліп жатқанын оқыдым. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей, елді дүрліктіретін мұндай қысыр сөзді қойып, кертартпа мінезді тыю керек. Бұл – біздің елдігімізге сын тұс. Өз басым ел жаңалығын тек ресми ақпарат көздерінен алып отырмын. Барша отандасымды да жел сөзге ере бермей, негізі бар ақпаратқа сенуге шақырамын. Бастысы, тиісті органдар қойған талапты бұзбай, үйде отыру керек. Қазір немерелерімнің бәрі оқып жатыр. Бірі – университетте, бірі мектепте. Қолдары тимейді. Сондықтан оларға моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп отырған абзал.
Қазір өзім саналы түрде оқшауланып, бөлек отырмын. Балалармен, жақындарыммен тек телефон арқылы сөйлесемін. Маска тағып, қолғап киіп жақын маңдағы дүкенге барып, алатынымды алып, үйге қайтамын.
Тегінде үйдегі зейнеткерлер қарап отырмайды. Үйде де істейтін шаруа табылады. Мәселен, өзім үйде бірнеше әлеуметтік жоба дайындап жатырмын. Қазір елде тіршілік тоқтап қалған жоқ. Неше түрлі әлеуметтік конкурстар жүріп жатыр. Алдағы уақытта аймақта әлеуметтік жобалар мен әлеуметтік идеялар туралы жәрмеңке ұйымдастырылмақ. Соған қатысу ниетімен отбасы және отбасы құндылықтары туралы «Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда» деген жаңа жобамды қолға алдым. Мұнда қыздың тәрбиесі, келіннің әдебі, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, отбасы-ошақ қасындағы ынтымақ пен бірлік мәселелері қарастырылады. Қазір бізге елді біріктіретін, отбасын ұйыстыратын жақсы жобалар керек. Бұл ұлттық тәрбие тамырларына қан жүгіртетін жақсы дүние болар деп ойлаймын.
Әке-шешелеріміз бұдан да ауыр кезеңдерден өткен. Оның шет жағасын бала болсақ та біліп өстік. Ал енді қазіргі жағдайда бәрімізге таудай төзім мен сабыр керек. Бұл да өтетін уақытша қиындық. Бастысы, бүгінге бүгілмей, алдағы күнге үмітпен қарай білгеніміз жөн.
Балбөпе ЕРТАЕВА,
зейнеткер, Қостанай облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі