Экология • 10 Сәуір, 2020

Экология: нақты талдау оң шешім қабылдау кепілі

872 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу ісінде көптеген шара қабылдап, оны нақты іске асырғаны белгілі. Бұл сөзімізге еліміздегі Семей полигонының жабылуы, Арал теңізін сақтап қалу қадамдары, Каспий теңізін қорғау шараларын халықаралық ауқымда ынталандыру және басқа да жұмыстар дәлел бола алады.

Экология: нақты талдау оң шешім қабылдау кепілі

Салаға серпін беретін заң қажет

Қазақстан экология мен даму салаларындағы отызға жу­ық халықаралық конвен­ция мен хаттамаларды рати­фикациялаған. Соңғы кезең­дерде еліміздің Париж келісі­міне қосылуы, Парламент Се­­на­тының Ақпаратқа кіруі, ше­шімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мә­селелер бойынша сот әділ­ді­гіне қол жеткізу туралы кон­вен­ция­ға Ластауыштардың шы­­­ға­рындылары мен тасы­мал­дарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялауы Қазақстанның халықаралық экологиялық қауіпсіздік сала­сындағы үдеріске белсене қа­тысуын одан әрі арттыра түс­кені сөзсіз. Дегенмен, тиісті құжаттар қабылданса, сонымен мәселенің бәрі шешіле қалады деу қисынсыз…

Бүгінде мемлекет тара­пы­нан тиісті жұмыстар атқа­рылып жатқанымен, еліміздегі экологиялық жағдай өзінің мүшкіл халінен арылар емес. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің президенттік қызметіне кірісуіне арналған ұлықтау рәсімінде нақты тоқ­талып өткені белгілі. Президент сол сөзінде: «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін бере­тін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек», деген болатын.

Әрине экология, қоршаған ортаны қорғау саласындағы түйт­­кілдерді бірден шешіп тас­тау мүмкін емес. Бірақ қоғамды ма­залаған мәселелер қордалана түспеуі үшін кезең-кезеңмен нақ­ты шаралар қабылдап, оларды жүзеге асыруға заңнамалық тұр­ғыда жағдай жасау өте ма­ңызды.

Басқасын айтпағанда, бүгінде ел аумағындағы полигондарда 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жинақталған. Сондай-ақ тиісті министрлік тарапынан 2030 жылы елімізде ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өседі деп болжанып отыр. Бұл деректер елімізге тиімді шараларды қолға алу қажеттігін көрсетеді.

Қазіргі таңда Үкімет тарапынан жаңа Экологиялық кодекс әзірленгені белгілі. Халық бұл кодекстің уақыт сұранысына сай қолданысқа енетініне се­нім­мен қарайды. Бұл орайда Парламенттің жауапкершілігі айрықша екені даусыз.

Айта кетейік, жаңа Эколо­гиялық кодекстің басты қағи­дасы – ластаушы төлейді, лас­тау­шы қалпына келтіреді. Ко­дексте қоршаған ортаға зиянын тигізгені үшін айыппұл тө­ле­генше кәсіпорындарға жа­ңа тех­нологияларға қаражат са­лу­ға жағдай жасауды көздейді. Сондай-ақ кодекс жобасында ластаушы кәсіпорындар шы­­­­ғаратын зиянды заттар кө­лемін үнемі қадағалап оты­руға мүм­кіндік беретін авто­мат­тан­­дырылған платформа құру қа­растырылған.

 Ұсыныстар ескерілуге тиіс

Жалпы, табиғатты қорғау, экологиялық түйткілдерді ең­серу ісіне өзіндік кедергісін кел­­­тіріп отырған жайттарға тал­­дау жасау, олардың туындау се­бептерін анықтау өте қажет. Бұл бағытқа заңнамалық тұрғыда қолдау көрсету қалыптасқан ке­дергілерді жоюға мүмкіндік берер еді.

Бүгінде, басқасын былай қойғанда, экологиялық реттеу, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жеткілікті.

