Министр әріптестерінің қысқа мерзімде үлкен іс атқарып, жаңа форматқа бейімделіп, негізгі дайындықты жүргізгенін атап өтті.
– Төтенше жағдайдағы жаңа тоқсан – бәріміз үшін үлкен емтихан, сонымен қатар тамаша мүмкіндік. Осы тәжірибеден кейін еліміздің білім беру саласы өзгеретіні айдан анық. Алғашқы күннің басты нәтижелеріне тоқталсақ, бүгінде 3,2 млн оқушы қашықтан білім алуды бастады. 2,4 млн оқушы интернет арқылы қашықтан сабақ оқыды. Kundelik.kz жүйесін 2,2 млн білім алушы пайдаланды. Daryn.online платформасына 300 мыңнан аса оқушы тіркелген. Бұл платформада дайын видео сабақтарды қарап, сол сабақ бойынша берілген тапсырмаларды орындауға болады. Ал BilimLand білім беру платформасын қашықтан оқудың бірінші күні 400 мыңға жуық білім алушы қолданды. Телеарналардағы сабақтарды тыңдаған соң, үш деңгейлі тапсырмаларды орындап, форумдар арқылы мұғаліммен түсінбеген тұстарын талқылай алады. Бір ғана Kundelik.kz жүйесінде 32 млн рет секция болыпты, яғни осынша рет сайтқа кіру әрекеті тіркелді. Бұл – рекорд. Біз Egov порталындағы 15 млн секцияны көп дегенбіз. Сонымен салыстырғанда білім беру саласының бір ғана жүйесіндегі секцияның екі есе көп екенін ескерсек, жұмыстың жоғары қарқынмен басталғанын білуге болады, – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, интернетке қатысты проблемалар, техникалық ақаулар бар, оны жасыруға болмайды. Техника, интернетке жауапты министрліктер мен мамандардың нәтижелі және белсенді жұмысының нәтижесінде мұндай мәселелер уақытында шешіліп жатыр.
Қашықтан оқытудың бір тетігі – теледидар арқылы білім беру. Осы орайда «Балапан», «Ел арна» телеарналары кесте бойынша телесабақтар беруді бастады. Бұл жөнінде А.Аймағамбетов:
– Теле-сабақтар оқу жоспарына сай әзірленген. Біз жүргізген сауалдаманың қорытындысында интернетпен жұмыс істеген балалардың өзі қосымша теле-сабақтарды қарағанын білдік. Ең бастысы, біз көбірек уайымдаған ауылдық, шалғай жерлердегі оқушылар телесабақтар арқылы уақтылы білім алып отыр. Түске таяу өзім арнайы бірнеше ауылдың мұғалімдерімен, ата-аналарымен хабарластым. Сонда олар телеарнадағы сабақтарға қатысты жағымды ой-пікірлерін жеткізді. Бұл біз үшін аса маңызды, – деді. Министрдің мәлімдеуінше, барлық білім басқарламары мен білім бөлімдеріне, сонымен қатар мұғалімдерге қашықтан оқытудың ұсынымы
жолданған.
Онда мұғалім қашықтан оқыту процесін ұйымдастыру барлық мектеп үшін қатаң бекітілген дәстүрлі кесте бойынша емес, икемді, жеке кестеге сай өтетіні; бір пән бойынша сабақтың ұзақтығы көрсетілмейтіні, бұл білім алушылардың оқу мақсаттарына қол жеткізуіне және тапсырмаларды орындауына байланысты болатыны; телесабақтарды кез келген ыңғайлы уақытта BilimLand платформасынан, youtube арналарынан қайтадан көре алатыны; әр күнге оқу тапсырмасын алу әдістері мен құралдары және оларды білім алушыға ыңғайлы уақытта орындау; электронды күнделікке сабаққа қатысу туралы ақпарат енгізілмейтіні, қашықтан өткізілетін сабақтар ата-аналардың қолдауын және қатысуын, білім алушының тапсырмаларды өздігінен орындауын талап ететіні туралы ата-аналарды хабардар ету керектігі жазылған.
Ведомство басшысы осыған қоса ата-аналардан білім алушылардың тапсырмаларды орындауын фото, бейне арқылы растауын талап етуге болмайтынын, оқу тапсырмаларының көлемі Білім және ғылым министрлігі ұсынған көлемнен аспауы тиіс екенін және мұғалімдердің журнал толтырудан өзге қосымша есеп беруге міндеттелмейтінін ескертті.