Руханият • 08 Сәуір, 2020

Театр әр үйде: «Астана Опера» тілдесуге шақырады

327 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Опера және балет өнерінің жанкүйерлері үйлерінен шықпай-ақ өздері үшін «Астана Операның» интернет-жобаларын таңдап әрі олардың толыққанды қатысушылары бола алады.

Театр әр үйде: «Астана Опера» тілдесуге шақырады

Елордалық сахнаның танымал әртістері «Сауалыңды жолда» айдарында әңгіме-дүкен құруға шақырады. Аталған жоба 8 сәуірден бастап қолжетімді болмақ, оған кез келген ниет білдірген адам қатыса алады. Жұлдызбен тікелей эфирде жүздесу мүмкіндігіне ие болу үшін, «Астана Операның» инстаграм әлеуметтік желісіне кіріп, театр парақшасында сүйікті орындаушыңызға сауал қалдыру қажет. Карантин кезеңінде Талғат Мұсабаев, Гаухар Усина, Бақтияр Адамжан, Салтанат Ахметова және т.б. өздерінің шығармашылық сырларымен бөліспек. Еске салар болсақ, бұдан бұрын аталмыш жоба бейнеформатта жүргізілген болатын, ал енді солистермен нақты уақыт режимінде жанды сұхбат құру мүмкін болып отыр.

Ұлттық опера өнерін құп көретіндер үшін Абай Құнанбаевтың 175 жылдығынаарналған жоба әзірленді. «Астана Операның» әйгілі әншілері  жақын арада осынау аңызға айналған операдан үзінділерді өз үйлерінен шырқамақ.

Бұдан бөлек, ұлттық топтамаға М.Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан «Мереке биі» енген, ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» театрының хор және симфониялық оркестр әртістерінің орындалуында  шырқалады.

«Опера және балет жұлдыздарының басқа өмірі» жобасы  «Астана Опера»  әртістерінің  театрдан тыс уақытта немен айналысатынын көрсетеді. Онда сіздер бүкіл әлемге танымал биші Бақтияр Адамжан өзінің балаларына түнде қандай ертегі оқып беретінін біліп, опера жұлдызы Майра Мұхамедқызынан дәмді тағам әзірлеу тәсілін ала аласыздар. Сондай-ақ сіздерді басқа да тосын сыйлар күтуде.  Ендеше, театрмен бірге тыныстайық, мәртебелі көрермен!