Үкімет • 08 Сәуір, 2020

Құрылыс саласы тұраламауға тиіс

316 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ла­­ма­сының іске асырылу барысы, суармалы жерлердің ирри­гациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері қаралды.

Құрылыс саласы тұраламауға тиіс

Алдымен Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов коро­навирусқа байланысты елдегі ахуал жайлы баяндама жасады. Оның айтуынша, бір күнде коронавирус жұқтыру бойынша өсім 13 пайызға жеткен.

– Қазір бүкіл ел бойынша 670 науқас тіркелді. Кеше өсім дең­гейі 13 пайызды құрады. 78 нау­­қас­тың екеуі елордада, үшеуі Ал­маты қаласында тіркелді. Бас­қа өңірлерде 73 науқас анық­талды, – деді ол.

Министр келтірген мәлімет бойынша, өткен тәулікте өңірлер арасында ең жоғары өсім Ақмола облысында тіркелген. Облыста 6 сәуірде 19 адам инфекция жұқтырған, өсім – 83 пайыз. Екін­ші орындағы Қарағанды облы­сында 16 науқас анықталды, өсім – 50 пайыз. Үшінші орын­дағы Қызылорда облысында жұқ­­­тыр­ғандар – 13 адам, өсім – 35 па­йыз. Жамбыл облысында 12 жаңа науқас анықталып, өсім 43 па­йызды құрап отыр. Жал­пы, қазір ең үлкен өсім осы өңір­лер­де. Бұл дерттен алты адам қайтыс болып, қырық алты адам емделіп шықты.

 

Құрылысты қаржыландыру кейінге қалмауы керек

Күн тәртібіндегі мәселе «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ла­масының іске асырылу барысы туралы Индустрия және инф­рақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев баяндады. Ол биыл аталған бағдарлама аясында 15 млн шаршы метр немесе 150 мың тұрғын үй салу жоспарланғанын айтты.

– Мемлекеттік инвестициялар есебінен әлеуметтік жалға бері­­летін және кредиттік 38 300 пә­тер (2,2 млн шаршы метр) сатып алынады және салынады. Оның ішінде сатып алу құқы­ғын­сыз жалға берілетін тұр­ғын үй салуға және сатып алуға
90 млрд теңге көзделген. Жал­ға бе­рі­ле­тін тұрғын үймен 12 600 от­ба­сы­ны қамтамасыз ету жоспар­лан­ған. Соның ішінде 6 мың көп бала­лы от­басы, 1 мың жас маман,
5 600 халық­тың әлеуметтік осал топ­тарының санатында кезекте тұрғандар бар, – деді бірінші вице-министр.

Қ.Өскенбаев хабарлағандай, кредиттік тұрғын үй құрылысына 2017 жылдан бастап 207 млрд теңге бағытталды. Бұл қаражат әкім­ді­ктерде револьверлік негіз­де айналымда.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банк дағдарыс кезінде құрылыс са­ласын қолдау және халықты жұ­мыспен қамту үшін 180 млрд тең­ге қосымша бөлді. Осы қара­жат­ты алу үшін әкімдіктер обли­га­­ция шығаруға дайындалып жа­тыр. Облигация шығару 7 сә­уір­­ге жос­парланған, – деді Ө.Өскен­баев.

Белгілі болғандай, еліміздегі 4 өңір (Нұр-Сұлтан қаласы, Жам­был, Қызылорда, Қостанай облыстары) облигация сатып алуға дайын. 12 өңірде бұл үдеріс іске асырылуда. Барлығы кредиттік тұрғын үймен 25 700 отбасы қамтамасыз етілетін болады.

– «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі» ағымдағы жылы 49 млрд теңге есебінен көп балалы отбасыларға, толық емес отба­сыларға және мүгедек балалары бар отбасыларға жылдық мөлшерлемесі 2%-дық жеңілдікті қарыз беруді жалғастырады. Тұр­ғын үй жағдайларын 5 мың аза­мат жақсартады. Тұрғын үй құ­ры­лыс жинақ банкі 2019 жылдан бастап 49,3 млрд теңге сомасына 4955 қарыз берді, – деді Қ.Өскенбаев.

