Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Семейде 61 жастағы науқастың денсаулығы жақсара бастады

620 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір өкпесінен жасанды желдету құрылғысы алынып, өздігінен демалып жатыр.

Семейде 61 жастағы науқастың денсаулығы жақсара бастады

Жасыратыны жоқ, қазір жаһанторға кіруге де қорқатын болдық. Кірсеңіз, мына әлемді жайлаған дерт туралы ақпарат тасқынынан қарадай қарап жүрегіңіз шайлығады. Сондай кезде көңілге дем беретін, ойыңызды бір сәт оңашаға жетелеп әкететін басқа бір дүние іздейсіз.

л

Кеше әлеуметтік желіден облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ілияс Мұхамеджанның мына бір постын оқып, «Төрткүл дүниені алаңдатқан індетке қарсы тұруға да болады екен-ау» деген үміт оты пайда болғаны рас.

д

«Бүгінгі күні біздің облыста 6 адамнан коронавирус инфекциясы анықталғаны белгілі. Қазір Семей мен Өскемен дәрігерлері күн-түн демей, үйлеріне бармастан оларды емдеуге бар күш-жігерлерін салып жатыр. Бір қуаныштысы, 6 сәуір күні 28 наурыздан бері ауруxанада жатқан 1959 жылғы семейлік ер азаматтың жағдайының біршама жақсарғаны байқалды. Ол кісі алғаш ауруханаға түскенде өздігінен дем ала алмай, өкпесі жасанды желдету аппаратына қосылған болатын. Қазір өкпесінен жасанды желдету құрылғысы алынып, өздігінен демалып жатыр. Бұл – Семей мен Өскемен қаласының дәрігерлерінің, оның ішінде реаниматологтар мен анестезиологтардың жанкешті еңбегінің нәтижесі. Ешкімді де бөле жарғым келмейді. Барлығы жұдырықтай жұмылып, бұған дейін өңірдің емханаларына сатып алынған заманауи технологиялар көмегімен науқастарды емдеп жатыр» деп жазыпты басқарма басшысы өзінің фейсбуктегі парақшасында.

ак

Аты жаман індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің үйлеріне бармай, емханаға қонып, жұмыс істеп жатқаны белгілі.

са

Осы орайда ерекше атап өтер дүние, бастарын қауіп-қатерге тігіп еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен олардың жақындарына өзге ауруханаларда жұмыс істейтін әріптестері де көмек қолын созып, бірі жеміс-жидек, енді бірі қазы-қарта, қымыз әкеліп, қолдау білдіріп жатқан көрінеді. Ал үйлеріне бармай жұмыс істеп жатқан дәрігерлер өздері еңбек ететін емханадағы арнайы бөлмеде кезекшіліктен тыс уақытта көңілдерін сергітіп, жаттығулар жасап, спортпен шұғылданады екен.

Шығыс Қазақстан облысы

 Суреттер І.Мұхамеджанның фейсбуктегі парақшасынан алынды