Қоғам • 10 Сәуір, 2020

Мұғалімдер де алдыңғы шепте жүр

879 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бәріміз білетіндей, еліміздегі 3 млн-нан аса оқушы қашықтан білім алуға көшті. Жаңа форматта оқытуға дайындық қолға алынғаннан бастап қоғамда «мұғалімдердің жұмысы жеңілдеді» деген мазмұндағы пікірлер пайда болды. Алайда әлеуметтік желілердегі әртүрлі талқылаулар мен әзілге арқау болған жайттар біржақты ойға нүкте қойғандай...

Мұғалімдер де алдыңғы шепте жүр

Бұған дейін хабарла­ға­ны­мыздай, колледждер мен жоғары оқу орындары мектептерден бұ­рын, яғни төтенше жағдай жа­­рия­­ланған 16 наурыздан бері қа­­шық­тан оқытуды бастады. Бірақ жаңа форматтағы оқыту­дың проблемасы орта білім беру ұйымдары қатарға қосылғанда шиеленісе түсті. Себебі кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру ұйым­дарының студенттерімен са­лыстырғанда өз бетінше іздену дағдысы қалыптаса қоймаған мектеп оқушыларына әлдеқайда қиын тиіп тұр. Өтілетін жаңа тақырыптың қай кітапта, қай бетте екенін табудың өзіне қи­на­латын бастауыш сынып оқушы­ларына тіпті де оңай емес. Ал жаңа дүниені саусағымен нұсқап немесе бүкіл мимикасын салып, баланың санасына жеткізетін педа­гогтер үшін үлкен проблема екені бесенеден белгілі. Иә, бұл сөзімізді мұғалімнің жанай­қайы анық дәлелдей түседі. Алматы облысы Көксу ауданын­дағы Мұқыр ауылының Қалқа Жап­сар­баев атындағы орта мекте­бінде қазақ тілі пәнінен және «10 жылдық Қазақстан» мекте­бінде орыс тілі пәнінен сабақ бере­тін Майра Берікқызы түн орта­сында үйіне қайтып келе жатып видео түсіріпті. Өз сөзінде мұғалім үйінде интернет бол­ма­ға­ндықтан kundelik.kz жү­йесіне кіру үшін телефонының интернет жылдамдығы жетпейтіндіктен Wi-Fi құрыл­ғысы бар ауы­лын­дағы сіңлісінің үйіне қаты­нап жұ­мыс істеп жүргенін айтады «Дип­ломмен – ауылға!» бағ­дар­ла­масымен барса да пәтер жал­дап жүрген мұғалім М.Берік­қызы.

Осы оқиғадан кейін Көксу ауданының әкімі Алмас Қабдул­ұлы мұғалім мәселесін шешіп беруге уәде еткен. Соны­мен қа­тар Алматы облысы білім бас­қар­­масының басшысы Майгүл Омарова мұғалімге мектептен уақытша моноблок берілгенін жазды. Бірақ мәселе техникада емес, интернетте және оның жылдамдығында болып тұр. Біз мұғаліммен телефон арқылы сөй­лескенімізде, ол берілген моно­блоктың интернеті болма­ған­дықтан пайдаланусыз тұрға­нын және «Қазақтелеком» ком­пания­сының өкілдері тех­никалық проблемаларға байланысты интернетті 3-4 күн күту керектігін айтыпты.

Ал мұғалім, өзінің айтуынша, телефондағы тарифінің интернет күші жетеді деп ойлаған. Мегаполистердегі мұғалімдердің өзі бір күнде миллиондаған адам кіретін жүйе­­­лер мен білім беру плат­фор­­маларына қосыла алмай қала­ты­нын айтады. Ауылдағы ұстаз­дың жағдайы түсінікті де.

Бүгінде ата-ананың да алаңы артты. Себебі жауапкершілік жүгі­­нің көп бөлігін мұғалім мен мектеп арқалап келген, ауырт­палық кенет ата-аналарға тең­дей артылды. Балаға мектепте берілген үй тапсырмасының өзін үй ішімен жабылып жүріп орындайтын отбасыларға тіпті ауыр тигені ақиқат. Үйінде оқу­шы­лары бар туыстарымыздан жағдайдың жай-жапсарын сұра­сақ, шешесінің оқтау, әкесінің шыбық ұстап баласының алдында отырған фотосын жіберумен ғана жауап қайырады. Түсіне қоясың. Ең әрісі баласына айғайлаған, қол көтерген мұғалімді сотқа сүй­рейтін ата-аналарды табалау емес әрине, алайда ұстаз бен мектептің қадірі бұрынғыдан бетер арта түскенін түсінесің.

