Руханият • 09 Сәуір, 2020

Қайықшы атаның хикаясы

1002 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауылымыз дарияның жағасында орналасқандықтан көктемде су тасығанда арғы бетке өте алмай қатты қиналушы едік. Әсіресе, мектептің жоғары сынып оқушыларына өте ауыр тиетін. Өйткені, біздің шағын ауыл мектебі 7 - сыныпқа дейін оқытады да, қалған жоғары сыныптар арғы беттегі Құмкөл ауылына қатынап оқиды.

Қайықшы атаның хикаясы

Мен 9 - сыныпта оқып жүрген жылы көктемде су тасыды. Күллі ауылдың сенері Шерәлі ата. Жарықтық қыс ауған тұстан бастап, ескі қайығын жамап-жасқайды, ескегін жаңалайды. Су тартылғанға дейін арғы бетке адамдарды тасиды.

Шерәлі атаның қайығына отырған адам өзін қауіпсіз сезінеді. Өйткені,  атаның қайық жүргізу шеберлігі шексіз. Дарияның ағысын, жүзген сеңнің жылдамдығын дәл өлшейді де, қайығын мұзға қақтырмай, жарға соқтырмай ылпылдатады.

Бір қызығы Шерәлі ата бәрін тегін атқарады, ақы алмайды, бұл ісіне елде үйренген ешкім ақы ұсынып әуре болмайды. Сол кезде атаның жасы алпыстың үстінде болар деп топшылаймын, белуарына түскен бурыл сақалы желбіреп, көрік кеудесін көтеріп қойып, ескегін құлаштағанда еріксіз сүйсініп қараушы едік… Бірақ менің көкейімде, «Шерәлі ата неге ақы алмайды?» осы сұрақ көлденең тұратын.

Бір күні жағаға келсем, Шерәлі ата қайығының бауырын қара маймен сылап жатыр екен. Менің «ассалауымды» алды.

- Мұнда неғып жүрсің балам?

– Жай өзім, ата.

Жарықтық атамыз жалғыз адам деп естуші едім. Кемпірі болған, бірақ одан бала жоқ. Білетіндердің айтуына қарағанда атамыздың елі Нүкіс жақта, біздің жаққа 30 жасында көшіп келген… Содан бері отыз неше жыл табан аудармай ақысыз адам тасиды. Неге олай? Сұрап көрсем бе екен…

- Ата, сізден бірдеме сұрасам бола ма? Ақсақал бұл бала «не сұрайды» дегендей, көрік кеудесін көтеріп маған бұрылды да. – Сен әлгі Оңғардың тақпақ жазатын баласы емессің бе?- деді.

- Иә…

- Ей, шырағым, сенің жазған тақпақтарыңды аудандық газеттен оқып жүрем, әсіресе, ана бір қалай еді, күрішшілер жайлы тақпағың…

- «Ел ырысы – ақ күріш» бе?

- Иә, сол. Сен балам болашақта жазушы болатын шығарсың, солай ма? Расында, «жазушы болу» менің қашанғы арманым… Атаның дәл басқанын қарашы. – Иә, жазушы болам, – деп, дік етіп жауап бердім.

Шерәлі ата ақсақалын желбіретіп, маған бір қарады, жалын шарпып шыжғырылып жатқан қара майға бір қарады, төңкерілген қайықтың жалпақ сауырына бір қарады… Асықпай менің қасыма келіп жайғасты.

- Жазушы болам дедің бе?

- Иә ата!

- Ә…балам… онда мен саған «ақысыз адам таситын» құпиямды айтайын.