Осы жылдың ақпан-наурыз айларында Экология, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің комитеттері сала­дағы сыбайлас жемқорлық тәуе­келдеріне қатысты сыртқы талдау жүргізген-ді. Онда анық­талған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін 2 тармаққа бөліп қарастырған. Бұл тәуекелдер эко­логиялық заңнамаларды қол­дануды тексеруге және әкімшілік жауапкершілікке тарту кезінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты көрінеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі Пре­венция департаментінің басшысы Анар Жарованың айтуынша, бірінші тармақ бойынша, анықталған бұзушылықтарды жою және шығындарды өтеу жөнінде ұйғарым беруге нақты уақыттың болмауы сыбайлас жемқорлық үшін маңызды алғышарт болып табылады.

Мәселен, 2015 жылдың 21 шілдесінде Жамбыл облысының Экология департаменті эколо­гиялық заңнаманың сақталуына байланысты бір жеке кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның барысында пайдалы қаз­баларды (балшық) заңсыз өндіру фактісін анықтайды. Шы­ғын келтіру фактісі 2015 жылдың шіл­десінде белгілі болғанына қарамастан, әлгі жеке кәсіпкерге оны өтеу туралы талап 4 жылдан кейін, яғни 2019 жылдың тамызында қойылған. Екінші тармақ бойынша айтар болсақ, әкімшілік іс жүргізу аясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарында жазаның қосымша түрлерін қол­­дану немесе қолданбау мүм­кіндігімен байланысты дис­крециялық нормалардың болуына байланысты туындайды екен.

Мысалы, кодекстің 326-бабында экологиялық рұқсатта көрсе­тілген табиғатты пайда­лану шарттарын орындамау – эко­логиялық рұқсаттың қол­да­нысын уақытша тоқтату немесе оның болмауынан айыппұл салуға әкеліп соғады. Ұқсас нор­­малар Әкімшілік құқық бұ­зу­шылық туралы кодекстің бас­қа баптарында бар (мысалы, ко­декстің 333-бабы (2-бөлігі), 399, 464).

Бізге белгілі болып отыр­ғандай, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі сала­сындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері негізінен орман қо­рын, балық ресурстарын қор­ғау, аңшылық субъектілердің инс­пекциялық қызметі бағы­тындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырумен байланысты.

Орман шаруашылығы сала­сындағы бақылау өкілеттіктері мен жалақының төмендігі заңсыз әрекеттер жасауға мүмкіндік туғызбай қоймайды. Сондай-ақ ор­ман алаптарының қашықтығы да сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын объективті фак­тордың бірі. Бұл қоғам тарапынан тиісті бақылаудың бол­мауына және осы саладағы қыл­мыстардың жасырын қалуына әкеліп соғады.

Балық ресурстарын қор­ғау жөніндегі бақылау-инс­пек­­циялық қызметте құ­қық бұзу­шылық құралын тәркілеу рә­сімі реттелмеген, соған бай­ла­нысты бұл процесс тексе­ру­­шінің қалауы бойынша жү­реді, бұл дискреция болып табылады. Тексерушілерде бей­нетіркеуіштердің, қатаң есеп бланкілерінің (әкімшілік хатта­малардың) және әкімшілік рәсімдерді электронды форматта жүргізу мүмкіндігінің болмауы жағдайды күрделендіре түседі. Аңшылық шаруашылығы субъектілерінің бақылау-инс­пекциялық қызметінде бұрын берілген ұйғарымның орындалуын тексеру бойынша жоспардан тыс іс-шаралар жүргізу тәртібі реттелмеген.

Әрине мұның барлығы эко­ло­гиялық мәселелерді оңтай­лы шешуде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сонымен қатар басқа да түрлі кедер­гілерді жою бойынша нақты ұсыныстарды терең саралап, оларды заңнамалық құжаттарға енгізу қажеттігін айқындайды.

Қорыта айтқанда, еліміздің экологиялық саясатын тиімді жүргізу үшін бірінші кезекте қолға алынған іс-шараларды өз деңгейінде атқаруға кері әсерін тигізетін барлық кедергілерге талдау жасалып, оны жою ісіне назар аударылуы тиіс.