Руханият • 10 Сәуір, 2020

Таутеке санын қалай көбейтеміз?

1154 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Еліміздің символы саналатын қар барысымен адам аяғы жетпес биік шың­дарда қанаттаса жүретін қасиетті бір жануар бар. Қар барысы қайда болса, бұл жануар да сонда. Бұл жануарды ертеректе халқымыз ортеке деп әспеттесе («Ортеке» деген күй де бар), қазір таутеке деген атауы көп айтылады.

Таутеке санын қалай көбейтеміз?

Алтайда қасиетті жануар мыңнан асты

Қазақстанның Қызыл кі­та­бына әзірге ене қоймаса да, қорғауды, қамқорлықты, аялы алақанды қажет ететін, негізінен еліміздің Тянь-Шань, Жетісу (Жоңғар) Алатауы мен Оңтүстік Ал­тайды (Катонқарағай) ме­кен­дейтін жануардың қазақ даласында сонау тас дәуірінен бері тіршілік кешіп келе жатқаны археологиялық жәдігерлерден мәлім. Суреттерінің салын­ға­нына шамамен 4 мың жылдай уақыт өткен Алматы облы­сындағы Таңбалы таста да орте­кенің бедерленуі бекер болмаса керек.

Ендеше біз көненің көзін­дей, тарихтың өзіндей болған кие­лі жануардың Шығыс Қазақ­стандағы жай-күйіне тоқ­талсақ дейміз. Өңірдегі көнекөз қа­рия­лардың, аң-құсты зерттейтін орнитологтардың, осы сала ма­­мандарының сөзіне сенсек, бұ­рын таутеке бүгінгідей тек Ка­тонқарағай ауданы аума­ғын­да, яғни Алтайда ғана емес, об­лысымыздың көптеген өңір­ін мекендеген. Өскеменнің ір­гесіндегі Ұлан ауданындағы Көк­тауда өт­кен ғасырдың 50-жыл­­дарына дейін таутекелер болғанын айтады жергілікті жұрт. Ал қа­зір ортекені тек Ал­тай­дан ғана табасыз. Облыстық Ор­ман ша­руашылығы және жа­нуар­лар дүниесі аумақтық инс­пекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық-шаруашылық бөліміне хабарласып, өңірде қан­ша таутеке бар екенін, соң­ғы жылдардағы өсіп-өну көр­сеткіштерін сұрағанымызда мынадай мәліметтер алдық. 2011 жылы аймақтағы таутеке саны 917 болса, 2012 жылы – 901, 2013 жылы – 937, 2014 жылы – 960, 2015 жылы – 970, 2016 жылы – 994, 2017 жылы – 1005, 2018 жылы – 1064, 2019 жылы 1049-ға жетіпті. «Сібір таутекесінің таралу ай­мағы Катонқарағай ауданының аумағында орналасқан Қазақстан Алтайын қамтиды, оның барлық популяциясы Катонқарағай мем­лекеттік ұлттық табиғи паркін мекендейді.

Аздаған бөлігі ғана Катонқа­рағай аудандық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігінің аумағына кіреді. Бір айта кетерлігі, осы аздаған бө­лігіне Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен «Аңшылық ережелеріне» сәйкес қыркүйек айының алғашқы сенбісінен 31 желтоқсан аралығында аңшы­лыққа шығуға рұқсат етілген (еркектеріне 1 тамыздан бас­тап)», дейді инспекцияның Жа­нуарлар дүниесі және аңшылық-шаруа­шылық бөлімінің басшысы Самат Дидахметов.