Жоғарыдағы жағдайлардан ха­­бар­­дар екенін білдірген Білім жә­не ғылым министрі Асх­ат Ай­­мағамбетов: «Қазір мұ­ғалімд­ерімізге өте қиын. Әріп­тес­­термен әңгіме арасында ұстаз­дар­дың жұмысы азайғанын айтып жүр­ген­дер барын білдік. Бірақ біз мұны­мен мүлде келіспейміз. Неге? Өйткені ұстаз дәстүрлі оқы­ту форматында бір сыныпта отыр­ған 25 оқушыға бір мезетте са­ба­ғын беріп, келесі сыныбына көшіп отырса, қашық­тан оқы­ту­да басқаша. Алыста отырып білім бергенде 25-30 баланың әрқай­сы­сымен жеке жұмыс істеуі керек болады. Таң атқаннан түннің бір уағына дейін әр оқушымен же­ке-жеке байланысып отыру оңай шаруа емес», деген еді. Иә, кей­бір пән мұғалімдерінде 5-10 сы­ныпқа дейін бар екенін ескерсек, жауапкершілік жүгінің бұрын­ғыға қарағанда қаншалықты ауыр­лаға­нын біле беруге болады. Мә­селе оқушылармен кері байла­ныс орнатумен шешіле сал­май­ды, олардың ата-аналарымен қарым-қатынасқа түсуге, түсін­діруге де күш керек. Осы орай­да министр: «Бұған дейін ата-аналарға балаларына үй тап­сыр­масын орындатудың өзі үл­кен жүктеме болатын. Енді қазір­гі төтенше жағдайда балалар күні бойы үйде отыр, далаға шы­­ға­­ра­тын мүмкіндік жоқ және бұ­рын­­ғыдай мектепке де бар­май­ды. Үй тапсырмасын орын­дау­ға көмектесу ғана емес, осы уа­қыт­­та күнделікті сабағын оқу­ды ұйым­дастыру кәдімгідей жұ­мыс. Эмо­цио­налдық тұрғыда да оңай емес. Дегенмен мұның бәрі ба­ла­лары­мыздың бола­шағы үшін ат­қары­лып жатқан іс екенін ұмыт­пауы­мыз керек. Сондықтан ата-ана­лар бізді түсініп, ұстаздарға қолға­быс көрсетеді деп сенемін», деген-ді.

Негізі Білім және ғылым ми­нистр­лігі төтенше жағдай­дағы тоқ­санда мұғалімдердің қашық­тан оқыту үдерісі туралы барлық есеп­тер мен тек­серістерді тоқтату ту­ралы шешім шығарған. Күні кеше Білім және ғылым министр­лігі педа­гогтардан қашықтан оқы­ту бойынша есеп беруді талап еткені үшін (видео­фрагменттер, скрин­шоттар мен фото­лар) Алматы облысында мектеп директоры, Қарағанды об­лы­сында білім беру бөлімінің қыз­мет­кері және Ақтөбе облысында әдістемелік кабинеттің меңгеру­шісі жазаланғанын жариялады.

Қашықтан оқыту форматына көшу туралы сөз қозғалмай тұрған кезде министрлік тарапынан kundelik.kz жүйесіне кіру­дің міндеттелмейтіні жөнінде мәлім­деме жасалған болатын. Соған қарамастан осыған дейін сол жүйемен жұмыс істеуге дағ­ды­ланып қалған мұғалімдерге «Күнделік.кз» ЖШС басшысы Мұхтар Ілиясов: «Құрметті ұс­таз­дар! Оқушылар ыңғайлы кес­теге сүйеніп отырғандықтан, бү­­гінгі тапсырмаға ертең жауап бере­ді. Ал сіз күнделікке келесі не­месе сабақтан тыс басқа күні оның жұмысына түсініктеме жазуы­­ңыз керек, әйтпесе уақы­тын­да орын­далмағаны үшін пайыз төмен­дейді. Сондықтан электрон­ды журналда «сабақ түрі» деген белгіні «қашықтан» деп өзгерту қажет. Қашықтан са­бақ кезінде пайыз есептелмейді, жай ғана сызықша белгісі тұрады. Егер сіз уақытында кері байла­ныс орнатсаңыз, сабақ түрін өзгерту­дің қажеті жоқ», деп кеңес берді.

Иә, карантин кімге де болсын, оңай тиіп тұрған жоқ. Қан­шама адам жұмыссыз қалды. Ай сайын кемі 100-150 мың теңге жалақысы көзден бұл-бұл ұшып, жұмыстан қысқарып, 42,5 мың теңге жәрдемақыға көз салғандар жетерлік. Сонымен салыстырғанда еңбекақысы оқыту форматының өзгер­геніне қарамастан 100 пайыз сақталатын педагог қауымның қал-жайы жақсырақ. Әлбетте алдыңғы ойларымызда атап өт­кеніміздей, ұстаздардың ең­бегі еленуге әбден лайық та. Бас­тысы мұғалімдер де өз кезегінде министрліктің мүм­кін­діктерін, ата-аналардың көмегі мен түсіністік танытуын, сон­дай-ақ елдегі сын сағатта алдың­ғы шепте жүргенін бағам­дап, өздеріне артылған үміт пен сенімге селкеу түсірмеуге барын салады деп сенеміз!