Әлем • 04 Сәуір, 2020

Сауд Арабиясы мұнай өндірісін едәуір төмендетуге дайын

566 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем осы келісімнің нәтижесін күтіп, іштен тынып тұр. Арзан мұнай мен қымбат доллар осыған дейін талайлардың ойға алған бағасын тас-талқан етіп бұзып жіберді. 

Сауд Арабиясы мұнай өндірісін едәуір төмендетуге дайын

АҚШ пен Ресей келіссе, Сауд Арабиясының келісімге дейін екенін хабарлаған «Известия» басылымы келіссөздер  алгоритмі әлі анықталмағанын айтып өтті.

Сонымен қатар, ол Эр-Риядтың бірінші тоқсанмен салыстырғанда мұнай өндірісін шектеуге дайын ба, жоқ па, ол жағы да әлі нақтыланбапты. Бірақ келіссөз үшін ат шабылтып іс-сапарға барудың да қажеті жоқ. Кеше бұл жиын бейнеконференция форматында өтсе де оның барысы көпшілік үшін ашық болмайтыны белгілі болды.

The Wall Street Journal газеті қарсаңында Сауд Арабиясы егер басқа елдер қосылса, мұнай өндірісін 9 миллион баррельге дейін төмендетуге дайын деп жазды.

Өз кезегінде, президент Владимир Путин әлемдік энергетикалық нарықтағы ахуал бойынша кездесу барысында мұнай өндірісін тәулігіне 10 миллион баррельге дейін азайту қажеттігін атап өтті.

Бүгін таң  атқалы бері әлемдік БАҚ  ОПЕК пен одақтастар әлемде мұнай өндірісін бұрын-соңғы болмаған деңгейге дейін қысқарту туралы келісім  жобасын деп әлемнен сүйінші сұрап жатыр.  Егер бұл құжат қабылданатын болса, көмірсутегі 10 пайызға кемиді. Мұнай өндірісінің тәуліктік мөлшерін 10-15 миллион баррельге қысқартуды көздейтін жаңа ғаламдық шешім қабылдануы үшін АҚШ та қосылуы керек.  Осыған дейін белгілі болғанындай, АҚШ   президенті   Дональд Трамп мәлімдегендей, Вашингтон Сауд Арабиясы мен Ресейге өндірісті қысқартуға келісім берген жоқ еді. Бірақ АҚШ-тың ниеті   президент Д. Трамттың твитердегі жазбасынан кейін белгілі болып қалды.

Канаданың мұнайлы өлкесі – Альберта провинциясының премьері Джейсон Кенни өз аймағының өндірісті қысқарту туралы келісімге қосылуға дайын екенін  мәлімдеді. Премьер-министр Джастин Трюдо болса, осы мәселе бойынша қазір ОПЕК-пен де, АҚШ –пен де байланыс орнатқанын хабарлады

Бірақ сарапшылар мұның уақытша келісім екенін де айтып жатыр. Себебі пандемиядан әлемдік өндіріс тоқтап тұр. Әзірге қажеттілік ОПЕК те келісетін мұнай көлемін де бойына сіңіре алмайтын сияқты.  Әлемдік экономика қалпына келгенде жағдай түзеледі деп үміттенуге де болмайды.    мұнай өндірісі   бәрібір құлдырайды деген болжам бар.

Мұнай өндірісін қаншалықты қысқартатыны туралы мәселе  ОПЕК үшін №1 проблема болғалы тұр.  Бізді де бұл мәселе шындап мазалай бастады. Талай күннен бері еңсесі түсіп жабырқап қалған теңгемізді АҚШ президенті Дональд Трамптың твитердегі жалғыз ауыз сөзі тығырықтан алып шыққанын көзіміз көрді. Твитердің дипломатиясының жеңісі, Опек келісімінің оң нәтижесі біраз уақытқа дейін ес жиып алуға мүмкіндік бере де деген үміт бар.  

Жаңа келісімге Ресей, Қазақстан сияқты өндірушілердің басын қосқан ОПЕК+ тен бөлек АҚШ, Канада, Норвегия, Канада да қосылуы керек.  АҚШ қосылып қана қоймай  «тақтатастан мұнай өндіруді шектей отырып, нарықты реттеуге үлес қосуы керек», деген мәмілеге келісуі керек.    Бұған дейін, нақтырақ айтсақ кеше Ресейдің энергетика министрі Александр Новак жергілікті ақпарат құралдарына мәлімдегендей   Мәскеу АҚШ-тың өндірісті шектеу ниеті заңдық тосқауылға тап болатынын сезіп отыр.

Ақ үйдің экономикалық кеңесшісі Ларри Кудлоудың ойынша, Трамп энергетикалық нарықта америкалық өндірушілерге зияны тиюі мүмкін кез-келген халықаралық сыбайластықпен күресуге әзір болса да, оның әкімшілігі мұнай шығаратын компанияларға үстемдік ете алмайтынын айтқан.  

Халықаралық Энергия Агенттігі жұма күні ескерткендей, ғаламдық өндірісті тәулігіне   10 миллион баррельге қысқарту да жеткіліксіз. Осы орган жетекшісі Фатих Биролдың есебінше, өндіріс мұнша төмендетілсе де, запастағы мұнай мөлшері күніне 15 миллион баррельге өсе бермек. МҰНАЙ БАҒАСЫ Жақында мұнай бағасы 20 долларға дейін түскені белгілі. Ал, Трамп Ресей мен Саудияның тайталасты тоқтататынын айтқаннан кейін, яғни, жұмада 34,11 долларға дейін қайта қымбаттады. Айта кетсек, бұл - өткен жылдың аяғындағы көрсеткіштен әлдеқайда төмен: 2019 жылдың соңғы сессиясында Brent маркалы шикізаттың нарқы 66  долларға дейін көтерілген еді. 

Баға наурыздың басында РФ мен Сауд Арабиясы өндірісті қысқартуға келісе алмағандықтан күйреді.

Мұнайдың арзандауы мен өндірістің қысқаруы салдарынан Қазақстан экономикасы биыл 0,9 пайызға әлсірейді және үкімет оған Ұлттық қордан көбірек ақша тартуға мәжбүр. Бұны бейсенбіде еліміздің экономика министрі Руслан Даленов мәлімдеді. Ол үкімет отырысына айтқандай, осыған дейін 90 миллион тонна мұнай өндіруді көздеген Қазақстан биыл 86 миллион тонна көмірсутегін шығаруды жоспарлап отыр. Министрдің есебінше, негізі мұнайдан тұратын Қазақстан экспорты болжамдағыдан 16,3 миллиард долларға кеміп, бюджеттік шығын 1.672 триллион теңгеге ($3.7 млрд) азаюы мүмкін.

Үкімет Ұлттық қордан биыл экономикаға жоспардағыдай 2,7 триллион емес, 4.77 триллион теңге ($10.6 млрд) тартуды көздеп отыр.