Коронавирус • 08 Сәуір, 2020

Жаман індет жаназа кезінде жұққан

633 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемді шарпыған коронавирус індетінің жаңа дерегі күн санап артып келеді. Өкінішке қарай, бұл аты жаман індет елімізді де айналып өткен жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен нау­рыз айында елімізде төтенше жағдай енгізіліп, қауіпті індеттің алдын алу жұмыстары күшейтілді. Десе де, коронавирус инфекциясы аз уақыттың ішінде өңірлерге де тарап үлгерді. Наурыз айында індеттің алғашқы дерегі Жамбыл облысында да анықталды.

Жаман індет жаназа кезінде жұққан

Індет белгілері Қырғыз, Ресей мемлекеттерінен келген азаматтардан табылған болатын. Бүгінде облыс бойынша шектеу шаралары енгізілген. Облыс орталығы Тараз қаласы 7 сәуірден бастап карантинге жабылды. Өңірде қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген десек те, індеттің күн санап көбеюі тұрғындардың да тынышын кетіріп отырғаны жасырын емес. Тиісті мекемелер халыққа барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертулер жасауда.

Биылғы 6 сәуірде Жамбыл облысында індет жұқтырған тағы да 7 жағдай анықталған болатын. Оның біреуі Нұр-Сұлтан қала­сының тұрғыны екен. Ол өз авто­кө­лігімен Тараз қаласында тұратын ата-анасына келген. Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, қал­ған 6 деректің бәрі де Қордай ауданынан тіркелген. Індетті жұқ­тыр­ғандар Қордай ауданының 1958, 1963, 1968, 1971, 1988 және 2001 жылы туған тұрғындары болып шықты. Оларға індет 17 наурыз күні жақын туысын жерлеу рәсіміне келген Нұр-Сұлтан қаласының 30 жастағы тұрғынынан жұққан. Бүгінгі таңда науқастармен байланыста болған адамдарды анықтау, оларды ка­ран­тиндік стационарға орналастыру, зертханалық зерттеу үшін талдаулар алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ санитарлық-эпидемиялық қызметі олардың тұра­тын және барған жерлері бойынша да дезинфекциялық өңдеу шараларын жүргізуде.

Бүгінде адамдардың бір жерге көп жиналмау керектігі жөнінде талап бар. Расында да, кеселдің күн санап өршіп жатқаны мынау. Алайда топырақты өлім ешқандай жағдайға қарамайды. Жамбыл облысының Қордай ауданында індеттің 6 бірдей тұрғынға жаназа кезінде жұққаны белгілі болып отыр. Мұндай жағдайда адамдар не істеуі керек, енді жаназаға қатысудың мүмкіндігі қалай қарастырылады және өңірдегі жағдайлар бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкілі, облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлға хабарластық. «Ескерту бойынша, бір кісі қайтыс болса, оның жаназасына тек ет жақын­да­ры ғана келуі керек еді. Негізі жа­на­заға көп адам қатысса, күнәсі ке­ші­ріледі деген ниетпен бұрын көп адам шақырылатын. Енді мынандай қиын кезеңде көп адам жиналуға болмайды. Өңірдегі имамдардың бәріне де қауіпті індеттің алдын алу үшін мұндай жерлерге адамдардың көп жиналмауын қадағалауды тапсырып отырмыз. Қазір індеттің таралуына байланыс­ты, мешітте де намаз жамағатпен оқылмайды. Азан айтылып болған соң да азаматтарға намазды үйде оқу керектігін айтудамыз. Бірақ жекелеген кісілер мешітте намазын оқи беруіне болады», дейді Қанат Жұмағұл.

Әрбір адамның денсаулығы мен амандығы қымбат. Бұл ретте азамат­тар­дың өздері де қауіпсіздік шараларын мейлінше сақтап, ортақ тәртіпке бағынғандары жөн. Соңғы деректер бойынша, Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 40-тан асып кетті. Әкімдіктің мәліметінше, олардың ішінде Нұр-Сұлтан, Қостанай қалаларынан келген азаматтардан да індет белгілері анықталған. Бұл ретте Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен көр­се­­тілетін қызметтердің сапасы мен қа­уіп­сіздігін бақылау департаменті жер­­гілікті тұрғындарды қауіпсіздік талап­тарын сақтауға шақырады. «Жамбыл облысы аумағында эпидемиолог мамандар коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында тәулік бойы то­лассыз жұмыс атқаруда. Бірақ бұл жұмыстар тұрғындардың қол­дау­­­ла­рынсыз нәтиже бермейді. Сон­дық­тан да әрбір азаматтың про­фи­лак­тикалық міндеттерді сақ­та­уын өтінеміз. Әрбір тұрғыннан бұл мәсе­леге жауапкершілікпен қарау­ды сұ­раймыз», дейді аталған депар­та­мент­тің баспасөз хатшысы Әйгерім Әбдірахманова. Шынында да індетті қарапайым қағидаларды қатаң сақтау арқылы да жеңуге болады. Бүгінгі ушығып тұрған жағдайда әрбір аза­мат­тың карантин талаптарына да бей-жай қарамағаны дұрыс.

