Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Шығыс Қазақстан: Коронавирус жұқтырған үшінші адам 1938 жылы туған

994 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазір науқаспен жақын қатынаста болған 198 адам анықталды.

Шығыс Қазақстан: Коронавирус жұқтырған үшінші адам 1938 жылы туған

Кеше түнде Денсаулық сақтау министрлігі Шығыс Қазақстанның бір тұрғыны коронавирус инфекциясын жұқтырғанын хабарлаған болатын. Бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан деректі растап, індетке шалдыққан Өскемен қаласының 1938 жылы туған тұрғыны, әйел адам екенін айтты. «Науқас дәрігерлер көмегіне 1 сәуір күні жүгінген. Ауруханаға жеткізе салысымен науқасқа рентгенологиялық зерттеулер жасалып, «пневмония» диагнозы қойылды. Арнайы алгоритмдерге сәйкес біз пневмонияға шалдыққан пациенттерге коронавирусқа  қатысты  тест жасауға міндеттіміз. Тест оң нәтиже көрсетті. Қазір науқаспен жақын қатынаста болған 198 адам анықталды. Олардың барлығы оқшауланды. Палатада бірге жатқан 4 адамның үшеуінен ауру белгілері табылған жоқ, төртіншісін әлі тексеріп жатырмыз. Тағы бір айтарымыз, коронавирус жұқтырған науқас қаңтар айында Ресей Федерациясына барып қайтқан» дейді басқарма басшысы.

Бұл – облыс аумағында тіркеліп отырған үшінші науқас. Айта кетейік, бұған дейін Семей қаласының екі тұрғынының індетті жұқтырғаны анықталған болатын.

 

ӨСКЕМЕН