Спорт • 03 Сәуір, 2020

Әйгілі қақпашы Рюшту Речбер сырқаттан айығып келеді

207 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавируске шалдыққан футболдан Түркия құрамасының бұрынғы қақпашысы Рюшту Речбер сол дәртттен бірте-бірте айығып келеді.

Әйгілі қақпашы Рюшту Речбер сырқаттан айығып келеді

«Речбер коронавирус дертіне шалдықты» деген хабар барша түркиялық жанкүйерлерге жайсыз тиді. Ол – шын мәнінде өз елінің ұлттық батыры. 46 жастағы Анталья өңірінің тумасы 1988-2012 жылдар аралығында «Антальяспор», «Фенербахче», «Бешикташ» және Испанияның «Барселонасында» өнер көрсетті.

1992-2012 жылдар аралығында Рюшту Түркияның ұлттық командасының қақпасын қорғады. Сол аралықта 120 рет жасыл алаңға шығып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Анадолы елінің өрендері 2002 жылы әлем чемпионатында, 2003 жылы конфедерация кубогында және 2008 жылы Еуропа біріншілігінде қола медальді олжалағаны көпшіліктің есінде. Міне, дәл сол кездері қақпаны Речбер қорғаған. Оның қол жеткізген басқа да табыстары жетерлік.

Рюшту Речбер ауруханаға аса ауыр халде түскен еді. Десек те Алланың қалауы және дәрігерлердің көмегінің арқасында сырқаттың беті бері қарады. Қазіргі кезде ол жансақтау бөлімінен кәдімгі бөлмеге ауысты. Ақ халатты абзал жандардың айтуынша, күн өткен сайын әйгілі қақпашының жағдайы жасқарып келеді.