Қазақстан • 08 Сәуір, 2020

Егіс науқанына бөлінген 70 млрд теңгенің басым бөлігі шаруаларға берілді

416 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы аграрлық саланы қаржыландыру басым бағыттардың бірі екенін айтып, ҚазАгро холдингіне және оның еншілес ұйымдарына тиісті міндеттер жүктегені белгілі. Бұл бағытта нақты қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы «ҚазАгро» холдингі» АҚ  Басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев айтып берді.

Егіс науқанына бөлінген 70 млрд теңгенің басым бөлігі шаруаларға берілді

̶  Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыздағы мәлімдемесінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 70 млрд теңге және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 100 млрд теңге бөлуді тапсырды. Ел Президентінің бұл жасаған Үндеуі елдегі шаруаларға жігер сыйлап отырғаны анық,  ̶  дейді Басқарма төрағасы.

Оның айтуынша, оңтүстік өңірлерде көктемгі егіс жұмыстары басталып кетті. Орталық және Солтүстік аймақтар дайындық шараларына кірісіп, техникаларын түгендеп отырған жайы бар.

Осы орайда, ең бастысы фермерлердің алдымен қаржыға тез және оңай қол жеткізілуін ескеріп, «ҚазАгро» Холдингінің еншілес ұйымы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы фермерлердің жеңілдетілген несие алуына үлкен өзгерістер жасады. Маңызды шешімнің бірі, Корпорация өз филиалдарының дербес шешім қабылдау лимиттерін (200 млн.теңгеге дейін) ұлғайтып, несиелік комитеттердің қашықтан жиын өткізу, құжаттар мен төлем құжаттарына қашықтан қол жеткізу тәжірибесі енгізілді. Бұл дегеніңіз, елдегі төтенше жағдай режимі өтінімдерді қарау мен несие беру процесстеріне кері әсер етпейді деген сөз. Бүгінгі таңда «ҚазАгро» мен оның еншілес ұйымдарының үздіксіз жұмыс істеуде.

̶ Тағы бір маңызды шешім, бұл кепілдік саясатына қатысты. Елімізде енгізілген төтенше жағдайға қарамастан кепіл шарттарын жеңілдетіп, несие алушылар тапсыратын құжаттар тізімін азайттық. Несиенің сыйақы мөлшері мен шешім қабылдау мерзімі қысқарттық, жалпы, бизнес-процестерді оңтайландыру үшін жан-жақты шаралар қабылданды. Шаруалардың қаржыға қол жеткізуін жеңілдету үшін кепіл саясатының шарттары жақсартылды. Бұл өтімділік коэффициенттерінің нақты ставкаларын анықтауға мүмкіндік берді. Кез келген жылжитын және жылжымайтын мүлік кепіл ретінде қабылданады. Атап айтқанда,  жер учаскелері, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы, жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникасы, мал және мүліктердің басқа да түрлерін кепілдікке қоюға болады,  ̶  деді Е. Қарашөкеев.

Қазір қалаларда көп ұйымдар қашықтықтан жұмыс жасау форматына өтті. Күні-түні егін алқаптарында жүретін шаруалар қашықтан жұмыс жасауы мүмкін емес.  «ҚазАгро» холдингі» АҚ Басқарма төрағасының айтуынша, карантин жағдайында да  холдинг пен еншілес ұйымдар және филиалдар өтінімдерді қарау және шешім қабылдау жұмысын үздіксіз жалғастырады. Осылайша, кәсіпкерлердің несие қаржысына жылдам қол жеткізуін барынша қамтамасыз етіледі.

Маңыздысы, дер кезінде қолға алынған қаржыландыру жұмыстары көктемгі егіс науқанын уақытында бастауға мүмкіндік берді. «Кең дала» бағдарламасы бойынша биыл несиелеу сомасы арқылы 3 млн гектар егіс алқабын қаржыландыру көзделген. Аталған бағдарлама нәтижесінде 2,4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер (АШТӨ) жеңілдетілген несиелерге қол жеткізеді. Бүгінгі күні көктемгі егіс науқанына бағытталған 70 млрд теңгенің басым бөлігі шаруаларға берілді.

̶ Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында саланы қаржыландыруға қосымша қаражат та қарастырылғаны белгілі. Яғни, бөлінген 100 млрд теңге елдегі егіс алқаптарындағы өңдеу, себу және жинау жұмыстарын жүргізуге бағытталады. «ҚазАгро» ҰБХ құрылымындағы компаниялардан несие алушылар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайтынын Мемлекет басшысы Үндеуінде айтып өтті, ̶  деді Е. Қарашөкеев.