 Бүгінде экономиканың тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ету және жұмыс орындарын сақтау шең­берінде «Нұрлы жер» бағдар­ламасына өзгерістер енгізу туралы қаулының жобасы әзірленді. Негізгі өзгерістер мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігін енгізу бөлігінде қанатқақты жобаны іс­ке асыруға, қаржыландыруды 180 млрд теңгеге ұлғайтуға, 1 шар­­шы метр үшін құрылыстың шек­ті құнын арттыруға және кре­диттік тұрғын үй бойынша нә­тижелер көрсеткіштерін түзетуге бағытталып отыр.

– Отандық құрылысты қол­дау кезінде құрылыс индустрия­сына ерекше мән беріледі. Құ­ры­лыс өнімдері нарығында негізгі материалдарға қажеттілік 669 млрд теңгені құрайды. 330 млрд теңгенің өнімі өндіріліп жатыр. Импортты алмастыру жұ­­мысы шеңберінде 33 жаңа жоба іске асырылуда. Осы кәсіп­орындар іске қосылғаннан кейін импорттың үлесі 54%-ға тө­мен­дейді, – деді Қ.Өскенбаев.

Бүгінде құрылыс саласына және аралас салаларға (құрылыс индустриясы, логистика, сауда, қызмет көрсету және т.б.) шамамен 642 мың қазақстандық тар­тылған.

Тұрғын үй құрылысының қанат­қақты жобасы бойынша қосымша бөлінген қаражат шең­берінде 15 мың жұмыс орны құ­рылып жатыр. Құрылыс индус­триясында 29 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Им­порт­­ты алмастыратын 33 кәсіп­орын­да шамамен 8 мың жұмыс­шы еңбек етеді деп жоспарлануда.

– Әсіресе оңтүстік өңірлерде құрылыс маусымы басталды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуі тиіс. Ал кейбір өңірлер кейінірек қаржыландыруды көз­деп отыр. Бұл нысандарды уақ­тылы пайдалануға беруге кері ықпал етеді. Өңірлерді жұ­мыс­тарды жеделдетіп, тұрғын үйлерді пайдалануға беру бо­йынша жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз етуді сұраймын, – дейді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.

Оның айтуынша, әкімдіктер облигацияларды сатып, «Бәйте­рек» ҰБХ» АҚ-дан қаржы алуға әзір болуы тиіс. Алайда өңір­лер ұйымдастырушылық мәсе­лелерін әлі күнге дейін толық пысықтап үлгерген жоқ. Өңір­лердің айналымында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-дан тұрғын үй салуға тартыл­ған қаражат бар, бірақ олар мін­деттемелерін өтеуге тарту ту­ралы өтініш білдірген жоқ. Бұ­ған жол беруге болмайды. Бағдар­лама талаптарын мүлтіксіз сақтау қажет.

 

Суқоймалар жаппай толтырылуда

Жиында суарылатын жер­лердің ирригациялық инфра­құрыл­ымын жаңғырту мәселесі бо­йынша Геология, экология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев пен Ауыл шаруа­шылығы министрі С.Омаров баян­дама жасады.

Қазір Қазақстанда 1,5 млн гек­тар суармалы жер бар. Олард­ың ба­сым бөлігі оңтүстік облыс­тарға тие­сілі. Өткен жылы сол жер­лерді суа­ру үшін 12,3 млрд текше метр су жұмсалды. Бұл елі­міз бойынша тұ­тынатын судың 67%-ын құ­рай­ды.

Геология, экология және та­би­ғи ресурстар министрі М.Мыр­зағалиев хабарлағандай, соңғы 50 жылда әлемде суарма­лы жерлердің көлемі 2,2 есеге арт­ты. Осының арқасында атал­­ған жерлерде гектардан алы­на­тын өнім 40 %-ға өсті. Азия айма­ғын­да бұл көрсеткіш айтар­лық­тай көтерілді. Әсіресе Қытай мен Үн­ді­станның қосқан үлесі қомақты.

