Спорт • 07 Сәуір, 2020

Үстел теннисінен әлем чемпионаты күзде өтеді

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавируске байланысты кейінге шегерілген үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты үстіміздегі жылдың 27 қыркүйегі мен 4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтеді деп жоспарлануда. 

Үстел теннисінен әлем чемпионаты күзде өтеді

Ұлттық құрамалар арасындағы әлемдік дода сонау 1926 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы кездері Еуропа өкілдерінің мысы басым болса, кейіннен азиялықтар алдарына жан салмады. Тарқатып айтсақ, 1926-1955 жылдар аралығында Венгрия құрамасы 10 рет топ жарса, Чехияның үстел теннисшілері алты мәрте топ жарды. Австрия, АҚШ және Англияның өрендері бір-бір реттен жеңімпаз атанды.

1954 пен 2018 жылдар аралығында Швеция төрт және Венгрияның бір рет бас жүлдені олжалады. Өзге жарыстардың барлығында Азия құрлығында орналақсан мемлекеттерінің сайыпқырандары үстемдік құрды. Сол аралықта Қытайдың қырандары 21 мәрте теңдессіз деп танылса, Жапонияның жампоздары жеті рет дара шықты.

Сондай-ақ соңғы тоғыз командалық әлем чемпионатында Аспанасты елінің үстел теннисшілері ешкімге есе жіберген жоқ.