Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Қызылорда: Төтенше жағдай кезінде той жасау тоқтамай тұр

1437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында індеттің таралуын болдырмау мақсатында бүгін   өңірдің бас санитарлық дәрігерінің №7 қаулысы қабылданды. Осыған сәйкес бекітілген бірқатар шектеулер мен қауіпсіздік шаралары жайлы облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев онлайн брифингте айтып өтті.

Қызылорда: Төтенше жағдай кезінде той жасау тоқтамай тұр

Қаулыға сәйкес азаматтарға дәрілік заттар, азық-түлік алу үшін ғана үйінен шығуға рұқсат етіледі. Медициналық көмек алатындар мен жұмысқа баратындар арнайы анықтама немесе куәліктерін көрсетуі қажет.

Сонымен қатар 55 жастан асқан азаматтарға көшеге шығуға тыйым салынып отыр.

Осыған дейінгі шектеулерге қарамастан 17 үй иесі өз ауласында той жасап, 48 дәмхана қызметтерін жалғастырған. Мобильдік топ жүргізген рейдтік шара нәтижесінде төтенше жағдай уақытында белгіленген талаптарды бұзған 90 факті анықталды, – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары.

Жалпы, осыған дейін төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 179 тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, оның 116-і қаралып, 54 айыппұл салынды. Алпыс екі адамға әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған.  

Шиелі кентінде бірнеше компьютерлік клуб жұмыстарын жалғастырғаны үшін иелері 10 тәулікке қамауға алынған. Блок бекеттерді айналып өтпек болған 11 адамға әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды.

Талғат Айтбайұлы төтенше жағдай режимдi бұзып, талаптарды орындамаумен қатар жалған ақпарат таратқандарға да қатаң шаралар қолданылатынын айтып өтті.