30 Тамыз, 2013

Қазақстанның Германиядағы бас консулы қамауға алынды

270 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ахат Алпысбаев

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі еліміздің Германиядағы бас консулы Ахат Алпысбаевтың Майндағы Франкфуртта қамауға алынғанын растады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі хабарлады.

«Біз бас консулдық қызметкерлерінің Франкфуртта ұсталған дерегін растаймыз. Мен Қазақстан мен Германияның қылмыспен және контрабандамен күрес секілді салаларды да қамтитын кең ауқымды әріптестік бойынша жұмыс жасасып келе жатқанын атап өткім келеді. Дәл қазір орын алған жағдай бойынша да сондай жұмыстар жасалды», - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Ол «аталмыш мәселе бойынша тәртіптік шараға дейінгі барлық шешім жағдай түбегейлі тексеріліп болғаннан кейін қабылданатынын» айтты.

Бұдан бұрын басылым немістің Bild басылымының дерегіне сүйене отырып, Алпысбаевтың сигарет контрабандасын ұйымдастырғаны үшін қамауға алынғанын жазған болатын. Бас консулмен бірге оның көмекшісі де ұсталды. Bild басылымының деректері бойынша, кеденнің жедел қимыл қызметкерлері дипломаттың іс-әрекеттерін бірнеше аптадан бері тексерген екен. Ал 29 тамыз күні қамауға алуға ордер берілген.

Әзірге Германиядағы прокуратураның да, кеденнің де тергеушілері контрабандаға байланысты жанжал жөнінде түсіндірме беріп жатқан жоқ.

Сұлтан Бозайғыр.