Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Іркіліс болмайды

188 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елдегі жағдайға байланысты көңілдеріне күдік ұялаған Ақмола облысының диқандары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 31 наурыздағы мәлімдемесінен кейін серпіліп сала берді. Күмән сейілді, сенім орнықты.

Іркіліс болмайды

Тамылжыған табиғат аясын­да­ғы Зеренді диқандары өткен жылы табысты жұмыс істеді. Агро­тех­ни­ка­лық шараларды уақ­тылы әрі тыңғы­лықты ат­қа­рулары арқылы 299,1 мың тонна астық жинап алған болатын. Дер шағында, ын­тымақпен атқарылған істің нәти­же­сінде тұқым мен мал азығына қа­жетті ішкі қажеттілік толық қам­та­масыз етілді. Биыл ешқайдан тұ­­қым іздемейтін болды. Өздерінің қамбаларында толып тұр. Бір айта кетерлігі, соңғы төрт жылда аудан диқан­дарының маңдай тері өтеліп келеді. Осы жылдары орта есеп­пен егіс алқа­бы­ның әр гек­тарынан 18,6 центнерден астық жинап келеді. Ауа райы құбылмалы солтүстік өңірде бұл тәп-тәуір көрсеткіш.

– Биыл ылғал мол болатын сыңайлы, – дейді «Құлан» шаруа қожалығының басшысы Құлан Болатов, – су тышқандары ұя­ла­рын әдеттегідей томарға емес, жапырыла құлаған бұта­ның етегіне салыпты. Рас, бұрын­ғы­дай егістік алқаптарына қар тоқтатуды ойда­ғы­дай атқара алмай келеміз. Есе­сі­не, жомарт та­би­ғат өзі қарай­лас­қандай. Өткен жылы отбасы­мыз­бен мың гектар алқапқа егін егіп, ой­да­ғыдай өнім алдық. Биылғы көк­темде қалай болар екен деген тәрізді алаңдаушылық бар еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін бойымызға күш-қуат құйылып, құлшынысымыз артып сала берді. Мемлекет басшасының айтуына қарағанда, көктемгі егіс науқаны үшін қосымша 100 млрд теңге қаржы бөлінеді екен. Оның үстіне Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмен­дету міндетін жүктеді. Шын мә­нін­де, бұл біз сияқты ауыл шаруашылығының шағын құры­лым­дары үшін өте көп көмек.

Биыл Көкшетауға көктем кеш келді. Даладағы қасат қар­дың мұрты бұзылған жоқ. Бірақ жа­уап­ты науқанға жауап­кер­ші­лікпен дайындалу­ды мақсат қылған зе­рен­­­ді­лік диқандар қазір техника­ла­рын қамдап жатыр. Аудандық ауыл шаруа­шы­лығы бөлімінің басшысы Серік Шайкөзовтың айтуына қарағанда, биыл ау­дан диқандары 177,4 мың гек­­­тар алқапқа дәнді дақылдар отыр­­ғыз­бақ. Оның 59,5 мың гектары арпа, 4 мың гектары сұлы, одан өзге бұршақ тұқымдас дақылдар да бар. 1,7 мың гектар алқапқа картоп, 0,39 мың гектар алқапқа көкөніс отырғызылмақ.

Қазіргі заманда ауыл шаруа­­шы­лығы өндірісін әрта­рап­тан­дыру ұсынылуда. Бұл – заман талабы. Диқандар да бір дақылмен шектеліп қалмай, зығыр, рапс, жасымық, соя, күнбағыс тәрізді дақылдарды көптеп өсіруді ойластырып отыр. Бұл өнімдерге сұ­раныс та аз емес. Ауданда төрт түлік малдың басы жыл сайын өсіп келеді. Міне, осы орай­­да ауылдық округ әкімдері ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­рушілермен бірлесе оты­рып, азықтық дақылдарды көбей­ту үшін егістік алқаптардың құры­лы­мын електен өткізіп, қайта қара­ған­дары жөн.

Өтпелі кезеңде біржылдық және көпжылдық екпе шөп егу ұмыт қалған болатын. Мал азығы үшін аса қажетті осы бір іс соңғы жыл­дары айтарлықтай жанданып келе жатыр екен.

– Ауданда біржылдық және көпжылдық екпе шөптің 375 тонна тұқымы бар, – дейді Серік Шайкөзов, – үстіміздегі жылы 15 мың гектар жерге мал азығына қажетті дақылдарды себуді жос­парлап отырмыз.

Тұқым демекші, қолда бар 21,8 мың тонна тұқымның 14,6 мың тоннасы тексеруден өткен. Тексерілген тұқым қорының бірінші және екінші клас­ты көлемі 65,6 пайыз­ды құрайды. Зеренділік ди­қан­дар биыл тұқым тақсы­ре­тін тартпауға тиіс. Өйткені аудан­­дағы аттестатталған тұқым шар­уа­шылықтарының субъек­­ті­ле­рін­де 758,3 тонна жоға­ры сапалы тұқым бар. Өзде­рін ғана қамтып қоймай, көрші аудандардың шар­уа­­шылықтарына да бұл тарап­тан көмек көрсете алады.

Көктемгі егісті дер шағында, тыңғылықты атқару алдымен машина-трактор паркінің қыз­ме­тіне тікелей байланысты. Үсті­міздегі жылы үш ауыл шар­уа­шылығы егіс техникасы саты­лып алынған екен. Жоқтан тәуір дегенімізбен, шынтуайтына келгенде аздау. Дәл осы арада аудандағы ауыл шар­уа­шылығы техникасының 30 пайызының тозып тұрғанын айтуға мәжбүрміз. Біздіңше, жыл сайын машина-трактор паркінің тым болмағанда 10 пайызы жаңартылып тұрса. Сонда бірер жылда бәрін болмағанымен, қақ жартысын жаңалап алар едік. Техника қуаты жетіп тұрса, дәнді және бұршақты дақылдар он күннің ішінде егілмек. Іркіліссіз жұмыс істеу үшін 3,9 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны қажет. Әзірге оның 70 пайызы тасымалданып алынған.

Ылғал көп жылы арамшөптер де бой көтереді. Демек, диқан қауым осы бір жайды қаперінде ұстағаны жөн. Зеренділік ди­қан­дар 175 мың гектар егістік алқаптың арам шөбіне қарсы химиялық өңдеу жүргіземіз деп алақандарын ысқылап отыр. Жерің құнарлы болса, арам шөптен ада болсаң, астық шық­па­ғанда қайтеді?! 

Мемлекет басшысының өзі дем берген көктемгі егісте іркі­ліс болмайды.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы