Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Онлайн форматта отбасылық байқау өтті

662 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде қоғам тыныштығын қорғаған полицейлердің жұмысы қауырт болатыны белгілі. Соған қарамастан олар отбасылық құндылықтарды, салауатты өмір салтын насихаттау шараларын да ұмыт қалдырмайды. Жуырда облыстық полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы «Мықты отбасы – есірткіден алшақ!» ұранымен онлайн форматта отбасылық конкурс ұйымдастырды.

Онлайн форматта отбасылық байқау өтті

Қырық отбасы қатысқан сайыс шартына сәйкес әр шаңырақта құрылған команда мүшелері – ата-аналар, әжелер мен балалар үш номинация бойынша өнер көрсетті.  

Әуелгі шарт команда мүшелерін таныстыру болды. Содан кейін музыка әуенімен команданың барлық мүшелері қатысқан флешмоб көрсетілді. Соңында отбасында жиі шырқалып, сүйікті әуенге айналған әнді айту тапсырылды.

Командалар өздерінің өнерін бейнетаспаға, фотоға түсіріп конкурстық комиссияға әлеуметтік желілер мессенджерлері арқылы жіберді.

Байқауға қатысушылардың көпшілігі конкурс шарттарын тиянақты орындап, түрлі деректер арқылы нашақорлық проблемасын, оның қоғамға зардабын да шебер көрсетті. 

Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес Шиелі ауданындағы Бөпежановтар отбасы жеңімпаз атанды. Шаңырақтың отағасы мен отанасы білім беру саласының өкілдері.  

Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталады.