Біріншіден, Қ.Тоқаев Үкімет пен қаржы саласының құзырлы органдарына туындаған мәселелерді оңтайлы шешуге нақты міндеттер қойылғанын айтты.
Жалпы, қаржы дағдарысы кезінде халықтың төлем қабілеті төмендеуі, несиені өтеу мүмкіндігінің азаюы заңды құбылыс. Бүгінгі таңда Қазақстандағы халықтың үштен екі бөлігі екінші деңгейлі банктерге берешек. Осыны ескере отырып, Президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің тиісті қадамдарының нәтижесінде банктер несиелік төлемдерді 3 ай мерзімге ұзартты. Әрине бұл мүлде төлемейді дегенді білдірмейді. Осыны несие алушылар да дұрыс қабылдауы шарт.
Сонымен қатар дағдарыстан зардап шеккен жеке кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер жылдық 8 %-дан аспайтын мөлшерлемемен 12 айға дейінгі мерзімге беріліп отыр. Бұл дегеніміз – экономикамыздың қазіргі жағдайына қарамастан кәсіпкерлік саласына берілген үлкен мүмкіндік.
Жалпы, дағдарыс кезінде банктер мен микрокредиттік ұйымдардың жұмысын күшейту, төтенше жағдайға байланысты несиенің пайыздық үстемесін есептемеу, төлем мерзімін ұзарту сияқты шаралар халықтың әлеуметтік жағдайын әлсіретпеуге, шағын және орта кәсіпкерлік саланы тоқырауға ұшыратпауға үлкен көмегін тигізеді. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес өкілдеріне үлкен қолдау. Осы бағыттағы жұмыстар арқылы Президент пен Үкімет ендігі уақытта мемлекеттің негізгі сүйеніші, экономиканың тірегі қай сала болуы тиіс екенін аңғартқандай әсер қалдырды.
Қазіргі таңда шағын және орта бизнестің несиелерін өтеу мерзімін ұзарту, төлемдерді қайта қарастыру, салықтан уақытша босату мәселелері бойынша банктермен, басқа да қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізу тиімділігін арттырудың басқа да жолдары қарастырылуда. Бұл биліктің тікелей халықпен, кәсіпкерлермен жұмыс істеуге бейілді екенін көрсетеді.
Ажар БЕЙСЕНБАЕВА,
экономист