Қоғам • 05 Сәуір, 2020

Алматы: Соғыс ардагерлеріне 1 млн теңге беріледі

436 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастық жалынын майданға берген соғыс ардагерлері мен бейнетпен белдесіп жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерін қолдау алдыңғы орында тұруға тиіс. Күн өткен сайын ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран болған жандардың қатары да сиреп барады.

Алматы: Соғыс ардагерлеріне 1 млн теңге беріледі

Алматыда соғыс және еңбек ардаргерлеріне жергілікті бюджет есебінен 50 мыңнан 1 млн теңгеге дейін көмек көрсетіледі. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

«Сәуір айының соңына дейін соғыс мүгедектеріне, сондай-ақ оларға теңестірілгендер мен еңбек майданына қатысушыларға бір реттік төлем беру жоспарланып отыр» делінген хабарламада. 

Алматыда бұл санатқа жататын 18 мың азамат бар.

Осылайша, 206 Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы және мүгедектер 1 млн теңгеден, 4 мыңнан аса адам – 100 мың теңгеден, 14 мыңға жуық адам 50 мың теңгеден 1 реттік көмек алады.