Қазақстан • 07 Сәуір, 2020

Көне тарихымыздың көмбесін үйіңізде отырып-ақ аралай аласыз

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қым-қуыт тіршілікпен қарбаласып жүріп жайшылықта мәдениет ошақтарына бас сұғып, жан сарайымызды жаңғыртуға жиі уақыт таба бермеуші едік. Төрт қабырғаға қамап, телефон мен теледидарға телміртіп қойған қазіргі жағдай бір сәт терең ойлануға мұрша бергендей. Желідегі жеңіл дүниелерден жалыққан жұрт көне тарихтың көмбесі саналатын мұражайлардағы танымдық мұраларға үңіле бастады.

Көне тарихымыздың көмбесін үйіңізде отырып-ақ  аралай аласыз

Мәселен, Мемлекеттік орталық музейде 3D форматында жүріп жатқан виртуалды турларды соңғы аптаның өзінде тоқсан мың адам тамашалаған.

Зейін қойып, зер салсаң заманалар бедеріне бойлататын таңғажайып туындылар танымыңды тереңдетпеуі мүмкін емес. Музей  қорынан 300 мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтарын табуға болады. Ежелгі  дәуірлерден қазіргі заманға дейінгі Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне сапар шектіретін жеті тұрақты залдың жұмысын қашықтан-ақ тамашалай аласыз. Археологиялық  алтындар топтамасы,  Қазақстан тарихының этнорасогенетикалық дамуын көрсететін антропология мұралары, этнография залын толтырған бірегей  жәдігерлер – тұнып тұрған тарих.

Мың жылдық тарихы бар Алматының өткені мен бүгінінен хабар беретін шағын фильмдер топтамасы шаһардың біз білмейтін тылсым сырына үңілтеді. Туындыдан тау қоршаған тас қала тұрғындарының басы да соңы біз емес екенімізді санаңызға салмақ салып, ой елегінен өткізесіз. Азан-қазан тіршілігінен арылып, бір сәт тыным алған туған қалаңыздың тынысы ашылғанына қуанып, табиғат анамен тілдескендей әсерге бөленесіз.

1

–Мәдениет ошағының әлеуметтік желідегі парақшаларында былтыр қыркүйек айында Чехиялық көрермендердің назарына ұсынылған  «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты жылжымалы көрме туралы бейнеороликті оқырмандар жылы қабылдады. Қазақтың тарихи этнографиясының музейдегі деректік негізі һәм негіздемесі тұрғысында музей директоры, профессор Нұрсан Әлімбай арнайы онлайн-дәріс өткізді. Археология бөлімінің жетекшісі Айтқұл Хамит көрерменді  «Ақтерек шатқалының археологиялық ескерткіштері»  тақырыбында мол ақпаратқа қанықтырды. Әріптесіміз Набира Төрежанова музейдің  әйгілі Эрмитажбен бірлесе жасаған археологиялық экспедициялық жобасы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында орналасқан «Бақа төбе» ескерткішінде жүргізген қазба жұмыстарына шолу жасады. Көңіл қуантарлығы, парақшаларымызға пікір қалдырып, қызықты деректерге, кейбір жәдігерлерге қатысты сауалдарын жолдап жатқан оқырмандар көп. Мұндай кері байланыс орнатуға ниет білдірген зерделі  азаматтарға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ «Мемлекеттік орталық музей қорындағы сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар хақында бірер сөз» атты  танымдық дәріс көпшілік үшін таптырмас дүние болады ден сенеміз, – дейді Мемлекеттік орталық музейінің  баспасөз хатшысы Ақмарал Айдымбаева.