Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

«Зере әженің ізімен» байқауы мерейтойға арналды

941 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аудандағы Шақат ауылы мектебінде өткен  Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай арналған байқауға әжелер мен немерелер қатысты.

«Зере әженің ізімен» байқауы мерейтойға арналды

Айсұлу  Асылбекова

Мектеп директоры Алмагүл Қайдарқызының айтуынша, немерлерін ертіп байқауға қатысқан  ауылдың  әжелері де  өнерлі, әнші, тағылымды, танымды әңгімелері бар, қолөнер шеберлері екендерін көрсетті. Ал мақсат- Абайдың ақын, ұлы тұлға ретінде қалыптасуына ықпал еткен Зере әже, Ұлжан аналардың бейнесі арқылы ұлттық  тәрбиені үлгі-өнеге ету.

Шақат ауылындағы орта мектепте 163 оқушы білім алуда. Оқушылар «Жас мерген», «Жас қыран», «Өнер алды-қызыл тіл», «Шеберлер әлемі», шахмат, дойбы  үйірмелеріне қатысуда. Мектепке оңтүстік өңірінен келген  Дина Мұрат, Ақжан Мұрат, Қытай елінен келген  Құралай Мырзатай, Толғанай Мырзатай  деген оқушылар  кеп қосылды.

Байқауға қатысқан 71 жастағы Құралай әже болса,  5 бала тәрбиелеп  өсіріп,  қазір 15 немересінің қызығын көріп отыр. Немересі,  3-сынып оқушысы Толғанаймен бірге қатысты. Ал Биби әже  де екі бала өсіріп, 4 немере бағып отыр.  Барлығы да Құралай әжемен  немересі Толғанай бастап, Бибі әже немересі Назерке, Қайникамал әже немересі Дариға, Әмина әже немересі Тоғжан, Жібек әже немересі Алинамен бірге сахнаға шығып, байқауда бар өнерлерін көрсетті.

ддд

Сөйтіп,  байқаудың «Мен әжемін ұрпағын әлдилеген» (таныстыру), «Абай әндерін айтып,өлеңдерін оқу», «Сыр сандық» (сұрақ-жауап), «Зере әжеге құрмет», «Өнерлі саусақтар» (ою үлгісін қию), «Үй тапсырмасы» (ұлттық тағам әзірлеу) сияқты кезеңдерінде өзара сынға түсті. Мысалы, «Сыр сандық» атты сұрақ-жауап  кезеңінде әжелер мен немерелері Абай аталарының өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен Құралай әже мен немересі Толғанай, «Өнерлі әже мен қабілетті немере», Қайникамал әже мен немересі Дариға «Іскер әже мен тапқыр немере», Әмина әже мен немересі Тоғжан «Шешен әже мен тапқыр немере», Жібек әже немересі Алина «Өнегелі әже мен парасатты немере» атанды.

ж

Ал Биби әже байқауға  немересі мен өзіне ұлттық киім тігіп киіп келіп, ерекше  көзге түсті. Көп оқитындарын көрсетті. Ұлттық тағам жасауда, ән айтуда, Абай өлеңдерін оқуда, Қарасөздерінен  үзінділер айтқанда, ақын жайында берілген барлық сұрақтарға жауап берді. Сөйтіп, «Дана әже мен алғыр немере» аталымын жеңіп алған Бибі әже мен немересі Назерке байқаудың Бас жүлдесіне иеленді. Соңында «Зере әженің ізімен» байқауына қатысушы әжелер мен немерелер дипломдармен, ескерткіш сыйлықтармен марапатталды.

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы