Футбол десе, ішкен астарын жерге қоятын жанкүйерлер үлкен футболды сағынды. Әдетте көпшілік тапжылмай тамашалайтын Англия, Испания, Италия, Германия және Франция чемпионаттарында үзіліс жарияланды. Басқа да мемлекеттердің ішкі біріншіліктері тоқтатылды. Өзге құрлықтардағы жағдай да дәл солай.
Іштері әбден пысқан жанкүйерлер енді Беларусьтағы жарысты тамашалауға көшті. Өз көрермендерін жоғалтпау мақсатында Ресей, Израиль, Үндістан және Болгарияның өкілдері айтулы мемлекеттің федерациясымен келсімшартқа отырды. Енді алдағы күндері сол елдерде Беларусь чемпионаты көрсетіледі.
Қазіргі кезде Беларусь чемпионатының үш туры артта қалды. Көш басында – «Энергетик БГУ» клубы. Үш матчтың барлығында жеңіске жеткен олар 9 ұпай олжалады. Тағы алты команда 6 ұпайдан иеленуде. Олар – «Слуцк», «Минск», «Торпедо-БелАЗ», «Витебск», «Ислочь» және «Славия».