̶ Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, 2050 жылға қарай әлемде суармалы жерлердің көлемі 6%-ға өседі, бұл ретте суармалы жерлерде 1 гектар жердің өнімділігі 38%-ға артады. Сумен қамтамасыз етуді арттыру және қалпына келтіру үшін Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Ақтөбе облыс­тары бойынша көлемі 492 мың гектар суармалы жерде тиісті жобалар іске асырылуда. Олар қаржыландыру көздеріне байланысты 4 бағытқа бө­лінген. Жалпы сомасы 274 млрд теңгені құрайды, – деді М.Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, 2022 жыл­дың соңына дейін 6 785 ша­қы­рым канал, 4 суқойма, 4 су тора­бы, 239 дренаж ұңғыма және 23 мың өзге де су шаруашылық нысандары салынады және қайта жаңартылады.

Барлығы 88 мың жұмыс орны құрылады. Соның ішін­де 11 мың жұмыс орны құры­лыс кезінде пайда болады. Құрылыс материал­дарын өндіру, техноло­гия­лық жабдықтар мен техника­ны жеткізу бойынша аралас са­лалардың жұмысын жандан­ды­руға қосымша мүмкіндік туады.

– Ең бастысы, қалпына кел­тірілген суармалы жерлерді айна­лымға енгізу барысы ауыл ша­руа­шылығында 77 мың тұ­рақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осы жерлер­дегі ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемі жылына 165 млрд теңгені құрайды. Ол өз кезегінде сауда, өнімді қайта өңдеу, мал шаруашылығы салаларына мультипликативтік әсер етеді, – деді министр.

Осылайша, Дүниежүзілік банктің займы арқылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында жерді суару үшін инфрақұрылым қалпына келтірілмек. Жобаны іске асыру шеңберінде 47 сорғы стансасы мен 91 шақырым құ­быр желісі салынады. 3 мың шақы­рым канал мен 302 дренаж құдық қалпына келтіріледі.

Геология, экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, биылға арналған гидрологиялық болжамға сәйкес, еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында су аз болады деп күтілуде. Соған орай, қазір су қой­малары толтырылып жатыр. Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында 205 шақырым канал тазаланған. Сондай-ақ 335 гидротехникалық нысан жөнделіп, 39 шақырым канал бетонмен қапталды.

Өз кезегінде Ауыл шаруашы­лығы министрі С.Омаров суармалы жерлерде егілетін дақылдар құрылымында дәнді масақты дақылдар – 25,6%, азықтық да­қыл­дар – 26%, мақта – 9,3%, май­лы дақылдар – 6,6%, күріш 6,2% ауқымды үлеске ие екенін атап өтті.

̶ Қазір суармалы жерлерде негізгі үлес бидай мен арпа сияқты дақылдарға берілді. Көкөніс-бақша дақылдары мен азықтық дақылдарға көшу арқылы алаң­дарды әртараптандыру жұмысын жүргізуі қажет, – деді С.Омаров.

Министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­­шілерді заманауи ыл­­ғал үнем­дегіш технология­ларын енгі­зуге ынталандыру мақ­­­­сатында инвес­тициялық суб­си­­­дия­­лау қолда­нылады. Бұл тар­тыл­­­ған инвес­ти­циялардың 50%-ын өтеуге, сондай-ақ фер­мер­лерді оқытуға, америкалық «Val­mont» компаниясы салатын демон­страциялық фермалар желісін қолдануға мүмкіндік береді.

Тақырыпты қорытындылау ба­ры­сында Үкімет басшысы А.Ма­мин Президенттің Жол­дау­дағы тапсырмасын негізге ала отырып, 2030 жылға қарай суар­малы жерлердің көлемін 1,5 млн гектардан 3 млн гектарға де­йін біртіндеп ұлғайту қажет­тілі­гін атап өтті. Премьер-Ми­нистр суар­малы жерлердің инфра­құры­лымын ауқымды түрде кеңей­ту агроөнеркәсіптік кешен­ді да­мытуға елеулі серпін бер­еті­нін, бұл ел экономи­касының құ­ры­лымында маңызды секторға айналуы тиіс екенін атап айтты.