Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

COVID-2019: Шиелінің көрсеткіші неге көп?

2792 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баяғы «Керқұла атты Кендебай» ертегісі есіңізде ме?! Онда Қаратаудың ойында туған Кендебай бала  жыл санап емес, күн санап өсіп, батыр болып жетіліп, Керқұласына мініп, елді барша мұратына жеткізетін еді ғой. Дәл қазір Сыр өңірінде күн сайын көбейіп келе жатқан кесел сол ертегіні тағы еске салып отыр. Елді қорғаған батыр есіміне кеселді телігенімізді оқырман кешіре жатар...

COVID-2019: Шиелінің көрсеткіші неге көп?

Облыста алғашқы вирус белгісі 28 наурыз күні байқалған. Ертесі тағы індет жұқтырған тағы бір адам анықталды. Дерттілердің саны бесеуге жеткенде облыс әкімдігі індеттің таралып кетпеуі үшін шұғыл шаралар легін бекітіп, біраз шектеулер енгізілді. Бірақ сол ескертулерді елемегендердің кесірінен індет сәт сайын іргесін кеңейтіп келеді.

Сәуірдің жетісі күні облыстың бас санитариялық дәрігерінің № 7 қаулысы қабылданды. Осыған дейінгі карантиндік шаралар күшейтіліп, кейбір шектеулер талабы қатая түсті. 

Жаңа қаулы бойынша тұрғындарға көшеде топтасып жүруге тыйым салынып отыр. Өлім-жітім жағдайында жиналуға да шектеу қойылды. Жасы 55-тен асқандар үй карантинін қатаң сақтауы тиіс. Ал тіршілікке аса қажетті қызметтер мен теміржол, кен саласындағы мамандардың жұмыс тәртібі жерігілікті атқарушы орган шешіміне қарай реттеледі.

Осының бәрі аурудың таралу аясын шектеп, адамдарды қатерлі індеттен аман алып қалу үшін жасалып жатқан амалдар. Бірақ,  отбасылық басқосуларды тоқтатпай, керісінше үдете түскендер кездесіп отыр. Мысалы, өңірде бойынан ең алғаш коронавирустық инфекция анықталған адам әулетіндегі 21 жанға қауіпті індетті жұқтырып үлгерген. Шиелі ауданындағы 6 науқастың да бір үйдің адамдары екендігі анықталып отыр. Таяуда осы ауданнан тіркелген 13 дерек те тойға барып, ауру жұқтырғандар. «Не болар дейсің?!» деген немкеттіліктен аяғы осындай жағдайға ұшыратып отыр. 

– Соңғы дерек бойынша Қызылорда қаласында – 10, Сырдария ауданында – 8, Қармақшыда – 4, Жаңақорғанда – 16, Аралда – 2, ал Шиелі ауданында 52 науқас тіркеліп тұр. Осы аудандағы бір ауылдан 43 науқас шықты, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов.

Қазіргі жағдай ешкімге оңай тиіп отырған жоқ. Індет кесірінен ағайынның тойы түгілі топырақты өліміне бара алмай пұшайман болып отырғандар көп. Өйткені, талап сондай. Ал ол сақталмаса эпидемиологиялық ахуал одан сайын өршитіні анық. Қазір Қызылорда еліміз бойынша ауру саны жөнінен алдыңғы үш облыстың қатарында тұр. Карантиндік талапқа жүрдім-бардым қарайтын болсақ жағдай бұдан да ушығып кетуі мүмкін. Кендебай-кеселдің алдын алудың жалғыз амалы – талапқа бағынып, үйде отыру!

Абай болайық, аман болайық!