Қалай болғанда да, адамзат жоғалып кеткен жоқ, аман қалды. Жантүршігерлік сұмдық сұрапыл үрейге, тіктеп келген ажалға тек адам баласына тән күрескерлік рухының сабыр, төзім, ерік-жігер, пайым-парасаты сияқты құдіретті құндылықтарымен қарсы тұрды. Біздің ата-бабамыздан «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деген сөз қалған. Мұның астарында аспан айналып жерге түссе де өмір сүруді тоқтата алмаймыз, қасиетті Жер-ананы тастап кете алмаймыз деген ұстаным жатыр. Бұл бүгінгі таңда бүкіл әлемге жайылып бара жатқан коронавирус кезінде күнделікті күнкөріс салтымыздың, мақсат-мүддеміздің барлығынан үстем болуы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдемесіндегі: «Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр... Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт», деген ескертуін ертелі-кеш естен шығармауымыз керек. Ел-жұртқа қауіп төніп келе жатқанда, сол ең басты қазынамыздың тұтастай амандығы үшін таңды атырып, күнді батырып, күн кеше алмайтын болсақ, мына жарық дүниеде барар жер, басар тауымыз қалмай қалады. Мәселе осылай қойылып отырған сын сағатта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан жүзеге асып жатқан шұғыл шаралар – білгенге дәл бүгін сүйенер жалғыз сенеріміз. Бізге қалатыны, ауа жайылатын алып-қашпа сөздерді айналып өтетін тәртіпті Тәңірідей көретін, кісілікті кімге де тең көрсететін тектілікпен, үміт оты тең жанатын, тілек-ниеті тең түсіп отыратын абырой. Билік пен бұқараның бір мезгілде бір-бірін бірдей қолдап отыратын абыройы. Егер біз мына қиындықтарды еңсеріп, дамудың жаңа кезеңіне аяқ баса береміз десек, осыны қаперден шығармайық.
Реті келгенде айта кетпей болмас. Үкіметтің қаржылай көмегін айтқанда, кейбіреудің көрпені өзіне қарай тартқыштауы байқалады. Ананы қоя тұру керек, мынаны тоқтату керек. Бізге берілсін, әуелісі осында болмаса, мемлекеттің, халықтың күні шығып, айы батпайтын сияқты. Ел басына күн туған сәтте билік сен кәсіпкерсің, жұмысшысың, анаусың-мынаусың деп алалап, аласапыран жасай алмайды. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деу, біртұтастыққа сызат түсіретін, өткен шақ. Өніп-өсетін өркениетке жат қылық. Қоғамды бірер кәсіп иелері, мейлі олардың мүмкіндіктері теңдей тасып жатса да, құрай алмайды. Мемлекеттің көші халықтың біртұтастығымен ғана жасалады.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері