Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар саны артуда

992 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы тәулікте Жамбыл облысында коронавирусты инфекцияның тағы 5  оқиғасы анықталды. Науқастың бірі 1999 жылы туған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Ол 3 сәуір күні Тараз қаласына «Дели-Тараз» рейсімен келген.

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырғандар саны артуда

Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметінше, аталған рейстің барлық жолаушылары ұшу жолағынан бірден арнайы автобустарға отырғызылып, медициналық және полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруімен карантиндік стационарға жатқызылған. Медициналық мекемеде олардан 14 күн бойы қайталанған қан талдаулары алынады. Сондай-ақ, Тараз қаласының 59 жастағы тұрғынынан да инфекцияға алынған қан талдауы оң нәтиже көрсеткен. Ол бұған дейін ауырған науқаспен байланыста болған. Онымен қарым-қатынаста болған 24 адам анықталып, карантинге жатқызылған.

Ал, үшінші науқас облыс орталығының 86 жастағы тұрғыны болып шықты. Эпидемиологиялық тексеру барысында оның 17 наурыз күні Алматы қаласынан келген жақын туысымен байланыста болғаны белгілі болды. Науқаспен қарым-қатынаста болған 5 азамат анықталып, карантинге орналастырылды. Сондай-ақ, Меркі ауданының 1990 және 1998 жылы туған екі тұрғынының қан талдауы қорытындалары коронавируске оң нәтиже көрсеткен. Олармен байланыста болған 17 тұлға карантиндік стационарға орналастырылып, оқшауланды. Бүгінде науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау, оларды карантиндік стационарға орналастыру, зертханалық зерттеу үшін талдаулар алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Санитарлық-эпидемиялық қызметтер олардың тұрғылықты және барған жерлері бойынша да дезинфекциялық өңдеу шараларын жүргізуде.

 

Жамбыл облысы