Еліміздегі аумағы жөнінен ең үлкен (643 477 гектар) қорық­тардың бірі саналатын Катон­қарағай мемлекеттік ұлттық та­биғи паркі аумағында қазір 900-ден астам таутеке бар. Парк­тің Жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасы­мовпен телефон арқылы сөй­лес­кенімізде таутекеге қатысты көңіл тоғайтар деректерді естіп, кәдімгідей қуа­­нып қалғанымыз рас. «Жа­сыратыны жоқ, Ка­тон­­­­қара­ғайда ұлттық парк құ­рыл­ған­ға дейін мұндағы аң-құс­тар­дың тағдырына алаңдап, бас қатырған жандар қатары аз болды. Кеңес өкіметі кезінде аң-құстарға санақ жұмыстары дұ­­рыс жүргізілген жоқ. Қазір Құ­дайға шүкір, мемлекет тарапынан жа­салған қорғау ша­ра­ларының арқасында парк аумағындағы аң-құстар жылдан-жылға көбейіп келеді. Міне, төртінші жылға кетті, Үкімет қау­лысына сәйкес ұлттық парк аумақ­тарында аң аулауға рұқ­сат берілмейді. Бұрын арнайы рұқсат берілетіндіктен, аңшылар келіп, аң-құстарды атып жүретін. Ал енді таутекеге келсек, алғаш парк құрылған 2000 жылдары олардың саны қазіргіден бірнеше аз болатын. Үш жыл бұрын біздегі тау­теке саны 600-700 ша­­масында болса, қазір мыңға таяп қалды. Ақырын-ақырын көбейіп келеді. Таутекелер парк аумағындағы 5 филиалдың үшеуін­де мекендейді. Олар 3-3,5 мың метр биікте емін-ер­кін жүре береді. Бір ғажабы, тау­теке жүрген жерде қар барысы мен Алтай ұлары, яғни аса сирек кез­десетін бұл тіршілік иелері бір белдеуде жүреді. Біле білсек, тау­теке жарықтық – та­биғаттың бізге берген ғажап сыйы. Өзі кө­бейеді. Өзі өсіп-өнеді. Олардың санын табиғат өзі реттеп отырады. Таутекенің жабайы табиғаттағы негізгі жау­лары – қасқыр мен қар барысы. Қар барысын таби­ғат санитары деуге де болады. Тау­текенің ауру-сырқауын, кәрі­сін, әлжуазын жейді. Ал біздің бірінші мақсатымыз – браконерьлерден қорғау. Сол үшін біз­дің инспекторлар күндіз-түні тыным таппайды. Менің бі­луім­ше, қазіргі уақытта Шығыс Қа­зақстандағы таутекенің негізгі мекені – Катонқарағай ауданы. Алайда бізбен шекаралас Күршім ауданының біраз бөлігінде таутекелер болуы мүм­кін» дейді табиғат жанашыры.

 

Сібе паркі құрылса, ортекелерді көбейтуге болады

Жоғарыда облыс орталығы – Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданы аумағындағы Көк­тау­да бұрын таутекелер мекен ет­кенін айттық. Алыстан мұ­нартып көрінетін, жап-жасыл қарағайлар қымтаған Көктау тауында ертеректе таутеке ғана емес, бұландар мен маралдар да көп болған көрінеді. «Осы таудың оңтүстік-батыс жағында Текелі деген кішкене өзен бар. Өкінішке қарай, бүгінде таутеке жоқ, бірақ өзен аты қалды. Мұны жергілікті тұрғындардың өздері де білмейтін шығар. Өт­кен ғасырдың 80- жылдары Қалбаның қарағайлы ормандарында бұлан да болған, бір жылдары Алтайдан марал да келген мұнда. Сібе көлдері аумағында бұрын арқар да көп болған. Соңғы отыз жылда 15-20 бас қана қалды. Ғалымдар осы өлкені мыңдаған жылдар бойы мекен етіп келе жатқан Қалба арқарының ерекшелігін әлі толық зерттеген жоқ. Тек қана Қалбаның қарағайлы орманын мекендейтін бор тиіні дейтін тіршілік иесі де қамқорлықты қажет етеді. Жалпы, Қалба борында ағаш пен бұталардың 60 түрі бар. Бір қуанарлығы, соң­ғы он бес жылда тау ормандарында саяқ жүретін маралдар көзге түсе бастапты. Көктау та­биғаты оларға қолайлы-ақ. Егер осы аумақта мемлекет тарапынан қорғалатын қорық ашылар болса, Сібе өзендерінің орманы мен тауы­на ежелгі аңдары әлі-ақ оралары анық» дейді өскемендік орнитолог, жазушы Борис Щербаков.

Оның айтуынша, 90-жылдары Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы В.Фил­­липовтың ұсынысымен Сібе ұлттық паркін құру баста­масы көтеріліпті. Алайда сол уақыт­­тағы елдегі елең-алаң жағ­­­­дайға байланысты игі бас­тама аяқсыз қалыпты. Табиғат ж­а­нашыры бұл істі қазір қайта қол­ға алуға болатын мез­гіл­дің келгенін жеткізді. Парк құ­рылса, біріншіден, өңірдің та­биғаты сақталады, екіншіден, сол маң­дағы ауылдар дамып, тұр­ғын­дары жұмыспен қамты­лады, үшіншіден, туристер келеді.

