«Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі. Дәл осы тұста бәрімізге халқымыздың әрдайым үлкенге – құрмет көрсетіп, кішіге – қамқор болатын абзал қасиеттері септігін тигізеді деп сенемін» делінген Елбасы мақаласында.
Елбасы қиын жағдайда көмекке мұқтаж жандарды қолдауға шақырды.
«Адамның өзіне деген сенімі – үлкен күш. Бұл бойымызға – қажыр, денемізге – қуат, жүрегімізге сенім ұялатады. Біз қазір көмекке аса мұқтаж қарияларды, ардагерлерімізді, көпбалалы аналарды, әл-ауқаты төмендерді, жұмысқа жарамсыз жандарды ерекше қамқорлыққа алуымыз керек. Халқымыздың бойындағы ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жеткен ең ізгі қасиеттер бізді осыған үндейді»,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.