Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Жамбылда шектеу шараларына байланысты мәселелер туындауда

656 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның таралу деңгейінің тұрақтылығын сақтау мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Алайда, өңірде шектеу шараларын қолдануға байланысты өзекті мәселелер туындауда. Бұл туралы облыстық жедел штаб отырысында айтылды.

Жамбылда шектеу шараларына байланысты мәселелер туындауда

Жамбыл облысының әкімі, штаб басшысы Бердібек Сапарбаев қауіпті инфекция анықталған азаматтар оқшауланып, олардың қажетті медициналық көмек алып жатқандығын және денсаулық жағдайлары тұрақты екендігін атап өтті.

«Статистика көрсеткендей, ауырғандардың басым бөлігі біздің облысқа өзге өңірлерден келгендер. Осыған орай блок-бекеттердегі жұмысты күшейту қажет. Мен кейбір блок-бекеттерде болып, ондағы жұмыстардың өте әлсіз ұйымдастырылғанына көз жеткіздім. Көлік пен азаматтардың қозғалысын бақылау нашар жүргізілуде, көбіне салғырт қаралуда. Мұндайға жол беруге болмайды. Әсіресе, Қырғыз Республикасымен шекарадағы «Қарасу»және «Айша бибі» өткізу пункттерінің  жұмысын барынша ширату керек», деді әкім. Ал, облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және төтенше жағдай аясында қабылданып жатқан әлеуметтік төлемдер жөніндегі ұйымдастыру шаралары туралы баяндады. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 690 инфрақұрылымдық жоба анықталса, оларды жүзеге асыру үшін 56 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Нәтижесінде 18,7 мың уақытша және 1100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Ол сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде табыстан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындауға байланысты бірқатар жайттарға тоқталды. Соның бірі – екінші деңгейдегі банктердің кеңселерінде және «Қазпошта»бөлімшелерінде шот ашуға ниет білдірген адамдар қарасының қалыңдығы. Бұл орайда Ұлттық банктің облыстық филиалы мен «Қазпошта» АҚ филиалының басшылығына тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.

 

Жамбыл облысы

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар