Баршаға белгілі Еуропадағы, Америкадағы, басқа да аймақтардағы төтенше жағдай əлемді алаңдатуда. Осыған орай Қазақстан Президенті жер бетіне жайылған індеттің елімізде кең тарап кетпеуін дер кезінде назарда ұстап, қолға алғаны, қауіпсіздікті сақтау үшін маңызды шараларды жүзеге асырғаны белгілі.
Барлық өңірде тəртіп орнатып, тазалық пен ұқыптылықты, жауапкершілікті сақтауды талап етіп, соны жүзеге асыруды тапсырды. Мемлекет басшысы осы жолғы Қазақстан халқына арнаған мəлімдемесінде елдің əлеуметтік жағдайына баса назар аударып, көмектесу қажеттігі туралы тиісті салаларға нақты тапсырма бергені көптің көңілінен шықты. Атап айтқанда, елдегі инфляцияның артуына байланысты зейнетақы мен жəрдемақыларды 10 пайызға өсіру туралы тапсырма беруі, шағын жəне орта бизнес өкілдеріне қамқорлық көрсету, ауыл шаруашылығын дамытуға, фермерлерге көмек, жанар-жағармай, дизель отыны бағасын арзандату, карантин кезінде жұмысшыларға көрсетілер көмек, банк салаларына қаржылық реттеу, салықтан босату секілді Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы 8 тапсырмасы жұртшылық тарапынан қызу қолдау табуда. Мысалы, азаматтардың табысын арттыру үшін 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінетіні, еліміз үшін азаматтардың денсаулығы мен олардың материалдық ахуалы, халықтың күнкөріс табысының азаймауы маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлы жағдайдың ушыға түскенін ескеріп, бизнеске қолдау көрсету жөнінде тиісті шешімдер қабылдады. Қосымша əлеуметтік төлемдерді арттыру бағытында еліміздегі үш миллионға жуық адамға қолдау көрсету қажеттігі айтылды. Азық-түлікті тегін алатындар санын арттыру, жағдайы төмен отбасыларға көрсетілер көмек, осы жəне тағы басқа шаралар қиын кезеңде Қазақстан жұртшылығына жасалып отырған игі істер. Ендігі жерде халқымыз сабырлылық танытып, тəртіп пен жауапкершілікті ту етіп ұстап, Мемлекет басшысы өз мəлімдемесінде атап өткеніндей, дағдарыс кезінде ұйымшылдық таныта білгені абзал.
Мемлекет басшысының індетпен күресіп, күн-түн демей жұмыс істеп жатқан медицина қызметкерлеріне алғыс айтып, оларға қосымша сыйақы төлеу туралы шешімі жұртшылықтың ризашылығын тудырды.
Ақан БИЖАНОВ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор
АЛМАТЫ