Кәсіпқой бокс • 06 Сәуір, 2020

ММА: Хабиб Нұрмагомедовты алмастырады

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

18 сәуірде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ережесіз жекпе-жектен өтетін UFC турнирінде Хабиб Нұрмагомедов пен америкалық Тони Фергюсон айқасуға тиіс еді.

ММА: Хабиб Нұрмагомедовты алмастырады

Алайда коронавируске байланысты Дағыстанның мықтысы өз Отанынан шыға алмай қалды. Осы жағдайға орай көптеген маман мен бапкерлер, спортшылар әлеуметтік желілер арқылы өз пікірлерін білдіріп, жоғарыдағы әңгімені сан-саққа жүгіртті. Ал Фергюсон болса, «Хабиб менен қорықты» деп жер жаһанға жар салды.

Бұл миллиондаған жанкүйер тағатсыздана күткен жекпе-жек еді. Себебі, бүгінгі таңда жеңіл салмақтағы ең мықты спортшылар - осылар. Хабиб өзінің карьерасында ешкімнен жеңілген емес. Қазір ол UFC-дің чемпиондық атағын иеленуде. Тонидің де жеңілістің кермек дәмін татпағанына талай жылдың жүзі болды. АҚШ өкілі алтын белбеу үшін таласуға лайық екенін түрлі дүбірлі додаларда сан мәрте дәлелдеді. Осылайша, қос саңлақ арасында жоспарланған жекпе-жек бесінші рет өтпей қалды.  

Бүгін UFC-дың қожайыны Дэйна Уайт бұл турнирдің міндетті түрде өтетінін мәлімдеп, Тони Фергюсонның кіммен айқасатынын ертең жария ететінін айтты. Десек те жанкүйерлер Нью-Йорктегі турнирдің басты жекпе-жегінде кімнің өнер көрсетінін қазірдің өзінде біліп отыр. Көпшіліктің пайымдауынша, ол – АҚШ спортшысы Джастин Гэтжи.