Руханият • 04 Сәуір, 2020

Цензурасыз Абай

725 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл тойланатын Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан іс-шаралардан бұрынғылардан басқаша пайым мен үміт күтіп жүргендейміз. 1995жылғы әлемдік деңгейде өткен ұлы тойдың көп жаршыларының бірі болған мен, мыңдап үй тіксек те, ұлы дүбір аламан өткізсек те, ол тойдан да асырып, Абайды мың жерден мақтасақ та, оны қайтып тірілте алмасымызды жақсы білемін, ел де біледі. Абай біздің мақтағанымызға тіпті де мұқтаж емес.

Цензурасыз Абай

Сол тойдан бері ширек ғасыр өтті, дүниеге тұтастай бір ұрпақ келді, уақыт жаңғырды. Абайдың танымы деген бір әлем, оны тану бәрімізге керек сияқты...  Танымда өзгеріс бар ма? Ол таным кімге керек? Біз сияқты, кешегі советтік шинельден шыққан қақпастарға ма? Жоқ, кейінгілерге, жастарға, керек болса, мектептерге... керек сияқты...

Жақында қаламыздағы «Дариға-ай» жастар театры Мұхтар Әуезовтың «Абай» трагедиясының  желісі бойынша қойған «Ғажайып трагедиясы» психологиялық драмасын тамашаладық. «Әр кәлләда бір қиял», үлкенді-кішілі, сан-сапалақ сан түрлі ойлы көп көрермен қандай түсініктермен кетті екен десеңізші?! Әсіресе, советтік менталитеттегі ақсақалдар қауымын айран-асыр етіп, соққы боп тимесе не қылсын?!

Инсценировкасы да (Гауһар Адай), режиссурасы да (тағы да Гауһар Адай), суретші-киім үлгісі де (Гүлдана Жұрқабаева) біз мүлде күтпеген тұстан жарқ ете түскенін қайтерсің! Тіпті, басында абдырап қалдық десек те болады. Соны, тым соны! Бұл, шындығында сахнада Абайды қайта сомдау мәселесі дер едік. Ізденіс, алпарысқан ізденіс, Абайды жаңаша іздеу...

Біз осыдан бірнеше жыл бұрын, Төкен Ибрагимовтың көзі тірі кезінде Абай театрының «Абай» трагедиясын көрген болатынбыз, дәл уақытын ұмытыппын. Бұл ұлы Мұхтардың қолымен жазылып, 1954 жылы сахналанған драма, үтір, нүктесіне дейін өзгеріссіз қойылды. Екі сағаттан астам, әлде екі жарым сағат үзіліссіз жүрді дейік. Бұл – цензура тұсындағы Абай болатын. Жар астында бұғып отырған советтік идеологтар үш мың жылқысы бар, үш қатыны бар, Мұхтар дәріптеген Абайдың қай жерінен мін тапсақ деп жүгінісіп отырғанда, ұлы драматург қылшық ұстатпай алып шыққан шығармада басты кейіпкердің ішкі пайымы алғы планға шықпай қалғанын байқау қиын емес еді. Бұл сол кездегі көрерменнің сұранысын қанағаттандырса, қанағаттандырған шығар, бірақ, бүгінгі көрерменнің сұранысына еш жарамайтыны анық енді...

Ол спектакльдің талдауына мен қатысқам жоқ, үйткені Төкен ағаммен ілінісіп қалатындай жағдайым бар еді.  Оның алдында «Досқанның «Құнанбайы» деген мақала жазып, біраз «шапағатты» алғысына қарық болғанмын...

Өнерде қозғалыс пен даму үнемі жүріп отыру керек. Қазақ драматургиясы өз қазанында сарқылдап қайнап, таусылуға шақ қалған сәтте қапаш-құпаш қолын сермеп, тым болмаса, айналасына алақ-жұлақ қарамай ма екен? Өнердегі жаһанданудан қашып, қашанғы тас бүркенуіміз керек? Европа, орыс, батыс-шығыс театрлары қалай өзгеруде? Бұл жөнінде Горельников деген данышпанмен сөйлесіп көр, не айтар екен?

Театр – кино емес, оның символдық мүмкіндіктері өте көп, оны режиссер Гауһар Адай аса сәтті пайдаланған деп айта аламыз. Кейіпкерлердің киімі, қимыл қозғалысы, қазан формасындағы даңғара, заман-дәуір ритім дүбірі – бүгінгі көрермен талғамынан үйлес шыққан деп ойлаймыз.  Кейіпкерлердің алғашқы сәттегі беттерінің тұмшалануы, дүлей кейіптер, тобыр, Христосты дарға асқан, Мұхамметті түйенің боғына көмген, Жанна Д-Аркті отқа жаққан, Абай мен Біржанды сабаған, отаршылдықтың бишігіне айналған тобыр, билеп-төстеген, ақырған, озандаған, күш көрсеткен көшкіндей дүрліккен... Олардың бірте-бірте кезеңімен ашылуы, жасап жатқан образдарының біртіндеп ашылуындай әсер қалдырады.

Әсіресе, Абай мен оның жаны, бұл әлем театрларында ежелден қолданылып келе жатқан, жалпы, әлемдік өнер өрісінде  бар әдіс, режиссер осы әдісті ерекше ұтымды пайдаланған деп айта аламыз. Өзі режиссер, әрі шебер актриса деп айтайық, Гауһар Адай ойнаған «Абайдың жаны» соншама нанымды, тіпті ойнақы, ұлы Мұхтар эпопеясындағы бозбала Абайдың Қарқаралыдағы әзілкеш, тапқыр сүйкімді кейпін, талантын еске түсіргендей ме, қалай, әйтеуір кез келген творчество адамының жастық шағын еске түсіргендей... Батылдық, шешімталдық, «қуатты ойдан бой құрап, ЕРКЕЛЕНІП ШЫҚСА СӨЗ»-дің өзін сахнадан көргендей болдық.

