Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Қытайдан Ақтөбеге гуманитарлық көмек келді

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда пандемия әлем елдеріне қанша жерден ауыр шеңгелін салғанымен, мемлекеттер арасындағы бір-біріне қолдау көрсетуге қатысты келісімдердің тамыры тартылмақ емес. Осынау сыни шақта еліміздегі жекелеген өңір басшылары іргелі мемлекеттердің өз республикамыздағы елшіліктерімен тікелей келісім негізінде ел-жұртқа пайдасы тиетін істерге бастамашы болуда.

Қытайдан Ақтөбеге гуманитарлық көмек келді

Осындай бағыттағы өзара келісім бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мен Қазақстан республикасының ҚХР елшілігі арасында жасалған болатын. Мұның өңір басшысы Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауы арқасында тыңдырылған игілікті іс деп есептейді.

Міне, осы келісімге орай кеше Ақтөбеге Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы мен Шаньдун өңірінен гуманитарлық көмек жеткізілді. Оның басты ерекшелігі пандемия індетінен қорғануға қатысты құрал-жабдықтар, соның ішінде медициналық бетперделер мен арнайы қорғаныш киімдері екендігі.

- Қазір бүкіл әлем дәстүрлі ем мен бүгінгі заманауи технологияны ұштастыра қолдау арқылы пандемия індетін ауыздықтай білген Қытай медицина жетістігіне тәнті болуда. Коронавирус індеті Қытай мемлекеті мен оның халқына ауыр салмақ түсірді. Соған қарамастан республикамыздың Қытайдағы елшілігі арқылы Ақтөбе облысына қолұшын созуды қажет тапқан күншығыс еліндегі билік өкілдеріне алғысымыз шексіз. Көрші мемлекеттен жеткізілген гуманитарлық көмек Ақтөбе қалалық әкімдігі мен облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы мұқтаж азаматтарға таратылады, - деді бұл жөнінде egemen.kz тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі О.С.Оразалин.