Экология • 10 Сәуір, 2020

Қарғын су: қамданған қапы қалмайды

658 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүние жүзін дүрліктірген пандемияға елеңдейміз деп, қыр астында қызыл су барын қаперімізден шығарып алмасақ игі еді. Кейінгі жылдары келеңсіз оқиғаларға толы болған көктемгі су тасқыны кезеңі елімізде биыл қалай жүруде?

Қарғын су: қамданған қапы қалмайды

Белгілі болғандай, елімізде су тасқыны екі кезеңмен өтуде. Соның алғашқы кезеңі Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде аяқталып, тұрақты және қиындықсыз өтті. Алайда осы жылғы 14 наурызда Көкшетау қала­сының Б.Әшімов көшесінде автокөлік көпірін су басып, уақтылы қабылданған шаралардың арқасында қызыл су зардабы тұрғын үйлерге тимеген.

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин  су тасқынына қарсы іс-шаралар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, Қазақстан аумағының басым бөлігі қалың қар құрсауында қалып отырған жоқ. Жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік органдардың жүргізген ауқымды жұмысының арқасында су тасқыны қаупінің алдын алуға мүмкін болды. Ондай аймақтардың қатарында Қарағанды және Ақтөбе облыстары бар.

– Су тасқыны кезеңімен қатар, табиғи апаттың тағы бір түрімен бетпе-бет келдік. Биылғы 6-8 сәуір күндері еліміздің Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында секундына 30 метр жылдамдықпен соққан қатты жел тұрды. Соның салдарынан электр желілері істен шығып, бірнеше нысанның шатырын жел ұшырып әкетті. Аталған үш аймақта желден зардап шеккен ғимараттардың жалпы саны – 395. Сонымен қатар Ақмола облысында жел ұшырған шатырдан 2 азамат жазатайым көз жұмды. Олардың отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз, – деді Ю.Ильин.

 (135 жарылыс жұмыстары), арықтарды, арналарды (11,8 мың шақырым) және автокөлік жолы, темір жол астымен өтетін су өткізу құрылыстарын  тазалау (25,6 мың дана) профилактикалық іс-шаралары жүргізілуде.

Қорғаныш бөгенін салу (53,5 шақы­рым) және жөндеу (114,2 шақырым); су тасқыны қаупі бар өзендердің жағасын бекіту (95 шақырым), түбін тереңдету (255,5 шақырым), түзету (71,1 шақырым), арналарын тазалау және су бұру арналарын қолға алу (192,4 шақырым) бойынша жұмыстар жал­ғасуда. Сонымен қатар су тасқыны жағ­дайын мониторингілеу мен қажетті шара­ларды қолға алу мақсатында аэро­шолу және жерүсті тексерулері жүргізілуде.

– Биыл сәуірде Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары су тасқыны кезеңінің белсенді фазасына қалып отыр. Ауа температурасының жоға­рылауы салдарынан қардың қар­қынды түрде еруі жалғасуда. Жеке­леген аймақтарда қар және жаң­быр түрінде мол жа­уын-шашын жауып үлгерді. Осының барлығы су тасқы­ны­ның күрделенуіне әкеліп соғады. Сөйтіп 7-9 сәуір ара­лы­ғында Қостанай облысында 60 тұр­ғын үйді және Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Қостанай облыстарында 115 ауланы қызыл су басты, – деді Ю.Ильин.

Қар және жаңбыр түріндегі мол жауын-шашынның, еріген қар суының салдарынан Тімтуір өзенінің деңгейі 50 см-ге көтерілді. Соның кесірінен Қостанай облысына қарасты Қарасу ауданының Қарамырза ауылындағы 60 тұрғын үйді су басып, үй ішіндегі су деңгейі 5-тен 40 см-ге дейін көтерілді. Сондай-ақ ауыл шетіндегі «Набережная» көшесінде орналасқан 110 аула аумағы да су құрсауында қалды. Бұл ауылда барлығы 170 үй бар. Онда бас-аяғы 674 адам тұрады. Осы ауылдағы тағы 30 тұрғын үй су басу жағдайында тұр. Аталған облыста 47 адам эвакуацияланса, соның ішінде 13 бала бар. Олардың барлығы туған-туыстарының үйлеріне орналастырылды. Мал басын сақтап қалу мақсатында 608 бас ірі және ұсақ мал, 450 шошқа және 15 жылқы қауіпсіз жерге жеткізілді.

Қардың қарқынды еруі мен жауын-шашынның салдарынан Жабай өзенінде де су деңгейі 3 метрге дейін күрт көтерілді (шекті деңгейі – 3,2 метр, қазіргі кезде су деңгейі 2,3 метр­ге төмендеді). Осылайша Ақмола облысына қарасты Сандықтау ауданының Балкашин ауылында 2 аула маңы аумағын су басты. Тұрғын үйлерді су басу қаупін жою мақсатында аула аумағында жұмыстар жүргізіліп, оған 32 адам, 8 бірлік техника мен 2 жүзу құралы жұмылдырылды.

Шығыс Қазақстан облысында аула аумақтарын су басудан сақтау мақ­сатында үйемелеу, су сору, арықтарды тазалау жұмыстары қолға алынып­ты. «Қазгидрометтің» ақпараты бойын­ша еліміздің орталық, солтүстік өңірлерінде күндізгі және түнгі ауа температурасының төмендеуі мен жаңбыр, қар түрінде мол жауын-шашынның түсуі жалғасады. Ал су тасқыны мәселесі күрделенген жағдайда халықты эвакуациялау үшін 1707 қабылдау пункті, қажетті құралдар (шатыр, кереует), тамақ өнімдері мен ауыз су қоры әзірленіп отыр.

Ішкі істер министрлігінің жеке құрамынан жалпы саны 9874 адам, 1730 бірлік техника күші мен құралдар жиын­тығы қалыптастырылды. Су жайылу аймағына жеткізілуі ықтимал резервті топтар дайындалды (ТЖК-ға берілген күштердің жалпы саны 434 адам, 63 бірлік техника, 29 жүзу құралы және 83 мотопомпа. Ұлттық ұланның әскери бөлімдері  – 1610 әс­кери қызметшілері мен 151 бірлік техниканы құрайды).

Ю.Ильиннің айтуынша, елімізде тасқынның алдын алуға қатысты да­йын­­дық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.