Бұдан түйетініміз, әзірге Шы­­ғыс Қазақстанда тек Катон­қарағайды мекендеп жүр­ген тау­текені өңірдің басқа да аудандарында өсіруге, сирек кез­десетін жануардың санын арт­тыруға мүмкіндік бар. Таутеке кел­се, қар барысы мен Алтай ұлары, бас­қа да аң-құс түрлері қайта пай­да болуы әбден мүмкін. Сон­дай жердің бірі – Көктау. Катон­қарағай мемлекеттік ұлттық та­биғи паркінің Жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымовтан «Ал­тайдың таутекесін Көктауға әкеп, жіберуге бола ма?» деп сұ­радық. «Бұл таудың таутеке үшін қолайлы әрі қауіпсіз бо­латындығын ғылыми түрде дәлел­десе жіберуге әбден бола­ды. Бұл, әрине оңай шаруа емес. Арнайы жоба әзірлеу керек, Үкі­мет қау­лысы қажет. Ең бас­тысы, бұл аумақ мемлекет қор­ғауында болуы керек», дейді ол.

Орайы келгенде айта кетейік, ғалымдар Қазақстанда ұя баспайды деп жүрген 25 құстың ұя басатынын дәлелдеп, «Марқакөл» қорығын құруға атсалысқан, Рид­дер қаласы маңындағы «Ба­тыс-Алтай» қорығын ашу баста­масын көтерген қарт орнитолог Борис Щербаков өңірдегі сирек кез­десетін аң-құстар мен өсім­дік түрлерін сақтау үшін Шы­ғыс Қазақстан аумағында әлі де бірнеше кешенді және зоо­ло­гиялық қорықшалар ашу қажет деп санайды. Оның пайымынша, Ертіс өзені бойында (Өскеменнен Шүлбі су қоймасына дейінгі аумақ) кешенді маусымдық қо­рықша, Батыс Алтай  (Дөңгелек шоқы (Круглая сопка) мен тау­лы Үлбі ауданы аумағы жә­не Иванов жотасындағы Гро­матуха шатқалы мен Аю соқ­пағы аралығында) екі кешенді қорықша, Оңтүстік Алтайда (Нарын мен Бұқтырма өзенде­рінің құйылар тұсы) зооло­гия­лық қорықша, Зайсан қа­зан­шұңқырында (Қара Бүй­рек, Ше­келмес шоқылары, Қиын Керіш, Ашутас табиғи ескерт­кіштері аумағы) кешенді қорықша, Ма­ңырақ жотасында (Тарбағатай зоологиялық қорықшасы аума­ғына жақын Толағай төбесі) қор­ғалатын аумақ, Сауыр жотасында (Обалы өзені жазығы, оның төменгі ағысы, Кендірлік өзені, оның Қалқа өзеніне құяр тө­менгі ағысы, Сайқан жота­сы­ның беткейлері аумағы) кешенді қо­­рықша, Алакөл ойпатында (Қаракөл өзенінің басталар тұсы мен Сасықкөлді Мың көл ме­кенімен қоса алғандағы аумақ) зоо­логиялық қорықша, Абай ауда­нында (Арқат тауы мен дала өзендері) кешенді қорықша және Қалба сілемдерінде (Сібе массиві және Айыртау тауы Сартымбет көлімен бірге) кешенді қорықша мен зоологиялық қорықша құру керек. Өйткені бұл аумақтарда жылдан-жылға құрып, жойылып бара жатқан, Қызыл кітапқа енген, аса сирек кездесетін, оның ішін­де тек біздің облысты ғана ме­­­кендейтін, яғни эндемикалық өсім­­діктер, аңдар мен құстар бар.

 

Түйін

Әрине орнитолог Борис Щер­баков ұсынған кешенді қорық­­шалар мен зоологиялық қо­рық­шаларды ашу оңай шаруа емес. Десек те, біз сөз еткен қа­сиетті жануар таутекені көздің қарашығындай сақтап, одан әрі көбейту үшін бірінші кезекте Сібе қорығы құрылса нұр үстіне нұр болары анық. Үкімет бұл мәселені назарға алады, тиісті шешім қабылдайды деп сенеміз.

 

Шығыс Қазақстан облысы

 

Суретте: Катонқарағайды мекен ететін таутеке