Кесел қайдан келеді? Тілсіз жау тұрғындар арасына да үрей салуда. Осы уақытқа дейін коронавирус індеті Қырғыз, Ресей мемлекеттерінен келген азаматтардан анықталғанын айттық. Тағы 3 сәуір күні Үндістан мемлекетінің Дели қаласынан «Әулие-Ата» әуежайына ұшақ келіп қонған болатын. Өкінішке қарай, Делиден ұшып келген біраз адамнан да індет белгілері табылды. Бұл ретте өңірде шекара қауіпсіздігіне әлі де қатаң бақылау қажет. Коронавирус індетінің алдын алу мақсатында өткен жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі блок-бекеттердің жұмысын сынға алған. «Статистика көрсеткендей, ауырғандардың басым бөлігі біздің облысқа өзге өңірлерден келгендер. Осыған орай блок-бекеттердегі жұмысты күшейту қажет. Мен кейбір блок-бекеттерде болып, ондағы жұмыстардың өте әлсіз ұйымдастырылғанына көз жеткіздім. Көлік пен азаматтардың қозғалысын бақылау нашар жүргізілуде, көбіне салғырт қарауда. Мұндайға жол беруге болмайды. Әсіресе Қырғыз Республикасымен шекарадағы «Қа­ра­су» және «Айша бибі» өткізу пункт­терінің жұмысын барынша ширату керек», деді әкім. Бүгінде облыс­та­ғы карантиндік режімдегі госпитальда 1190 адам жатыр екен. Ал үй карантиніне 813 адам алынған. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев індет жұқтырғандардың бар­лығы республиканың өзге өңір­ле­рін­де және шетелде болып келгендер екенін айтты.

Бүгінде өңірде індеттің алдын алуға тиісті мүмкіндіктер қарас­ты­рыл­ған. Инфекцияның алдын алу мақ­с­атында ел Үкіметінің резер­­ві­нен Жамбыл облысына ме­ди­циналық пре­параттарды сатып алуға 536,9 млн теңге бөлінген. Оған 3 мың экспресс-тест сатып алынған. Сондай-ақ өңірдегі фармацевтикалық фаб­ри­када және шағын цехтарда меди­ци­налық маскалар шығарылуда. Бұл да тұрғындардың қауіпсіздігін қам­та­масыз етуде үлкен көмек. Қазір­гі кезде облыстың Қордай ауда­нын­да індетті жұқтыру дерегі көп тір­келіп отыр. Өткенде жаназа ке­зінде індет жұқтырған 6 адам­ның да осы аудан тұрғындары болып шық­қа­ны тағы бар. Аудан әкімі Рүстем Дәулетке хабарласқанымызда, ол блок-бекеттердің жұмысын жиі қа­да­ғалап жүргенін, ауданда мей­лін­ше қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін жеткізді. Ал мұндай ке­зеңде дәрігерлердің көмегі де көпке ауадай қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев басын қатерге тігіп, науқастарды емдеп жүрген дәрігерлерді қолдайтынын айтқан болатын. Шынында да медицина қызметкерлерінің еңбегі ерен. Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы бас дәрігерінің инфекциялық жұмыс бойынша орынбасары Серік Жетібаев та індеттің алдын алу мақсатында күресіп жүрген дәрігердің бірі. Оның айтуынша, бүгінде өңірде науқастарды емдеу жұмысына 55 медицина қызметкері жұ­мылдырылыпты. Олар тіпті үй­ле­ріне де бармай, науқастарды айық­ты­рудың қамымен жанталасып жүр. Дәрігерлер де тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертуде.

Бүгінде коронавирус індетінің алдын алуда мемлекет тиісті жағдайды жасап отыр. Бірақ көпшіліктің көңілін күпті еткен кеселдің ауыздықталар түрі жоқ. Бір ғана Жамбыл облысының өзінде індет жұқтырғандардың саны 40-тан асып кетуі көңілге кірбің салатын жайт. Десе де, әрбір тұрғын қандай жағдайда да шектеу шараларына бағынып, қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, қауіптің сейілетін күні де алыс емес.

 

Жамбыл облысы