Руханият • 07 Сәуір, 2020

Кидім камзол

457 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәкен Сейфуллиннің аңызға айналған құпиясы мол өмірінің сәулелі, ең налалы сәттері өз шығармаларында, өзіне әрқилы жағдайда рухани демеу, жан тынысы болған халықтың ән күйлерінде, жалпы адамзат мәдениетінің інжу-маржаны дерлік классикалық музыкаларда (мысалы, Сәкен Анненковтың азап вагонында кетіп бара жатып Шопен мазуркаларын еске алады) жатыр.

Кидім камзол

1918 жылы Ақмолада Совдеп құ­лады. Сәкен бір топ се­ріктерімен тұтқынға алынады. Түрмеде ол жан төзгісіз азап шегеді. Сондай күйзелісті күн­дер­де артынан жүз­де­суге әкесі Сейфолла мен туған інісі Мәжит келеді. Әкесі мен інісі Сәкен­нің әбден ісіп-кеуіп, жара­қат­тан­ған аянышты кейпін көріп, сөз айта алмай ебіл-дебіл болып жылай береді. Сонда Сәкен көзіне жас алмай тұнжырап, аяқ-қолы кісендеулі болса да, өзін еркін ұстап: «Әке, ел жағдайын айтыңыз… Үй іші­­нің ахаулы қалай? Жамалекең (Сәкен­нің анасының есімі – Жамал. Сәкен осылай атап кеткен – І.Ж.) ән салып жүр ме? Жамалекең айтатын «Кидім камзол» есімнен шықпай қойды…», дейді.

Алматыда Сәкеннің үлкен әуле­тінің жұрнағы – Мәжит ақса­қалдың үйі бар. Бұл үйге Сәкен­нің кө­зін көрген зиялы кісілер, ке­ше­гі дос-жарандар, Ғабит, Сәбит, Ғабиден, Сейділ секілді атақты жазушылар, ескілікті ән­ші­­лер әр кез бас қосып, әңгіме-дүкен құрып, Сәкенді еске алысып отыратын еді. Ол отырыста, сөз жоқ, Сәкеннің өнерпаз ортасы, әндері, халықтың ән-күйлері алуан-алуан сыр болып шертіледі. Келісті жиындарда Жаңаарқа топырағының ежелгі «Кидім камзол» әнін Мәжит ақ­са­­қалдың бәйбішесі Әмина апа айтар еді сызылтып.

Бұл ән – Сәкенге ана сүтімен дарыған ән. Анасы Жамал Жаңа­ар­қадағы Тышамбай деген айтулы кісінің қызы. Өзі ұзын бойлы, қара торы, құралай көз сұлу адам болған. Сәкеннің реңі, келбеті анасына тартқан. Ал әкесі – Сей­фол­ла аңшы, балуан … жігіт дүрі болып ән шырқап, домбыра тартып жүріп алған Жамалды. Жамал ел ішінде болып жататын той-думанда, аста, шілдехана мен наурыз тойында ән салған, айтысқан. Сәкен анасының әдемі сырлы әуезін ештеңеге теңгермеген. Ол дәйім: «Мені ақын еткен Жамалекең ғой», дейді екен. Сәкен анасынан Сапалайдың «Сәулем-айын», Бір­жан салдың «Ләйлім», «Ақбаян», «Гүлдерайым» әнде­рін, қиссалардан «Көрұғлы», «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебекті» тыңдап-тыңдап, бір кезде: «Ал енді «Кидім камзол…» деп осы әнге еш құмары қанбай қой­ған. Әмина апа осы сырды былай­ша ті­ріл­теді: «Ел енемізді «Әнші Жа­мал» деп атады. Әнші десе, әнші еді жарықтық. 1934 жыл­дың қысында қайтыс болды, өз қолымыздан жөнелттік.

Ол кісі киімді әсем киді. Қап­сыр­­масы жалт-жұлт еткен ұзын, кең мақпал шапаны болатын. Не­ме­­ре­лерін екі қолтығына бала­пан­­ша шүпі­р­летіп, шапанының ете­гімен қым­тап отырып:

Кидім камзол қарадан 

қиылмаған,

Жылқым жатыр жапанда

 жиылмаған.

Қыздан сорлы жан бар ма,

тәңір-ай деген,

Өз елінен топырақ

бұйырмаған-ай!

Ақ түйенің өркеші олақ екен,

Аз ғана күн қыз байқұс қонақ

екен-ай!

Оң жағында ағаның той

тойладым,

Көрген қызық жалғаннан

сол-ақ екен-ай!

– деп балбырататын еді.

Негізі, Сәкен аға әнші, күй­ші­лерге де тәкаппар көзбен қа­ра­ды. Сол сыншы қасиетіне «төзген» сыралғы өнерпаздары да көп еді. Солардың ішінде Қо­сым­жан әнші мен Әбікен күйшіні «менің филармониям» дейтін-ді. Ал жаны сүйген бағзы бір жан­­дарға телефонмен «Кидім кам­з­ол» әнін айтып отырғанын талай көрдім. Кейде жай ғана өзді-өзіміз болып, отбасында шү­йір­­келесіп отырғанда Сәкен аға: «Қане, Жамалеке, «Кидім кам­золыңызды»… – деп басын ана­сының тізесіне сүйеп, жүзі қоңыр­қай тартып, өзгере қалып, терең ойға беріліп, шынтақтап қана үнсіз жатар еді…».

Осы жолдардың авторы Мә­жит ақсақал мен Әмина әже­нің өз аузынан «Кидім камзол» әнін үй­ре­ніп алып, оны сол кез­де­гі жас әнші Майра Ілия­со­ва­ға үйреттім. Кейін Мәжит ақсақал дүние салды. 1990 жылы көкек айында «Сәкен және музыка» деген екі бөлімді телевизиялық хабар (авторы І.Жақанов) түсірілді. Хабарға Сәкеннің өз әулеті, кезінде Сәкенді көрген, білген жақын ағайындары, ел кісілері қатысты. Әңгіме барысында Сәкен сүйген әндердің бірі ретінде Әмина апа «Кидім камзолды» жайлап өзі бастады, одан оны Майра Ілиясова тұтас айтып шықты.

Адам өмірінің бір алаңсыз қызық күндерін еске салып, «Уа, дариға, өттің дәурен!..» дегізетін тәтті мұңға тұнған «Кидім камзол» әні әйел затының тылсым құбылысты тебіренісіне таңғалдырады. Ән тек әйел үнімен ғана сезімге тиеді, әйел үнімен ғана көрікті.

 

Ілия ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, өнер зерттеушісі