Руханият • 09 Сәуір, 2020

Қазақ ақыны қырғызша жырланды

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғыз Республикасының халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Тоқтоғұл» атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Саламат Садықова әлеметтік желі арқылы белгілі ақын Ақберен Елгезектің өлеңіне жазылған жаңа әнін таныстырды. Бұл туралы әнші өзінің фейсбуктегі парақшасында: «Қадірлі қалың жұртым, үй карантининде комузбен орындаған  жаңа әнімді қабыл алыңыздар.  Ән «Сыйыну» деп аталады. Сөзін жазған ақын Ақберен Елгезек, әуені өзімдікі. Жалпы адамзатқа амандық тілеймін!» деп жазды.

Қазақ ақыны қырғызша жырланды

Амандық пен саулықтың қадірі жырланатын ән қырғыз тілінде шырқалады. Өнері қырғыз-қазаққа ортақ дәстүрлі ән өнері өкілінің репертуарындағы қазақ ақындары сөзіне жазылған  әндері бір бұл емес, ол алғаш Ескендір Хасанғалиевтің «Алатау» әнін 16 жасында эстрадалық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындаған. Сондай-ақ «Ауылым әнім», «Әдемі-ау», «Өмір-өзен», «Гүлдерайым», «Сағындым Алматымды», «Әгугай», «Өмірдің көбі кетіп азы қалды», «Бір ауыз сөз», «Қоштасқым келмейді», «Жас жұбайлар»  сияқты талай әндерді жаңаша нақышта құлпыртып, жұртшылық сүйіспеншілігіне ие болған майталман әнші. Ақпарат құралдарының дерегі бойынша, ең алғашқы дискісі  1995 жылы Жапонияда «Song of Kyrghyzstan» деген атпен, ал 2001 жылы АҚШ-та «The Voice of Kyrghyzstan» атты жаңа үнтаспасы жарық көрген.

Әлемдік деңгейдегі музыкатанушылардың қарапайым әуенді сазды да ғажайып өрнекке айналдыра алатын шын мәніндегі талант иесін  Билли Холидей, Сэнди Денни, Арета Франклин, Эдит Пиаф... сынды танымал тұлғалар қатарына жатқызатыны қырғыз әншісіне берілген шынайы баға деуге толық негіз бар.