Қазақстан • 03 Сәуір, 2020

Тегеуріні темірдей Темірбаев

1110 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Отан соғысының қаһарманы, Кеңес одағының батыры Сейітхан Темірбаевтың өмірі мен  майдандағы ерлігі туралы мол материал қаттаулы. Батырдың көзі тірісінде тұтынған жеке заттары да бүгінде музейдің құнды жәдігеріне айналған.  Бұл құжаттардың әрқайсында отты жылдардың ізі, тарихтың сәулесі қалған.

Тегеуріні темірдей Темірбаев

Сейітхан Нұрмұханбетұлы Темірбаев 1941 жылдың желтоқсан айында 101-қазақ кавалерия дивизиясының құрамына  алынып, Харьков түбіндегі ұрыста майдан жолын  бастайды.  1942 жылдың 13 мамырында Оңтүстік-Батыс майданда ауыр жараланған қазақ солдаты жарақатынан толық айығып кете қоймаса да, сол жылы маусым айында госпитальден шығып, қаруластарының қатарына оралады.

1942 жылы Сталинград үшін болған шайқаста ерлігімен көзге түскен С.Темірбаев кейін кіші лейтенанттар курсына жіберіледі. Курсты аяқтаған соң, атқыштар взводының командирі етіп тағайындалған жас офицер 1944 жылы 230-атқыштар дивизиясының құрамындағы рота командирі болып тағайындалады.

Ол Донбасс, Николаев, Одесса облыстарын, Одер өзенін алуға қатысты. 1944 жылдың тамызында Молдавияны азат етті. Молдавия аумағында болған қиян-кескі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін лейтенант Темірбаевқа  І дәрежелі Отан соғысы ордені берілді.

Үнемі алдыңғы шептен табылған С.Темірбаев соғыс жылдары 5 мәрте жараланады. Бірақ батырды жаудың жауып тұрған оғы мен снаряд жарықшақтары жыға алмайды.  Әр жарақатынан кейін қаруаластарының қатарына қайта қосылып отырған ол өзін өжет  және батыл офицер ретінде көрсете білді.  Польшаны азат етуде және Германия жеріндегі шайқастарда Темірбаев 990-атқыштар полкінің 2-ротасын басқарды. 1945 жылдың 2 ақпанында Одер өзенінің сол жағалауындағы плацдармды ұстап тұру үшін өз ротасымен жаудың 7 жойқын  шабуылын  тойтарды. Аға лейтенант жауынгерлерге неміс солдаттарын 150 метрге дейін жақындатып алып, қолдағы бар қарумен  оқ жаудыртуды бұйырады.  Осылайша 40 фашистің көзі жойылып, қалғандары кейін шегінеді. Әскер күшін еселеп алған дұшпан келесі шабуылға 11 танктің көмегімен шығады. Бірақ Темірбаевтың шебін бұза алмайды. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 1945 жылдың 7 ақпанында аға лейтенант С.Темірбаев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бірақ белгісіз себептермен омырауына  «Қызыл Ту»  ордені тағылады.

Кейін С.Темірбаев Берлин үшін шайқаста айрықша көзге түсті. 230-атқыштар дивизиясының бөлімшесі 6 тәулік бойы қиян-кескі ұрыс сала жүріп,  қала орталығындағы Ландвер каналын алған-ды. Содан кейін алға жылжу мүмкін болмай қалады. Мәрмәр қабырғалар, қираған көпірді қалқан еткен неміс әскерлері толассыз оқ жаудырып, табандап тұрып алады. 

1945 жылдың 25 сәуірі күні капитан Темірбаевтың ротасы көпірді басып алып, арғы бетке бірінші өтіп, бекініп,  полктің басқа бөлімшелерінің және бронетехниканың Герлицер-штрассеге қарай алға жылжуына жағдай жасайды. Осылайша Берлин орталығына, Рейхсканцелярияға жол ашылады. Темірбаевтың ротасы әрі қарай Ландвер каналын алып, 11 кварталды жаудан тазартады. Ал 29 сәуірге қараған түні Рейхстагқа жақын маңда ұрыс бастап, Монета сарайына шабуылдаған капитан Темірбаев 990-атқыштар полкінің алға жылжуына жол ашып береді. Ал 2 мамыр күні Суворов және Богдан Хмельницкий орденді 990 атқыштар Сталинград полкінің жауынгерлік туы өзге де әскери құрылымдардың туымен бірге Рейхстагтың үстінде желбірейді. 

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте бас штабтың әскери тапсырмаларын айрықша орындауда көрсеткен асқан ерлігі мен батылдығы үшін капитан С.Н.Темірбаевқа КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі  тапсырылды.

Қатардағы жауынгерден капитан шеніне дейін көтеріліп, атқыштар ротасын басқарған қостанайлық қаһарман соғысты Берлинде аяқтады.

С. Темірбаев 1983 жылдың 15 маусымында дүниеден өтті. Батырдың есімі мәңгілік халық жүрегінде сақтала бермек.

 

Нәзима Оташева

Қостанай облысы тарихи-өлкетану

музейінің бөлім меңгерушісі

Қостанай облысы