Күшейтілген карантиндік шаралардың нәтижесінде елордада ауру жұқтырғандардың саны 222 адам болып, 7 сәуір сағат 08:35-тен бері жаңа жағдай тіркелмесе, Алматы қаласындағы жағдай
6 сәуірден бері өзгермей, 119 науқасты көрсетіп тұр. Шымкент қаласында да өсім төмендеп (20 науқас), өткен тәулікте ауру жұқтырғандар тіркелмеді. Ал Ақмола облысында – 43, Ақтөбе облысында – 11, Алматы облысында – 10, Атырау облысында – 36, Шығыс Қазақстан облысында – 6, Жамбыл облысында – 45, Батыс Қазақстан облысында – 2, Қарағанды облысында – 55, Қостанай облысында – 3, Қызылорда облысында – 72, Маңғыстау облысында – 6, Павлодар облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында – 25, Түркістан облысында 33 науқас анықталып отыр.
Қазірге дейін 54 пациент жазылып шықса, 7 науқас қайтыс болды. Жетінші науқас – Ақмола облысы Целиноград ауданының тұрғыны. 1929 жылғы қария 6 сәуірде қайтыс болған. Короновирус инфекциясы 7 сәуірде мүрдені тексерген кезде нақтыланған. Ол осыған дейін қайтыс болған 1947 жылғы ер адаммен байланыста болған және артериялық гипертензия, ДЭП синдромы, паркинсон, жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия кернеу, созылмалы бронхит диагноздарымен тіркеуде тұрған.
9 сәуір сағат 00:00-ден бастап Жамбыл облысына карантин режімі енгізілді. Облыс аумағына 27 блок-бекет орнатылған, оның ішінде Тараз қаласында 7 блок-бекет қойылған. Оларда полиция, медицина және әскери қызметшілер қызмет атқаруда. Өңірде тіркелген 45 науқастың 11-і шекара бекетінен өткенде, ал 6-уы Делиден әуе рейсімен келген жолаушылар арасынан анықталған.
Ресми ақпарат бойынша, бүгінде республика бойнша қауіпті елдердің 1 «А» санатына жататын мемлекеттерден келген 1962 адам карантинде болса, 1 «Б» санатындағы елдерден келген 11 232 адам үйде оқшауланған.