Менің де білмегім осы еді… Қос құлағымды тігіп қарттың қарсы алдына отыра қалдым. – Ол бір алмағайып заман еді, – деп бастады әңгімесін Шерәлі ата. Ақ патша тақтан тайып ел бүлініп, атыс-шабыс, тонау-талау басталды. Біздің елді Қожаназар деген адам бастап құмға өтіп кеттік. Құмға барған соң түйеден басқа мал жерсінбей сор суды ішіп, іші кеуіп қырылып қалды. Содан амал жоқ ауылдың азаматтары жол торып қарақшылық жасайтын болдық. Орыстан үркіп оңтүстікке қашқан жұрт құмның шетіндегі сорқұдыққа соқпай кетпейді. Бізде сол құдық маңын торуылдаймыз. Басшымыз Қожаназар қарақшы.

Содан үкімет біліп қалып соңымызға түсті. Құмға сіңіп ұстатпай кеттік. Кешікпей баяғы қарақшылық жолға қайта түстік. Ізімізді жасыру үшін Қожаназар қарақшының үкімі бойынша тонаған адамдарымызды өлтіріп тастайтын әдет таптық. Егер өлтірмесек басшымыз бізді өлтіреді…

Бірде маған таң бозымен маңайды шолып шығу жүктелді. Астымда түрікпендерден олжалаған текежәумет. Ағызып келе жатып, оң бүйірден қараңдаған затты көзім шалды. Бесатарды оқтам алдым да, тұра ұмтылдым. Жалғыз салт атты адам екен. Қашпады, қайта атының басын бұрып маған қарай өзі жүрді. Келді. Сен құралпы жап-жас жігіт. Астындағы аты жүдеу, бірақ ер-тұрманы келіскен. Мұсылман баласы екен… Тілге келмей ер-тұрманын сыпырып алдым. Қолында қамшыдан басқа қаруы жоқ жас бала қарсы келе алмады. Дереу мылтық кезедім. Жас бала, «ағатай мені өлтіріп қайтесің, біреудің жалғыз ұлы едім, әкемді ақтар атты, малымызды қызыл тонап алды, қара басымды аман сақтау үшін өзбекке өтіп барам» деп зар жылады. Жүрек әбден қарайған, әрі Қожаназардың әмірі қатты. Иен далада жас жігітті атып жібердім. Өліп бара жатып маған аспанда нұсқап, «о дүниеде алдыңнан шығам» деп, айтқан сөзі мен өкінішті жанары өңменімнен өтті-ау…

Осы оқиғадан кейін  өзіме өзім келе алмадым. Жас жігіттің жалынышты жанары көз алдымнан бір сәт кетпей қойды. Ақыры, бәрін тастап, басым ауған жаққа тартып отырдым. Сондағы тоқтаған жерім осы ауыл. Екі рет үйлендім, бала болмады. Бұл жағдай бұрынғы күнәмнің кесірі екенін анық білдім және ақыретте ана жігітпен сөзсіз жолығарым аян. Ең қиыны өлген адамнан кешірім сұрай алмаймын. Сондықтан бұл дүниеде Алла үшін қайырлы іс жасап, көп сауап жинап Жаратушы алдына қоржыным толып барсам ғана үміт бар… Сол себепті мен өмірімнің соңына дейін адамдарға тегін қызмет көрсетуге өзімді қидым. Бұдан басқа сауап жоқ. Алла мына дарияны тасытып, маған сауап жинауға зор көмек жасауда, сол үшін Оған мың шүкір айтамын…

Шерәлі қария осыны айтып үнсіз қалды. Қарасам, жылап отыр екен. Аяп кеттім. – Ата, ана жас жігіт ше, сіз өлтірген… одан кешірім сұрайсыз ба?

- Әрине, сұраймын!

- Кешірім бермесе ше…

- Онда мына жинап жүрген сауабымды соған беріп, күнәмді жеңілдетуге үміт қыламын.

Расын айтсам, осы әңгімені кезінде толық түсіне алмаған сияқтымын. Бірақ, ұзақ жыл көкейімде жаңғырып жүрді де қойды.Тағы бір  көз алдымда қалып қойған оқиға: Шерәлі қария айтарын айтып болған соң, дәретін алып ұзақ намаз оқыды. Қазір ойлап отырсам, күнәсіне тәубе еткен құлшылығы сияқты…