Ал, сахнадағы Абай бейнесін біз қалай елестетеміз? Кейіпкер аузын ашса болды, «Арғын, найман жиылып таңырқаған сөзіне» данышпанды, сыртқы бейнесі иегін көтере көкжиекке телмірген, алға ұмтылған пафостық тұрпат! Оның киіз қалпақ, бөрік, тұмақ киген қалпын елестету тіпті мүмкін емес, бүгінгі күні бүкіл Қазақстан молдалары киетін униформада ғана көруге дағдыланғанбыз, болмаса, Абайға ұқсамайды деген түсінік. Сондықтан, қайсыбір көрермендер сахнадағы Абай образының қимыл-қозғалысына, сөз саптасына көңілі онша толмай,  толымды шықпады-ау деп өкініш білдіруі де мүмкін. Үйткені Қалибек Қуанышпаевтың, Бекен Имахановтың сомдаған Абайына көз үйренген көрерменбіз... Ал, Еркебұланның Абайы мен үшін биік пафоссыз, қарапайым да, шынайы Абай болып көрінді... Ішкі толғаныс, жан дүниесіндегі тартыс, әсіресе, Абайды көп қайталап оқыған көрерменге жанымен де, жүрегімен де жақын Абай.

Гауһар мен Еркебұланның жасаған бейнелері бірін бірі толықтырып тұрған толымды бейнелер, ойнаған образдарын сәтті шығарған актерлар ретінде табысқа жеткен деп айта аламыз. Бұлар спектакльдің басты образдары, түп қазықтары!

«Ыза шығар ілімнен, Қайғы шығар білімнен. Ыза мен қайғы қысқан соң, Зар шығады тілімнен» деген екен Абай.  Абайдың осы өлеңін түсіндік дейік. Бірақ, бүгін біз  осыған Абайша шын қайғырып отырмыз ба?  Осыны жазып отырған менің өзім өтірік білгішсіп, ділмәрсіп отырған жоқпын ба? Вопрос из вопросов!

Абайдың «Өлсем орным – қара жер сыз болмай ма?» деген бар ғұмырының есебіндей ерекше өлеңі бар. Бұл орыстың державный ақыны Александр Пушкиннің « Я воздвиг себе памятник нерукотворную» деген өлеңін бес орап кететін шығарма! Несімен? Шыншылдығымен! «Махаббат ғадауатпен майдасқан» Абайдың қайран жүрегі жақсылық пен жамандық, адамдық пен зұлымдық, парасат пен қызғаныш қан-қасап болып күнде шайнасқан ғарасат майданы, «қаны қара адаммын, жаны жара» деп шынын айтады. «Жасымда албырт өстім ойдан жырақ, Ашуға, айлаға да жақтым шырақ» дейді тағы да!

Мен данышпан Бекен Исабаевпен Абай трагедиясы туралы, (Абайдың сабалуы) бірнеше хабар түсірген адаммын. Бекен ағамыз айтатын: Абайдың сабалу трагедиясы оның жас күнінде Базаралы бастатқан жігітектің он жеті жігітін сібірге айдатудан басталған еді дейтін (Бұл хабарлар «Қазақстан – Семей» телестудиясының қорында және менің өзімде сақтаулы).  Ал «Дариға-ай» жастар театрының «Ғажайып трагедиясындағы» Жиренше, Оразбай, Керім бейнелері (Әбдірахман Алмас, Рауан Бейсенұлы, Әділжан Серікқалиев) дара-дара сомдалмаса да, қадари-хәлінше тұтас шыққан нағыз тобырдың бейнесі, спектакльдің соңына қарай даралануға бет алған. Ол тобыр бүгін де бар, ұрандаған ура-патиоттар, популистер, қатыбас билік пен орысқұлдар, аймақтық-тайпалық ойлау шеңберінен шыға алмайтын трайболистер мен аяқастынан арапшыл болып кеткен арапқұлдар. Ит ұяласынан қорықпайды, бүгінгі Жиреншелер, Оразбайлар, Керімдер өздерін тани алса көрім ғой...

Сахнадағы билер, қимыл-қозғалыстар, әндер, барлығын талдауға өрем жете бермейтінін айтуым керек. Қалай да болсын, өзгеше тұрпатты, тосын құбылыстар. Тосын болса да жүрекке жақын, саналы ұрпақ түсінетіндей дәрежеде.

Спектакльдегі селкеуліктер жайында театр мамандары пікірлерін айта жатар, өз пайымымда, көрермен ретінде, тұтас алғанда спектакль өз мақсатына жеткен деп ойлаймын.

«Дариға-ай» жастар театры өмірге жолдама алған әу-баста оның ұстазы, анасы десе де болады, үлкен өнерпаз Дариға Тұранқұлова тұрды. Батагөйі, алқаушысы, бағыт-бағдар берушісі – Төкен Ибрагимов болды. Ал оның бас режиссері, көркемдік жетекшісі, директоры болған Әкпарәлі Айтыбаевтың ролі ерекше еді. Бұл жаңа тұрпатты театр басшысы осы театрмен бірге туып, бірге өріліп, бірге ғұмыр кешті. Оның стилін, жол-соқпағын айқындап сызып кеткен еді. Театрдың өз подчеркі Әкпарәлі болмысымен айқындалады. Театр сол кредоға адалдығын әр қойылымында дәлелдеп келе жатыр. Ол сонысымен де басқа театрлардан ерекше айшықты!

                                                                        

Құсмілия НҰР-ҚАСЫМИ

 

СЕМЕЙ