Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

ТЖ кезінде Нұр-Сұлтанға 14 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізілген

335 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қалада халық қажеттілігін қамтамасыз ететін 30 мың тонна көлемінде азық-түлік қоры бар. Бұл ретте билік тарапынан азық-түлік қорын толықтыруға бағытталған қажетті шаралар қолға алынған деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

ТЖ кезінде Нұр-Сұлтанға 14 мың тоннадан астам азық-түлік жеткізілген

Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев: «Карантин режимі енгізілгеннен бері жарты айдан аса уақыт өтті. Қалаға тауарлар үздіксіз жеткізіліп жатыр, тапшылық байқалмайды. Жүк тасымалы үшін кіре берісте «жасыл дәліз» жасалған. Карантин енгізілген сәттен бастап қалаға жалпы көлемі 39812,2 тонналы 3,776 жүк көлігі кірді. Оның ішінде азық-түлік өнімдері – 14 315,4 тонна. Бұл базар нарығындағы бүгінгі сатылым көлеміне сәйкес келеді. Бүгінде қалада азық-түлік қоры жеткілікті», - дейді Орталық коммуникациялар қызметіндегі өткен брифингте.

Е.Бекмұрзаевтың айтуынша, қазіргі уақытта елордада 19 бағдар бойынша 30 мың тонна көлемінде әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бар. Оның 25 мың тоннасы қоймаларда болса, қалған 5 мың тоннасы қаланың тұрақтандыру қорында сақталған.

Сонымен қатар, қала басшылығы қала резервтерін толтыру бойынша бірқатар шаралар қабылдауда. 

«Біріншіден, өңірлермен жеміс-көкөніс, ет және азық-түлік өнімдерінің белгіленген бағасы бойынша «форвардтық келісімшарттар» жасаймыз. Бұл Түркістан, Жамбыл, Ақмола және Павлодар облыстарына қатысты. Екіншіден, «айнылым схемасы» бойынша күріш, қарақұмық және көкөніс тобына (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат) белгіленген бағамен сатылатын ірі бөлшек сауда желілерімен жеңілдетілген несие туралы келісімге қол қойдық», - дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар жергілікті бюджеттен қосымша 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын белгілеу үшін жеңілдетілген несиелерге де бағытталған. Соның ішінде күнбағыс майы, сүт, ет және азық-түлік өнімдерін сатып алу жоспарда тұр.

«Қажетті ұн сатып алынғандықтан, бірінші сортты бөлке нан бағасы 90-95 теңге көлемінде сақталады. Тұрақтандыру қорынан қанттың бағасы 220 теңгеден аспайтын тауарлық интервенция жасалып жатыр. Бұл «Magnum», «КеңМарт», «Астықжан», «ВкусМарт», «А2», «Метро» супермаркеттері мен «Шапағат» базары арқылы жүзеге асыды.

Үкімет тарапынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мақсатында 9 тауарға шекті баға қойылды. Атап айтсақ, олар: сұрыпталған бидай ұны, (197 теңге), бірінші сұрыпты ұннан жасалған қалыпты нан, (150 теңге / кг, 82,5 теңге / 500 гр.), өлшемелі макарон (230 теңге), қарақұмық жармасы (239 теңге), өңделген күріш (307 теңге), сиыр еті (иық-кеуде сүйектері) (2113 теңге), тауық жұмыртқасы (І санат) (351 теңге), күнбағыс майы (481 теңге), ас тұзы («Экстраны» қоспағанда) (55 теңге).

Бағалар әр өңірде жеке белгіленген. Бекітілген бағалар туралы ақпарат e-gov.kz ресми сайтында орналасқан. Сонымен қатар тиісті мекемелер құрамында мобильді топтар құрылды. Арыз-шағымдар мен түскен ақпараттар бойынша рейд жасалады.

«Мүмкіндікті пайдалана отырып, сауда саласындағы барлық кәсіпкерлерді шекті баға мөлшерін қатаң сақтау қажеттігі туралы тағы да хабардар еткім келеді. Белгіленген бағадан асқан жағдайда кәсіпкерлерге  265 мың теңгеден 530 мың теңгеге дейін айыппұл салынады», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Бекмұрзаев.